АЛТЫН ЖҮРЕК

Бала жүрегіне ақылмен жол таба білген асыл аналардың әрқайсысының орны ерекше. Ал енді өз балаларымен қатар, қатал тағдырдың жазуымен тумай жатып тастанды атанған бөбектерді бауырына басып, мейіріміне бөлей білген жомарт жандар ерекше құрметке лайық екені сөзсіз. Осындай өзгеше, тіпті, аңыз адамдардың бірі емес, бірегейі болып табылатын Қазақстандағы ең көпбалалы ана, жерлесіміз – Тұяқ Есқожина. Дарқан жүрек ана он жеті жылда жеті жүздей баланы бауырына басқан. Қиындыққа құрыштай шыныға білген Тұяқ апаның еңбегі еш кеткен жоқ. Оның бірінші дәлелі – бүгінде өсіп-өнген ұл-қыздары болса, екіншісі – кеудесіндегі санасаң саусақ жетпейтін орден, медаль, төсбелгілері.

Есіл ауданындағы Ақтас ауылының тумасы Тұяқ Қаскенқызы қазір Алматы қаласында тұрады. Жақында туған еліне қонаққа келген көпбалалы анамен кездесіп, оның өмір жолы туралы біраз әңгіме-дүкен құрудың сәті түсті.

– Менің азан шақыртып қойған есімім – Күлзия. Бірақ ауылдағы Балқай деген кісі ата-анамның көптен күткен, әрі жалғыз қызы болғандықтан, есімімді Тұяқ деп өзгертіп жіберген, – дейді Тұяқ Қаскенқызы.

Өмір жолы ақ пен қарадан тұрады емес пе? Бірде төбең көкке жеткендей қуансаң, келесіде өкініштен өзегің өртеніп кетердей болады. Міне, Тұяқ апаның анасы да сәбиін бауырына басқанда өзін өмірдегі ең бақытты жан санаса, арада бар-жоғы он күн өткенде жан-жарының соғыста қайтыс болғанын естіп, қайғыдан қабырғасы қайысады. Осылайша, өмірге жаңа келген сәби шынымен де, әкесінің артында жалғыз Тұяқ болып қалады.

Отағасы өмірден өткенде Тұяқ апаның анасы он жеті жаста болған. Қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген анасы 14 жылдан кейін тұрмысқа шығады. Тұяқ апай болса, арманның жетегінде ауылдан Петропавл қаласына оқуға аттанады.

Бала кезінен қиыншылықты көп көріп, еңбекпен есейген бойжеткен педагогикалық училищеге түсіп, алғырлығы арқасында жақсы оқып, алғы шептен көріне біледі.

Бар-жоғы 13 жасында ауылдан қалаға келіп, оқуға түскен қайсар қыз 17 жасында ауылында еңбек жолын бірден директор болып бастайды.

Үш жыл бойы мектепте басшылық қызмет еткен соң, Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнында оқып жүргенде Тұяқ Қаскенқызы болашақ жұбайы – Әнуарбек Байсаринмен танысып, отбасын құрады. Бақыт кілті сыйластықта екенін ішкі жан дүниелерімен түсіне білген ерлі-зайыпты үш ұл бала тәрбиелеп, оларды қатарға қосады.

Тұяқ апа Білім министрлігінде қызмет етіп жүріп, жұмыс бабымен балалар үйіне жиі барып тұрған. Ананың ыстық алақанын, әкенің ықыласын сағына іздеген бөбектердің жаутаңдаған көздерін көргенде жүрегі езіліп, оларға қолдан келгенше көмек көрсетудің жолдарын ойластырады.

– Жұбайым Әнуарбек Сейітұлы Алматы қаласындағы Мемлекеттік жабдықтау мекемесінде қызмет атқаратын. Бір күні француздармен кездесуге баратын болды. Соған дайындық жасап жүргенде, қарасам аяқкиімінің өңі кетіпті. Содан екеуіміз Алматының көк базарына барып, жаңа аяқкиім сатып алмақ болдық.

