УӘДЕ – ҚҰДАЙ СӨЗІ

Қазақта “аманатқа қиянат жасама” деген терең мағыналы тәмсіл бар. Ата-бабаларымыз уәдеге берік, сөзге мығым болған, екі сөйлемейтін асыл қасиетті берік ұстанған ғой. “Оқырманның жүрек сыры” айдарымен берілетін мақалаға арқау болғалы отырған 76 жастағы Әсия апамыздың оқиғасын ауыл үлкендерінен талай рет естіген едім. Өткен ғасырдың ауыр жылдарында қазақтың дәстүрін берік ұстанып, әкенің сөзін аттамаған бойжеткеннің әдебіне еріксіз сүйсінесің.

“Адамзат баласы заңның емес, салт-дәстүрдің “құлы” болған кезде бақытты өмір басталады” деген сөзді кімнің айтқаны есімде жоқ, әйтеуір, жадымда сақталып қалыпты. Расында да, солай. Біз – үлкенді ардақтаған, дәстүрім – дәулетім, ғұрпым – ғұмырым, салтым – санам деп өскен текті ұлттың ұрпағымыз. Бүгінгідей ұяттың құны арзандап, адамгершіліктің бағасы төмендеген кезде жұртшылыққа өнеге болсын деген ниетпен ол кісіні іздеп барып, әңгімесін тыңдап қайтқан едік.

Әсия БАЙҚУАНЫШҚЫЗЫ,

76 жаста:

– Сұрапыл жылдардың оты шарпымаған шаңырақты кездестіру қиын шығар. Әкем Байқуаныш екінші дүниежүзілік соғысқа аттанғанда мен анамның құрсағында қалыппын. Әке-шешесі, сүйген жары жылап-сықтап қан майданға шығарып салғанын ес білгеннен кейін анам айтып отыратын. Отбасындағы үлкен-кішінің бәрі жандарын шүберекке түйіп, Тәңірден күні-түні оның амандығын тілеген екен. Өйтпегенде ше, майдан даласынан келген “қара қағаз” қаншама адамды төбесінен жай түскендей есеңгіретіп, жүректерді жаралап, көңілдерді шерге толтырып, жанарларға жас ұялатты.

Әкем майдан даласында жерлесі Уәлимен танысады. Екеуі жөн сұраса келе, ежелден елі аралас, қойы қоралас көрші Майбалық пен Октябрь ауылдарынан болып шығады. Оның да шаңырақ көтергеніне аз ғана уақыт өтіпті. Жас жігіттің тілекшісі – қарт ата-анасы, сүйікті жары, құрсақтағы баласы, ағайын-туысы, ел-жұрты. Тар жол, тайғақ кешіп жүрген екі азамат бір окопта қатар жатып, бір үзім нанды бөлісіп жейді. Қолдары қалт ете қалғанда аман-есен үйге оралып, туған-туыспен қауышуды армандайды екен. Осылайша, қиын-қыстау сәтте жұптары жазылмаған олар аз ғана уақыттың ішінде адал дос, айнымас серікке айналады. От пен оқтың ортасында жүрген екеуінің де жол тосып қалған зайыптары бар әрі олар екіқабат. Жан алысып, жан берісіп жатқан майдан даласында екеуі бір күні сөз байласады. “Біріміз ұл, біріміз қыз сүйсек, құда болайық”, – деп қол алысыпты. “Уәде – Құдайдың сөзі”. Бірақ кейін екеуі екі жаққа кетеді. Сөйтіп, бір-бірінен көз жазып, хабарсыз қалады.

“Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі” дегендей, әкеме туған елдің дәм-тұзы бұйырып, аман-есен оралады. Мен аяғымды тәй-тәй басып, былдырлап жүрген кезімде асқар тауым үйге келіп, шаңырағымыздың шаттығы еселене түсіпті. Ата-әжемнің, анамның қуанышы қойнына сыймай, кебеженің түбіндегіні қазанға салып, бүкіл ауылды біздің үйге жинағанын үлкендер әңгімелеп отыратын. Сұрапыл жылдардан кейінгі жоқшылық, ауыр тұрмыс тұрғындардың еңсесін езді деп айта алмаймын. Ең бастысы, ел-жұрт қанды қырғынның аяқталғанына балаша мәз. Ал соғыс даласынан оралмағандардың жақындары жол тосып, екі көзі төрт болып күтіп жүр. Ол бір ауыр шақ еді ғой. Қара қағаз алғандардың да ертеңгі күнге үміті сөніп, фашистерге лағынет айтқанын өсе келе үйдегі шешем мен жеңгемнің сөздерінен көңіліме түйдім.

Күнделікті күйбің тірліктен бас ала алмады ма екен, әкем досы Уәли туралы үйдегілерге жақ ашпаса да, көңіл түкпірінде майдангердің есімін сақтап жүрді деп ойлаймын.

