ОЙМАҚТЫНЫҢ ШЕБЕРІ

Күн санап өркен жайып келе жатқан тәуелсіз елімізде жұмыс іс-теймін деген ниеті бар адамға мың түрлі мамандықтың кез келгенін игеріп алуға болады. Заман талабына сай болуға ұмтылған нәзік жандардың бірі – Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылында тұратын ісмер, суретші-дизайнер Айгүл Әутәліпова.

Ұлттық қолөнерді насихаттап жүрген бесаспап кәсіпкер іс тігумен жиырма жыл бойы айналысып келеді. Тігіншіліктің қыр-сырын жақсы меңгеріп алған оймақтының шебері мемлекеттің қолдауына ие болып, биыл төменгі пайызбен бес жылға 1,5 миллион теңге несие алған. Кәсібін кеңейтуге ден қойған Айгүл Әутәліпованың шағын шеберханасы бар. Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарай білетін тігінші Астана қаласынан қымбат екі тігін машинкасын сатып әкелген.

– Мен бала кезімнен ине-жіпке жақынмын. Түрлі түсті мата көрсем болғаны, әйтеуір, шығармашылық шабытым оянып, тұрмысқа қажетті бір нәрселерді тіккім келіп тұрады. Осындай ынта-ықыласымның арқасында бүгінде біраз жетістікке қол жеткіздім. Аудан тұрғындарынан түсетін тапсырыс көп. Үлкен мен кішкентайлардың киімдерін, қыздың жасауын, төсек орындары сияқты қажетті деген нәрселердің барлығын тігемін, – дейді Айгүл Асылбекқызы.

Ою-өрнекпен көмкерілген қыздардың қос етек көйлектері, ұлдардың ұлттық киімдері шеберхананың шырайын келтіріп тұр. Қызыл, ақ, көк, сары түсті маталар көрген көздің жауын алып, адамның көңілін көтереді. Олардың әрқайсысынан ісмердің қолтаңбасын көруге болады. Жыл мезгілдеріне қарай және той-томалақтарға арнап тігілетін киімдердің бағасы да қалта көтерерліктей. Мәселен, сегіз-тоғыз жастағы қыз баланың ұлттық нақышта тігілген көйлегі үш мың теңге тұрса, ересек адамның сырт киімін қысқартуға тігінші бес жүз теңге ғана алады.

Көпшіліктің алғысын алып жүрген кәсіпкер – өз жұмысына жаңаша көзқараспен қарай білетін адам. Өйткені, ол тапсырыс берушілердің талғамы жоғары екенін жақсы түсінеді. Сондықтан да күнде ізденіс үстінде болу – еңбек адамының басты мақсаты.

– Мен шеберханаға келгендердің барлығына тең қарап, әрқайсысының тапсырысын ерекше жауапкершілікпен орындауға тырысамын. Елбасы халыққа арнаған Жолдауында тек еңбек қана барлық қазақстандықтардың әл-ауқатқа және жаңа өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алады деп айтты. Шындығында да, еңбек пен бақыт – егіз ұғым. Уақытпен санаспай жұмыс істеген адамның ғана тасы өрге домалайды. Сондықтан да сынықты сылтау етпей, қолдан келгенше еңбекке араласу – әр адамның міндеті, – дейді шеберхана иесі.

Айгүл Әутәліпова – шебер ісмер ғана емес, ол асыл жар, аяулы ана, инабатты келін. Отағасы Дулат екеуі қыздары Алина, ұлдары Дархан мен Тарланды мәпелеп отыр.

– Балалар – елдің жарқын болашағы. Ең бастысы, олар тәуелсіздік деген құнды қазынамыздың қадірін түсіне білулері керек. Егемен еліміздің жастары үшін заман талабына сай өнерлі де білімді болу керек. Олар – осыған сай болуға міндетті. Ата-ана ретінде біз де ұрпақ тәрбиесін қолдан шығармай, осы жолда өз үлесімізді қосып жүргенімізге қуаныштымыз, – дейді білім саласында қызмет етіп жүрген отағасы Дулат Әутәліпов.

Сыннан сүрінбей өткендер ғана биік белестерді бағындырып, көптің құрметіне бөлене алады. Біздің кейіпкеріміз – осындай асыл жандардың бірі. Шыдамдылық пен шығармашылықты қанат еткен Айгүл Асылбекқызы сияқты қарапайым, кішіпейіл қазақ әйелдерінен жастар жағы өнеге алса, нұр үстіне нұр болар еді.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.