Сөреде самсап тұрған неше түрлі аяқкиімге қарап тұрған кезде біреу етегімнен тартқандай болды. Бастапқыда мән бермедім. Сәлден соң, тағы тартқылап қоймады. “Бұл не, өзі? Менімен ойнап тұрған кім?” – деп дауысымды сәл көтеріп, бұрыла беріп едім, жеті-сегіз жастағы кішкентай қыз шошып кетті ме, жылап жіберді. Жұпыны киінген, қолында өзінен үлкен сөмкесі бар кішкентай ғана қызды көргенде өзім де сасып қалдым. “Айналайын, жыламашы, дауысым қатты шығып кетті ғой, қорықпа, ботақаным”, деп жұбаттым, – дейді кейуана базарда болған сол бір кездесуді есіне алып.

Көздерінен ыстық жас тамшылаған бейкүнә баланы жуындырып, киіндіріп, тамақтандырған Тұяқ апай оның не себепті мұндай жерде жалғыз жүргенін сұрайды. “Әкем арақ ішеді, анамды ұрып, ол ауруханаға түсті. Мен сіңліммен бірге мүгедек кемпірдің үйінде тұрып жатырмын. Тамақ ішетін ақшамыз жоқ”, – деді ол кемсеңдеп.

Қиындықтың азабын әбден тартқан шынашақтай ғана қыз күні бойы базар жағалап жүріп, тапқан тиын-тебеніне тамақ сатып алып, үйдегі сіңлісі мен мүгедек кемпірге апарып береді екен. Артылып жатса, ауруханадағы анасына да қарайласып жүрген. Адамның қабырғасын қайыстырар осындай оқиғаны естігенде Тұяқ апаның көзіне еріксіз ыстық жас үйіріледі.

– Айып етпеңіз, француздармен бір жолы кездеспесек, ештеңе етпес, барлық жұмысты кейінге шегеріп, мына баланың үйіне барып көрейікші, жағдайымен жақынырақ танысайық, бұлай тастап кетуге болмайды, – дейді ол көп ойланбастан отағасына.

Тұяқ апаның ондағы ойы қыздардың тұрмысын өз көзімен көріп, оларды біреудің әдейі пайдаланып ақша жинатып жүрмегеніне көз жеткізу болған. Осылайша, күдік пен үмітті арқалаған ерлі-зайыпты қыздардың үйлерін тауып барған сәттен-ақ оның айтқандарының бәрі шындық екеніне көздерін жеткізеді.

Аядай ғана үйдің бір бұрышында аяғы жоқ кемпірдің қасында “қарным ашты”, деп жылап отырған бес жасар қызды көргенде, Тұяқ апай жанын қоярға жер таппайды. Не ана күтімін көрмей, не тоя тамақ ішпей әбден шаршаған баланың көздеріне үңіліп, жан дүниесі елжіреп сала береді. Сол сәттен бастап оның мазасы қашып, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады.

– Жаңағы көрініс көз алдымнан кетпей қойды. Бір аптадан кейін жұбайыма: “Балалар үйін ашайық”, – деген ұсынысымды айттым. Ол өзі табиғатынан сабырлы кісі. Сондай мінезінен болар, “көрейік” деген бірауыз ғана сөз айтты, – дейді өміріндегі аса бір маңызды іске бастаған бірінші қадамын есіне алған Тұяқ апай.

Арада үш күн өткеннен кейін ерлі-зайыпты барлығын таразылап, балаларымен ақылдасып барып, қайырымды істі бірлесе отыра қолға алуды жөн санайды.

Қашанда жақсылық жасауға жақын тұратын отағасы өмірлік жарының ойын қолдап, бірден екі үйін сатады. Содан кейін Алматы облысындағы Талғар ауданында ауыл балаларына арналған, бірақ жабылып қалған мектеп-интернаттың бос ғимаратын сатып алады.

Үшқабатты ғимараттың сыртқы келбеті ғана болмаса, ішінде не сәкісі, не есіктері жоқ. Тіпті, терезесіне дейін алып кеткен. Сөйтіп, құр қаңқаны сатып алған олар: “Не де болса, тәуекел”, – деп қолдағы бар қаражатқа күрделі жөндеу жасайды.

