ҚАЙСАР МІНЕЗ

1980 жыл болатын. К.Ушинский атындағы пединституттың тарих факультеті. Үшінші курс студенттері бірінен кейін бірі кіріп, курстық жұмыстарын қорғап шығып жатқан. Күндіз мұрағат құжаттарын ақтарып, түнімен соны жазып, сәл шаршаңқырағанымен, Ермек Бәкенов те сынақтан сүрінбей өтетініне сенімді еді. Ойында ештеңе жоқ жазғанын үстелге қойды да, алдыңғы партаға барып жайғасты.

Алайда, бұл курстық жұмыс жас тарихшының басына бәле болып жабысты. Тіпті, оқудан шығып қала жаздады. Бар жазығы – таңдап алған тақырыбы. Тарихын ұмытқан ұрпақ – тамыры кесілген терекпен тең. Ауыл ақсақалдары үнемі айтып отыратын осы тіркес миына әбден сіңіп қалған ғой. Қазақстан – одақ құрамындағы 15 мемлекеттің бірі, ал қазақ халқы жеке ұлт бола тұра оның толыққанды тарихының болмауы мүмкін емес еді. Тарих жоқ емес, бар ғой, бірақ пышақтың қырындай ғана жұп-жұқа кітапша. Ұлы тұлғалардың тізімі Абаймен басталып, Шоқанмен аяқталады. Осы олқылықты толтырсам деген жастық жалынмен “Қазақ хандығының құрылуы” деген тақырыпта курстық жұмыс жазған, ал онысы ескіні аңсаушылық, өркениет көшінен қалғандық, студенттер арасында жікшілдік тудыру деп бағаланыпты.

– Мені оқудан шығармай алып қалған адам факультет деканы Жаслан Нұрпейісов деген азамат болатын. Бірақ шаң басқан мұрағатты ақтарып, түнгі ұйқымды төрт бөліп жазып әкелген еңбегімді жыртып тастады. Басқа тақырып берді. Осылайша, тарихшы болу, қазақ тарихын зерттеп, оқушыларға үйретсем деген көңілім су сепкендей басылды. Осы оқиға кейінгі өміріме де салқынын тигізген сыңайлы. Жалпы, сол кезде тарих факультетіне ғалым немесе мұғалім болғысы келетіндерді алмайтын. Негізінен, болашақ партия қызметкерлері, идеологтар даярланатын. Амалсыздан мен де біраз уақыт осы жолда жүріп қалдым, – дейді студенттік шақты көз алдынан өткізген Ермек Шегірұлы.

Ерекеңмен Қызылжардағы үш ғасырдың куәсі болған көне ғимараттың жанында танысқандығымыздың өзі бекер емес шығар. Күнделікті көріп жүрген Жамбыл көшесінің бойындағы сырты жасыл түске боялған “Нұр” мешітінің осыдан 130 жыл бұрын салынғанын да алғаш осы кісінің аузынан естіппін. Бұрынғының батырлары сегіз қырлы, бір сырлы келген ғой. Ержүректігі өз алдына, өнері мен сөзге шешендігі ел алдында абыройын асырған. Ермек Шегірұлының алып тұлғасы мен мағыналы әңгімелері маған қазақтың батырларын елестетті. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын тақуалығы да бұрынғының бір ерекше көрінісіндей.

Біреу жақсы сөз, тұшымды ой айтса, қағазға түртіп алатын, мүмкіндік болып жатса, сұрақ қоятын журналиске тән қасиетіме басып, әз-кем әңгімелестік. Кейін өзі жазған әдістемелік оқулықтарын ала келіп, кеңірек сұхбаттасатын болып тарқасқанбыз. Алайда, адамның басы Алланың добы екенін ұмытыппыз. Сап-сау жүрген азамат күтпеген жерден аурухана төрінен бірақ шықты. Қан қысымы көтеріліп кеткен екен. Ермек Шегірұлының қайсарлығы осы жерде тағы байқалды. Ауыр науқаспен айлап күресіп, ақыры құлантаза айықпаса да, аяғынан тұрды.

Берілген уәде орындалуымен құнды. Тарихшымен сұхбаттасу үшін сенбінің таңында үйінің есігін қақтым. Ағамыз жұмыс бөлмесіндегі компьютердің басында отыр екен. Амандық-саулық сұрасқан соң негізгі жұмысымызға ауыстық. Менің білгім келгені әскери оқу орнындағы тарих пәнінің оқытылуы еді. Әңгімені әріректен бастады. Мен ізеттілік сақтап, сөзін бөлмедім. Балалық шағы Түмен облысында нағашыларының арасында өткен ол Қызылжарға оқуын бітірген соң ғана келген. Мектептен кейін екі жыл құрылыс саласында еңбек етіп, артынша әскерге аттанады.

Атақты археолог атанып, көне қалалардың орнын қазсам деген балалық арманы уақыт өткен сайын бұлыңғырлана берді. Оның үстіне жергілікті институттың тарих факультетіне ауылдан шыққан қазақ балаларын аса ала қоймайтын. Екі топқа 50 студент қабылдаса, соның екі-үшеуі ғана қаракөздер еді. Дегенмен, факультеттің декандығына ғылым кандидаты Жаслан Нұрпейісов келген соң жағдай күрт өзгерген. Тіпті, оқуға қабылданатын балалардың тең жартысын өзіміздің ұландар құрағанда кез болған. Ермек Бәкенов те ұлтына жанашыр азаматтың шапағатын көрді, оны өзінің өмірлік ұстазы санайды.

