БАЯН АУЫЛЫ

Жамбыл ауданында Баян деп аталатын ынтымағы жарасқан іргелі ауыл бар. Бұл қасиетті топырақтан талай тұлғалар қанат қағып, кейін еңбегімен елге танылды. Сәбит Мұқанов “Баян колхозы”, ал Иван Шухов “Кремлевская телеграмма” деп очерк-әңгіме арнаған елді мекен тарихын жергілікті жұрт жатқа білгенімен, өзгелер “Бұл қай Баянның құрметіне қойылған атау?” деп таңданыс білдіріп жататыны рас.

...Бұрынғы Баян колхозы орналасқан жер коллективтендіруге дейін Мықтыбай, Шағырай, Дүйсе, Жәдігер аталатын төрт ауылдың жайлауы еді. Ол кезде қазақтар ауыл-ауылға бөлініп, қыс болса “кіндік кескен жерім, атамекенім” деп әр ағаштың бауырын қыстаса, жаз шыға жайлауға көшетін. Қазан революциясының жеңісінен кейін де 11 жыл бойы қазақ ауылдары жайлауға көшіп жүрді. Тек ауыл шаруашылығын коллективтендіру жылдарынан кейін отырықшылыққа бейімделе бастады.

Ұсақ ауылдарды коллективтік ірі шаруашылыққа біріктіріп, отырықшыландыру оңай болмады. Бұл үшін ел арасында көптеген түсінік, байларға қарсы күрес жұмыстарын жүргізу қажет болды. Мұндай жұмыстарды колхоз құрылысының ардагерлері, белсенділер жүргізді. Мұраталы Балта, Жанқара, Божбан ауылдарына Ғайсаұлы Айтбай мен Сибанбайдың Балғожасы жіберілді. Қантайдың 40 үй Кент Байсал ауылдарына Уақпан Тәжин мен Кәжікен Жексенбаев барды. Ал Наурызбай Бөкішев пен Исабай Калин Мықтыбай, Шағырай, Дүйсе, Жәдігер ауылдарына жіберілген болатын. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан Ақбұзау Жайлаубаев пен Қажахмет Еркалин 40 үй Қантайдың Әжімбай-Бәжі ауылына аттанды. Олар келген Қантай руының 40 үйі отыз жыл болыс болған Малдықұлдың Сүлеймені деген байдың ашса алақанында, жұмса жұдырығында болатын. Ақбұзау мен Қажахметтің ауылға келіп, артельге бірігу жөнінде үгіт жүргізіп жатқанын Сүлеймен естіпті. Ол екеуіне өзі келіп:

– Көшерім де, қонарым да жоқ. Атақонысымды, қарашаңырағымды жығып ешқайда кете алмаймын. Мен деген Әжімбай, Бәжі болса, бірі де бұл жерден адым аттап шықпайды, – деп ашық айтады да, жасырын басқа да әрекеттерін жүргізе берді.

Ақбұзау әрі әнші, әрі домбырашы, ержүрек өткір кісі болатын. Ол көкірегіндегі сөзін ірікпей айтатын еді. Сол әдетімен Сүлейменге:

– Отыз жыл болыс болып, кедейлердің маңдай тер, табанақы, адал еңбегін сүліктей сорғаның да жетер, енді ел болғалы, қоныс салғалы отырған игі тілекке зияныңды тигізбе! Арыстандай ақыратын сенің күнің өткен, заман кедейлердікі, – деп бетке айтады.

Сүлеймен қанша қарсыласқанымен, ауылдың кедей шаруалары бірнеше күннен кейін колхоздың қауымына келді. Басқа белсенділер барған ауылдарда да Атамбайдың Қазыбегі, Тәттімбектің Оспаны, Боқтыбайдың Құбышы сияқты атқамінерлер болатын. Елді осылардың ықпалынан жұлып алу оларға да күшке түсті. Үлкен қиыншылықтармен алыса отырып, жоғарыда аты аталған белсенділер осы сапарларында 150-дей шаңырақты колхозға біріктірген. Колхоз Маса көлінің жағасына салынатын болып белгіленеді.