Ниет болса, қалғанының жөні болады емес пе?! Айналасы бірер аптаның ішінде жөндеу жұмыстары аяқталып, “Балалар үйі” ашылады. Сол кезде Тұяқ апай апалы-сіңлілі қыздарды іздеп мүгедек жанның үйіне тағы барады. Бірақ, өкінішке қарай, оларды әкелері алып кеткен екен.

Адамдар өзге түгілі өзіне көмектесе алмай қиналған сонау тоқсаныншы жылдарда ашылған “Балалар үйі” әу баста елу орынға шақталған. Бірақ мұнда тұрып жатқандардың саны одан екі есе көп.

– Өз басым есігімді қаққан жетімді кеудесінен итерген емеспін. Мен ешқайдан бала іздемеймін, өздері әкеліп тастап кетеді. Көбісіне аты-жөндерін айтып кетеді. Аты-жөндерін білмейтін бір-екеуі болды, яғни сәбилерін еш дерексіз тастап кетеді кей безбүйрек ата-аналар. Соларға өз әкемнің атын бердім... Осы уақытқа дейін бұл отбасында қазақ, ұйғыр, эстон, кәріс, орыс, түрік, латыш балалары тәрбиеленуде. Қазір көбі есейіп, алды әке-ана атанды. Бір-бір мамандық алып, қалған кішкентайлары шаттықты шаңырақта қамсыз тірлік кешуде. Үйге мерекелерде немесе басқа уақыттарда болсын жиналып, келіп тұрады. Бұдан артық бақыт, қуаныш керек пе, адам баласына, – дейді қиын кездерді тағы бір ой елегінен өткізіп, бүгінгі күнге шүкіршілік айтқан Тұяқ апай.

Сегіз түрлі ұлт өкілінен 340 баланы тәрбиелеп шығарып, бүгінде одан бөлек үшінші толқынды қабылдап, оларды да бағып-қағып, оқытып, тәрбиелеп отырған Тұяқ апаның жүрегінің кеңдігіне қайран қалмайтын адам жоқ шығар, сірә. Ол, шынымен де, алтын жүректі ана.

Жетімдерді жылатпай, оларға қорған болып, қамқоршылық көрсетіп жүрген Тұяқ апа әр баласының тағдырын жатқа біледі. Оларды тізіп жаза берсе, бір кітаптың өзі жетпей қалары рас. Айта кету керек, қазыналы қария бүгінгі таңда өмір жолы жайында кітап жаза бастаған және ол бірнеше томнан тұрады деп жоспарланған. Олай болуы да жөн. Себебі, ол – жеті жүз баланың өміріне шуақ болып шашылып, олардың жүрегіне жылылық нәрін себе білген жомарт жан.

Алғашқы кезде балалар үйде оқыған. Кейін барлық мұғалімді жалақымен қамтамасыз ету қиындық туғызған соң оларды мемлекеттік мектепке жіберуді жөн санаған. Сөйтіп, көпбалалы ана бір күнде 95 баланы сапқа тұрғызып, мектепке алып барған.

– Балаларымның барлығы тәртіпті. Сабақтан бірін-бірі тосып, үлкені-кішісіне қарайлап, әрдайым көмектесіп жүреді. Бәрі топ болып, үйге келе жатқандарын көргенде, мерейім асып, бір қуанып қаламын. Бұл мен үшін Жаратқан иемнің берген ең үлкен сыны мен сыйы, – дейді көпбалалы ана.

1998 жылы құрылған “Нұр” қайырымдылық балалар үйінде тәрбиеленген 350 бала жоғары оқу орнының дипломын алған. Бүгінде 10 қыз магистратурада оқып жатса, тағы 100 бала жоғары оқу орнында білім алуда. Соңғы толқынмен келген қырық бала аналарының қолында. Білімді, білікті, өнерлі, мәдениетті ұл-қыздардың ішінде шетелге шығып, түрлі сайыстардан жүлделермен оралып жүргендері де аз емес. Оқуын тамамдағандар еңбекке араласып, ата-анасына қолдау көрсетуде. Мұның бәрі – Тұяқ апаның тәрбиесінің жемісі.