Ол кісі келе сала еңбек майданына араласып кетті. Жаз болса арбамен, қыстыгүндері шанамен аудан орталығы мен ауылдың ортасында ұн үктіріп, тұрғындардың жоғын түгендейтін. Сондай күндердің бірінде түнделетіп Майбалық ауылына жетеді. Шанаға жегілген аты да болдырса керек, өзі де қақаған қыстың аязына тоңған шығар, ауыл иттерін шуылдатып, білте шамның жарығы көрінген үйге тоқтап, есігін қағады. Ол кезде құдайы қонақты халқымыз қуана қарсы алатын. Әкем ат басын тіреген шаңырақтың төрінде отырған кемпір-шал келіндеріне түнделетіп жүрген мейманға тездетіп шай қоюды бұйырады. Шиеттей бала беймезгіл жүрген кім екен бұл дегендей көрпенің астынан сығалап, бейтаныс адамға тосырқай қарайды.

“Жылқы кісінескенше, адам шүйіркелескенше” дегендей, қара кемпір де жүрегі бір жақсылықты сезгендей үстіне жүк жиналған қара сандықты ашып, бала-шағасына татырмай, ұятты қонаққа сақтап жүрген қант-кәмпит пен тұщы құртты дастарқанға қойып, бауырсақ пен сары майды да қонақтың алдына тосып, құрақ ұшып жүр. Келініне сүт қатқан шайды қоюырақ құй деп бұйырып қояды.

Шалымен әңгімесі жарасқан жігіттің үстіндегі шинеліне қарап, жауынгер екенін топшыласа керек, шыдай алмай сөзге араласыпты:

– Қарғам, түріңе қарасам, қанды қырғыннан оралмаған баламмен жасың шамалас секілді. Бауыр еті баласы соғыстан аман-есен келген әке-шешенің арманы бар ма? Менің Уәлиімнің сүйегі майдан даласында қалды, – деп иегі кемсеңдеп кетті.

– Апа, Уәли дейсіз бе, – деп әкем өз құлағына өзі сенбей қайта сұрайды.

– Иә, ұлдарым – Уәли де, Жабақ та, Нұрғали да майданнан оралмады. Соңынан зар еңіреп біз қалдық, – деді қарт ана жаулығының шетімен көз жасын сүртіп жатып.

Осы сәтте әкемнің есіне майдангер досы Уәли түседі. Өмірдің қиын-қыстау сәтінде сонау Украина жерінде қол алысып, сөз байласқан жауынгердің аруағының алдында өзін кінәлі сезініп, екі көзімен жер шұқығанын кейін үйдегілерге айтып берген екен.

– Қан майданның бел ортасында Уәлимен жұбымыз жазылмай бірге жүрдік. Бірақ одан көз жазып қалдым. Елге оралған соң оны іздеп келуім керек еді. Айыпқа бұйырмаңыз, ақсақал. Сіздердің алдарыңыздағы кінәмді қалай жуарымды білмей отырмын, осы күнге дейін іздеп келмегенім ағаттық болды. Тірі болса, бір кездесерміз деп жүруші едім. Қайран досым, оралмаған екен-ау, – деп әкем сөзін аяқтар-аяқтамастан қарт ана зар еңіреп, жылап жіберіпті. Сол сәтте жас келіннің де зарыға күткен жұбайына деген іштегі сағынышы екі жанарынан моншақтап тамған екен.

Сөйтіп, қаралы шаңырақ балалары тіріліп келгендей сол күні әкемнің әңгімесін бозамық таң білінгенше көз ілмей отырып тыңдапты. Әңгіме үстінде Уәлидің жары ұл туғанын естиді, ал өзінің қызды болғанын айтады. Осылайша, ақсақалға екеуінің тар жерде құда болуға сөз байласып, уағдаласқанын жеткізеді. Мұны естігенде олардың тіпті жаны қалмай, әкеме сый-құрмет көрсетіп, екі-үш күн қонақ қылады.

Әкем үйге оралғаннан кейін бүкіл отбасын дастарқан басына жинап, болған оқиғаны баяндап береді. Мен әлі ойын баласымын, үлкендердің әңгімесінде шаруам жоқ. Анам жұбайының сөзінен аса алмайды. Ал отбасының қариялары – қазақтың дәстүріне сай “Ант бұзған оңбайды, салт бұзған сорлайды” деген қағиданы берік ұстанған жандар. Сондықтан әкем “Ердің екі сөйлегені өлгені, еменнің иілгені сынғаны”, – деп бұл әңгіменің нүктесін қояды.