Кеңес заманында оқу бітірген жастардың көбінің баратын бағыты белгілі еді ғой. Комсомол. Ермек Шегірұлы да осы ұйымда барын салып еңбек етіп жүрген, бір күні Алматыда жастар көтеріліске шығыпты деген әңгіме ду ете түсті. Жиналыстар көбейіп, демонстрацияға шыққан қазақтың ұлдары мен қыздарына “маскүнем”, “нашақор” деп айдар тағылып, қара күйе жағыла бастайды. Осындай жиындардың бірінде бойындағы буырқанған намыс оты дес бермей, орнынан атып тұрып, Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды қолдайтынын айтып салады. Сол-ақ екен, үздік мамандардың бірі екендігіне қарамастан, жұмыстан қуылды. Тәуелсіздік таңы атпағанда, оның қайтадан қызметке алынуы да екіталай еді.

Ермек Бәкеновтің кейінгі қызмет жолы Қызылжардағы әскери институтпен тікелей байланысты. Офицерлер даярлайтын өңіріміздегі жалғыз оқу орны ашылғаннан бастап, зейнетке шыққанға дейін сонда курсанттарға дәріс оқыды. Кезінде курстық жұмысын жыртып тастап, жазуға тыйым салынған қазақ тарихын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады. Отан қорғаушыларға көне замандардан бастап, екінші дүниежүзілік майданына дейінгі аралықтағы соғыстар мен соғыс өнерінің тарихын оқытты. Солардың ішінде қазақтың батырлары мен даңқты қолбасшыларының ерлігін жастардың бойына сіңіруге тырысты.

– Әскери институт ашылған жылдары жөнді оқулық та болмады. Қолымызда сыртқы мұқабасы әбден тозған жалғыз кітап – Бауыржан Момышұлының “Соғыс психологиясы” ғана. Кейін әскери салаға қатысты кітаптар мен оқулықтар көптеп шықты ғой, бірақ Баукеңнің жазғаны әлі күнге дейін ең құнды әрі негізгі әдебиет болып есептеледі. Бірде Мәскеудегі әскери академияға жолымыз түсті. Ондағы офицерлердің үстелінен Бауыржан Момышұлының кітабын көріп, қатты таңғалдық. Ал олар: “Это наша настольная книга”, – дейді. Кеудені мақтаныш сезімі кернеді. Кітап әбден тозыпты, сондықтан Қазақстанға келген соң үш-төртеуін поштамен салып жібердік, – дейді мақаламыздың кейіпкері.

“Отан үшін отқа түс, күймейсің!” деп ұран тастаған майдангер, қазақтың даңқты қолбасшысы Бауыржан Момышұлының соғыстағы корғаныс және шабуыл кезінде қолданған тактикалық тәсілдері, яғни “Бауыржан спиралі” Қазақстанда ғана емес, Куба, Никарагуа, Израиль, Польша, Венгрия, Чехия мен Словакия сияқты бірқатар шетелдердің әскери оқу орындарында тактика пәнінің оқулығы, жас сарбаздармен жұмыс жүргізуде тәрбие құралы есебінде пайдаланылады екен. Ермек Шегірұлы “Соғыс психологиясы” әрбір жауынгердің қойын кітапшасы болуы тиіс екенін айтады. Себебі, кітапта автор оперативтік соғыс өнері, тактиканың рөлі мен орны, ұрыстың қорғаныс және шабуыл ерекшеліктері, әскери айла қолдану, әскери тәртіп, патриоттық тәрбие, сарбаздарды, офицерлерді оқытып-үйрету мәселелерін кеңінен зерделейді.

Қызылжардағы әскери институттың құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Қазақстанның ғана емес, Тәжікстан мен Қырғызстанның Қарулы күштері үшін де сардарлар даярлануда. Ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұландар даярлайтын оқу орнындағы жаңалықтардан құлағдар Ермек Бәкенов жақындағы қайғылы оқиға жайлы да пікірін айтты. Ертең ел қорғаны болуы тиіс курсанттың өзінің қатардағы қаруласын пышақтап өлтіруі ешкімді бейжай қалдырмағаны анық. “Бұл тәрбиеде кеткен кемшін тұс. Ең бірінші кезекте отбасындағы тәрбиені айтып отырмын. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі”, – дейді ол.

2010 жылдан бері зейнет демалысында жүрсе де, оның қоғамдағы оқиғаларға құлағы түрік. Ол рухани жаңғыруға бет алған Қазақ елінің ұландары тарихи тамырымен жақынырақ табысуы қажеттігін айтады. Көне қалалардың орындарында аспан астындағы мұражайлар ашылып, шетелден туристер тартылса деген ойын білдірді. Мысалы, жабайы жылқы алғаш рет қазақ даласында қолға үйретілді, ал жемістердің төресі – алма біздің топырақтан нәр алып өскенін әлем ғалымдары мойындады. Енді бұл жаңалықтар сол күйінде қалып қоймай, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде танымдық құрал ретінде пайдаланылса игі. Ермек Шегірұлы қазір үйде қол қусырып, қарап отырған жоқ. “Жеті атасын білмеген – жетесіз”, – дейді қазақ, ол қазір ұрпағына арнап түп-тұқияннан өзіне дейінгі аралықты қамтитын үлкен шежіре жазу үстінде. Қайсар мінез иесімен “іске сәт” деп қоштастық.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.