– Оқу оқимын, жұмыс істеймін деген әр баламның жағдайын жасауға қолдан келгенше септігімді тигізудемін. Қайырымды, мейірімді, иманды адамдардың істеп жатқан жақсылығына ризамыз. Талғар ауданының әкімі Райхан Садықова көп көмектеседі. Жыл сайын жан-жаққа хабарласып, кем дегенде 5-6 балама грант бөлгізеді. Осындай қайырымды іске көп болып қолдау көрсететін елімнен айналайын. Мен мұның бәрі балалардың жарқын болашағы үшін істеліп жатқан жұмыс деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда елімізде отбасы, ана мен бала мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Отбасы институтын нығайту үшін Елбасымыздың ұсынысымен осыдан бірнеше жыл бұрын “Мерейлі отбасы” ұлттық конкурсы жүйеге енгізілді. 2013 жылы байқауға отбасымызбен бірге қатысып, жеңіске қол жеткіздік. Елбасының ақ тілегін тыңдап, қолынан “темір тұлпардың” кілтін алдық. Балаларым Елбасымен болған сол кездесуді әлі күнге ерекше қуанышпен еске алып, айтып отырады. Түсіне білген адам үшін бұл да бір ғанибет емес пе?! – дейді Тұяқ Қаскенқызы.

Имандылықты ізгілік негізі деп санайтын Тұяқ апа балаларын, ең алдымен, адамгершілікке, адалдыққа, үлкенге ізетпен, кішіге қамқорлықпен қарауға тәрбиелеуді өзіне мақсат етіп қойған.

– Адам қайырымды, мейірімді болуы керек. Мен балаларыма үнемі осыны айтып отырамын. Жастарға да берер ақылым сол. Мен өзім жұмысбасты адаммын. Тәулігіне төрт сағат қана ұйықтаймын. Қалған уақытым толықтай бала тәрбиесіне арналады. Сондықтан шығар, туған ауылыма жиі келудің сәті түсе бермейді. Бірақ мені сағына тосып, құрметтейтін ағайын-туыстың барына ризамын. Бұл да – менің бір байлығым.

Қазақстан қажылары қауымдастығы облыстық филиалының төрайымы Сәлима қажы Балтабаеваға айтар алғысым шексіз. Екеуіміз де анамыз, екеуіміздің де ұстанымымыз бір. Сондықтан шығар, Қызылжардың киелі жеріне келіп түскен сәттен бастап менің қасымнан табылып, тәрбиелік мәні бар іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысты, – дейді Тұяқ апай.

Бүгінде мәуелі бәйтеректей саясына балаларын, немерелерін, жиендерін жинаған Тұяқ апа мен Әнуарбек атаның бақытында шек жоқ. Сонау тоқсаныншы жылдары “Балалар үйін ашамыз” деген ойын бірге қолдап, ата-анасынан көмектерін аямаған ұлдары Бақыт, Ержан, Азамат бүгінде үйленген. Кенжегүл, Света, Шолпан есімді келіндерінің мамандығы – мұғалім. “Абысын тату болса, ас көп” дегендей, өзара сыйластықтарымен көпке үлгі көрсете білген келіндер бір үйдің қызындай ата-енесімен бірге тұрады. Бар балаға тең қарап, олардың тәрбиесін қолдан шығармаған Тұяқ апа мен Әнуарбек ата осы уақытқа дейін жүз елу қызының жасауын жасап, қолдан ұзатқан. Бала тілеуін тілеген ата-ана жүз ұлды үйлендіріп, бүгінде немере-жиендерінің қызығына кенелуде.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Comments   

 
0 #1 дариға 2017-10-18 09:10
Қайырымдылықпен айналысатын осындай қайсар жандар туралы жиі жазып, көрсетіп тұру керек. Бұл жастарымыз үшін үлгі-өнеге боларлық іс. Өз баласымен қатар, жетімдерді де аналық мейіріміне бөлей білген Тұяқ апамыз шынымен де, Алтын жүректі ана. Даналыққа толы сөзімен, ақылымен әр баланың жүрегіне жол таба білген осындай қарапайым қазақ әйелдерінен айналайын. Жақсылықтың жаршысы бола білген осындай абзал жандар жайында басқаларға айта жүрудің өзі сауапты іс деп ойлаймын.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.