1929 жылдың жазында колхоз қоныстанатын жерге Нұрғожаның Абдрахманы, Бөкіштің Наурызбайы, Тәжінің Есмақаны, Бидәлінің Әбілғазысы, Аймырзаның Шөкені және басқалары бірінші болып көшіп келді. Осы араға күзге дейін Балтадан 35, Қантайдан 75, Мықтыбайдан 35 үй қоныс салып, колхозға ұйымдасты. Байлардың, би-болыстардың зорлық-зомбылығынан бостандық алған кедей шаруалар өздері көтерген шаңырақтың атын “Бірлік” деп қойды.

Коллективтендірудің алғашқы жылдары қызық еді. Байлардың құйыршықтары сауатсыз шаруалар ортасында арандату әрекеттерін жүргізіп, ақыры бір жылдың ішінде жаңа құрылған колхоздың ыдырауына әкеп соқтырды. Сонда колхоздың қазығын ұстап он бес үй қара шаруалар қалған. Бірақ колхоз белсенділері қолға алған істерін ілгері жалғастырды. Колхоз ыдырағаннан кейінгі алғашқы жиналыста ұжымның басқармасы Қажахмет Еркалин жиналғандарға жағдайды баяндап, шаруашылықты қалай ұйымдастыру жөнінде пікір айтуларын өтінеді. Бірінші болып Исабай Калин сөз алады.

– Жасымнан орыс арасында мал бағып өстім. Өткен күнім – жалшылық пен жоқшылық куәсі. “Бедному пожар не страшен”, – дейді орыстар. Сол сияқты, біздің жоғалтқан еш нәрсеміз жоқ. Кеткен байсымақтардың көзі ақсын, жоғалсын сол күйі. Қайта арамыз тазарды. Аздап мал, ептеп тұқым бар. Конфискеленген байлардан қалған соқалар мен бораналарды жөндеп, көктемгі егіске қамданайық, – дейді ол. Оның бұл сөзін басқалар да қостады. Кедей шаруалар сондай қайратты білекпен құрсанып, жаңа өмір жалауын түсірмеске серт байласқандай еді. Олар шаруа жайын білгірлікпен сөз етіп, өз ойларын ортаға салды.

– Колхоздың атын “Бірлік” қойғанымыз дұрыс еді, бірақ байлардың қырсығынан бүлікпен тынды. Ендігі менің ұсынысым: колхоздың атын “Баян” деп атайық, – дейді сөз алған Қажымұрат Үмітбаев. – Анамыз Баян – Қантай атамыздың бәйбішесі. Сол анадан тараған біз бүгін теңдік алып, сол байдың жерінде жаңа өмір орнатып жатырмыз. Баян деген сөз, біріншіден, ертеде өткен анамызды еске салса, екіншіден, бұрынғыдан да баянды бірліктің жалғасы болады.

– Дұрыс-ақ.

– Бұл ұсынысқа қосыламыз, – десіп кедейлер қауымы оны көп болып құптады. Міне, осылай, “Баян” колхозы дүниеге келіп еді. Сонымен шағын ғана колхоз өмірі қайнап жүре берді.

Ұлы жазушы, жерлесіміз Сәбит Мұқанов 1952 жылы біздің өңірде болып, “Баян колхозы” деген атақты қолжазбасын жазып, Сексенбай Тұралин, Қажымұрат Үмітбаев, Исабай Калин, Қалы, Хакім Иманов сияқты сыйлы да асыл азаматтар жайында сыр шертеді. Ауыл экономикасына, мәдениетіне ризашылық сезіммен құмарлана жазады. “Бұл артельдің аты “Баян”, – дейді Қалы, – осы дөңнің де аты Баян еді де, қазақтың “Баян”, “Баянды болсын” деген сөздері жақсы сөздер ғой. Жақсы тілеумен ұйымдасқан соң, артеліміз баянды болсын деп, атын “Баян” қойып ек те”.

Сәбең қолжазбасында ел атауына осылайша түсінік берілсе, Баян ауылының азаматтары да аманатты ақтай білді. Айнала қалың ағаш қоршаған бұл ауыл қашан жақын келгенше көріне қоймайды. Облыс орталығы мен темір жол торабы да одан қашық. Аудан орталығынан 50 шақырым қашықтықта тұрады...

Таңат СҮГІРБАЕВ,

“Асыл мұра” орталығының жетекшісі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.