“Уақыттан асқан билік жоқ,

Уақыттан озған жүйрік жоқ” дегендей, зымыраған күндерді қуып, күйбің тірліктің жетегінде алаңсыз жүріп жаттым. Жеңгелерім орайы келгенде атастырып қойған жігітімнің барын құлағыма құйып жүретін. Бұл оқиғадан бүкіл ауыл хабардар еді. Сондықтан да шығар сөз салып, қырындаған жігіттер болған жоқ. Болашақ құдалар әрі-бері өткенде хал сұрасып, араласып-құраласып жүрді.

Өмірдің күңгейі мен көлеңкесі алма-кезек ауысып отырады емес пе?! Үйдің үлкені, ағам Қабдуәлидің өкпесіне суық тиіп, ауырып қалды. Оған жазылмас дерт жабысқанын түсінген әке-шешем қатты қайғырды. Ақыры бойға кірген ауруды жеңе алмай тұңғыш ұлдары небәрі 27 жасында бұл дүниемен қоштасып, мәңгілік сапарға аттанды. Бұдан кейін әкешімнің қайғысы қалыңдап, уайымы тіпті күшейді. Жатса да, тұрса да “уһілеп”, күннен-күнге жүдеді. Сол күндердің бірінде мені жанына шақырып алып, сөз бастады:

– Қызым, сен ақылдысың ғой, сөзімді жерге тастамайтыныңды білемін. Анаң мен жеңгелерің де айтқан шығар, менің соғыстағы досым Уәлиге берген уәдем бар. Күннен-күнге жағдайымның ауырлап бара жатқанын өзің де көріп отырсың. Сондықтан көзім тіріде сені құтты орныңа қондырғым келеді, – деді. Ата-ананың айтқаны – заң. Олардың сөзінен асып кете алмаймын. Сөйтіп, әкем болашақ құдаларына да хабар берсе керек, уақыт оздырмай ол жақтан бір топ адам сау ете түсті. Үлкендер құдалық жайын сөйлесіп, той күнін белгілеп қайтты. Осы күннен бастап жеңгем мені болашақ өмірге дайындай бастады. Қолымнан ине-жібім түспейді. Тоқыма тоқу, іс тігудің қырсырын үйрендім, арасында үй шаруасына қолғабыс тигізіп, келін болудың әдебін меңгердім.

Қыз – жат жұрттық, сондықтан уақыты жеткенде өскен орта, ұшқан ұямен қоштасамыз. Ол кезде ата-анаңа, аға-жеңгеңе, ел-жұртқа арнап сыңсу айтатын едік. Арада қаншама жылдар өтсе де, есімде бір-екі шумақ қалыпты:

“Ағаштан салған үй болар,

Отырып-тұру сын болар.

Қайран менің жан анам,

Енді сіздей кім болар”.

Ал жеңгеме мынадай өлең жолдарын арнадым:

“Шашыма таққан теңгем-ай,

Тетелес өскен жеңгем-ай.

Еркелеуші едім өзіңе,

Ерегім деп, елден-ай”.

Сөйтіп, әкемнің қалауымен Серікке ұзатылып кете бардым. Екеуіміз елу жылға жуық тату-тәтті ғұмыр кештік. Екі ұл, бес қыз өсіріп, жұрт қатарлы еңбек еттік. Шаңырағымның иесі небәрі 64 жасында өмірден озды, оның ғұмыр жасының қысқа болғаны жүрегіме ауыр тигенімен, артында қалған балаларымның амандығын тілеп, осы күніме шүкіршілік айтамын.

Бүгінгі күні ойлап отырсам, әкемнің жетім жігіт теңің емес деп айнып түсуіне де болады екен ғой. Ата-ананың, аға-жеңгелерінің ортасында бұлаңдап өскен жалғыз қызын жесір әйелдің, кәрі кемпір-шалдың баласына еш ойланбастан ұзатып жіберді. Бірауыз сөз үшін осындай қадамға бару әркімнің қолынан келе бермейтін шығар?! Ал әкем досының аманатына қиянат жасағысы келмеген болар. Ол кісі адамгершілік секілді ізгі қасиеттің үлгісін көрсетіп, ер жігітке тән намыстың өнегесін кейінгілерге аманаттап кетті.

“Ұят болады” мен “обал боладыны” кішкентайымыздан санамызға сіңіріп, ұлттық мінез-болмысымызды сақтап қалуға ата-анамыз зор еңбек сіңіргеніне менің тағдырым арқылы оқырмандар көз жеткізе алды деп ойлаймын. Бүгінгі жастар салт-дәстүрге мойынсынбағаннан кейін неше түрлі көргенсіздікке бой алдырып, жаман қылықтарға үйір болып жүр. Сондықтан менің бүгінгі қыздарымызға айтар ақылым – ардан аттамаңдар, ұяттан безбеңдер. Сонда ғана өмірлерің шуақты, шырайлы болады.

Дайындаған

Айгүл ЫСҚАҚОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: Әсия және Серік Уәлиевтер.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика