ҚОЛДАУШЫСЫ БАРДЫҢ ТҰРМЫСЫ ТҮЗУ

Біздің бүгінгі әңгімеміз Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Нежинка ауылындағы игіліктердің ұйытқысы “Нежинка – Ерке” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұрат Жұмабеков жайында.

Алғаш кездескенімізде Мұрат Қабинұлы тығыз шаруамен аудан орталығына баратындығын білдіріп, өзінің жас та болса, жалын атып тұрған орынбасары Қуат Батықов пен ауылдық округтің әкімі Мағзұм Дүйселековтің мені бар жағдаймен толықтай таныстыратындығын білдірді. Негізгі жұмыстары егіншілік пен мал шаруашылығы болып саналатын серіктестік 14 жыл бұрын құрылған. Үстіміздегі жылы 10890 гектарға – бидай, 3083 гектарға – арпа, 373 гектарға – сұлы, 138 гектарға – қарақұмық, 359 гектарға – бұршақ, 2360 гектарға – зығыр, 1562 гектарға – жемшөп қоспасы, 396 гектарға судан және 1552 гектарға көпжылдық шөп егілген. Астықтың гектар берекелігі 16,6 центнерден айналыпты. Егін шаруашылығына қоса, серіктестікте 1710 қара-ала тұқымдас сиыр бар. Нежинка ауылының өзінде мал шаруашылығында ғана 80 адам жыл он екі ай үзбей жұмысқа тартылғанын айта кеткен жөн.

Серіктестік мал шаруашылығын дамытуға байланысты мемлекеттік қолдаудың шарапатын көріп келеді. 2014 жылмен салыстырғанда қолда бар малдың санын 37,1 пайызға көбейтуі – сол қолдаудың нақтылы нәтижесі. Бүгінде мал қораларының қажеттігінің туындауына байланысты жаңадан салынып жатқан 1290 шаршы метр көлеміндегі мал фермасының құрылысы кешікпей аяқталмақ. Сондай-ақ, 500 бас қара малға арналып салынатын тауарлы-сүт фермасының жобалық-сметалық құжаттары да дайын.

2015 жылы ауылда серіктестік мамандары мен жұмысшыларына арналып бір 4 бөлмелі, екі 2 бөлмелі және алты 1 бөлмелі үй салынған. 16 пәтерлік екі үйге және 8 пәтерлік бір үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, олар жұмысшылар мен зейнеткерлерге берілген. Ауыл тұрғындарына қосалқы шаруашылық ұстауға көмек ретінде 40 қора салынған. Ауылдағы 17 тұрғын үйдің шатырларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қоршалған. Күрделі жөндеуден өтіп, қажетті жиһаздар түгелдей қойылған екі қабатты үйден үш бөлмелі пәтер алу бақытына ие болғандардың бірі – фельдшерлік-акушерлік қосынның меңгерушісі Василиса Горбач. “Жолдасым машина-трактор шеберханасында слесарь болып істейді. Екеуіміздің отау құрғанымызға көп болған жоқ. Үйлену тойымызға жиһаздар да сыйланғандықтан, қажет еместерін қайтарып беруге тұра келді. Пәтеріміз өзімізге қатты ұнайды. Барлық жағынан қолайлы”, – дейді Василиса Горбач.

Ауыл тұрғындарының алаңсыз тұрмыстары үшін жасалынып жатқан қамқорлық жан-жақты екенін мынадан да көруге болады. Серіктестік басшысы олардың тұрмыстық және шаруашылық жағынан туындап жататын проблемаларын шешуді өз мойнына алған. Техника, құрылыс материалдары жағынан көмек ұдайы көрсетіледі. Мәселен, шөп, сабан, жемазық, көмір, отын қажетінше орталықтандырыла жеткізіліп беріледі. Картоп отырғызудың өзі көпшілік болып ұйымдастырыла атқарылады. Ауылда әр үйге су тартылып, көшелер жарықтандырылған. Жолдар да жүйелі түрде жөнделеді.

“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дегізетін жағдайлар аз емес. Ауылдың өз наубайханасы бар екен. Ауыл орталығындағы асхана жыл бойына жұмыс істейді. Серіктестіктегі инкубатордан жылына 23 мың балапан шығарылады. Серіктестікте еңбек ететіндерге жыл сайын 50 балапан тегін таратылады.

Шаруашылық басшысы Мұрат Жұмабековтың мұрындық болуымен салынған жылыжайды да тамашаладық. Оның құрылысына 140 мың дана шөлмек жұмсалған.

– Жылыжайда қызылша, қызанақ, бұрыш, баялды, аскөк, қауын мен қарбыз өсіріледі. Алынған өнім мектептің асханасына жіберіледі. Жеміс-көкөністердің көшеттерін тұрғындарға сатуды ұйымдастырамыз. Жылыжайда раушан гүлі өсіріледі. Оны бес мың түпке дейін жеткіземіз. Гүлдермен ауылымыздың орталығы, мектеп, балабақша аумақтарына қоса, мал фермаларының маңы да көркейтіледі. Жылыжайда пальма ағашы да өсіп тұрғанын көрген боларсыз, – дейді оның меңгерушісі Татьяна Савенкова.

Ауылдағы қоғамдық моншаның жұмысына да жұртшылық разы. Спорт кешенінде түрлі жарыстар дәстүрлі түрде өткізіліп жататындықтан, үйірмелердің жұмысы бір үзілмейді. Жаттығу залына, фитнес сыныбына және каратэ, шығыс жекпе-жегі үйірмелеріне келушілер де аз емес. Баскетбол, волейбол, шағын футбол, бильярд, одан әрі нарды, шахмат, дойбы ойнаймын деушілерге де әрдайым есік ашық.

2010 жылы шаруашылықтың күшімен трибунасы және жүгіру жолағы бар стадион салынған. Ауылдағы Мәдениет үйінің жұмысы да талапқа сай. Онда мерекелік концерттер өткізіліп, түрлі ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады. Олардың тартымды өтуіне шаруашылық еңбеккерлері мен ауыл тұрғындары, оқушылар белсене қатысады.

Шығармашылық үйі жұмыс істейді. Мұнда би, вокал, киім тігу, сурет салу, тіпті, өрмек тоқу үйірмелері бар. Барлығы – тегін. Балабақшаға не қажеттің бәрі серіктестіктің қаражатына алынған. Мектептің барлық оқушылары тегін тамақтанады. Келер жылы білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Осы жерде оқушылар ауыл іші бола тұрып мектепке автобуспен тасмалданатынын айтсам, бұған да біреудің таңданары сөзсіз. Бұл ауыл аудан орталығы – Новоишимкадан жиырма шақырымдай жерде орналасқанын білдірсек, мұндай озық шаруашылыққа әр жерден келімді-кетімді адамдар қатынап жататыны белгілі. Міне, осы мәселені ескерген серіктестік үстіміздегі жылы қонақүй салуды да қолға алған. Оған жолшыбай жол жүріп бара жатқан жолаушылардың да соғатыны анық.

Серіктестік аумағындағы екі бірдей “АН” ұшағын көріп те таңырқадық.

– Қажет кезде ұшақтарды егістік алқаптарын өңдеу жұмыстарына пайдаланамыз. Басқа уақытта олардың жұмыссыз тұрмауы үшін ауылымыздағы жастар мен оқушылардың парашют спортымен айналысуын бір жолға қойдық. Нәтижеміз жаман емес. Олардың арасында 75 рет парашютпен секіргендер де бар. Кез келген адамның жүрегі дауаламайтын осынау спорт түріне үйретуге нұсқаушыларды Көкшетаудан, Ресейден арнайы шақыртамыз. Спортшылар үшін қырық парашют сатып алынды. Жыл сайын парашют спорты жарысын Жеңіс күні өткізуді дәстүрге айналдырдық, – дейді серіктестік директорының орынбасары Қуат Қорғанбайұлы.

2001 жылдан серіктестіктің бас директоры Мұрат Қабинұлының жеке қолдауымен мұнда би фестивалі өткізіліп келеді. Оған ауданнан 900-ден астам жас қатысады. Фестивальдің жүлде қоры үш миллион теңгені құрайтыны көп нәрсені аңғартары сөзсіз.

Мұны да мектеп оқушыларына шынайы жасалынып жатқан қамқорлық деп түсінген жөн. Олар Астана қаласына жыл сайын саяхаттап барып қайтады. Жазғы каникулда Шалқар көлінде демалады. Облыс орталығындағы ботаникалық бақты да тамашалайды. 2015 жылы серіктестіктің жұмысшылары шаруашылық есебінен Айыртау ауданындағы “Медвежье озеро” сауықтыру кешенінде демалып, денсаулықтарын нығайтып қайтқан. Шаруашылықта төрт трактор-егіс бригадасы жұмыс істейтін болса, олардың әрқайсысында асхана бар. Ол мал фермасында да ашылған. Жұмысшыларды тасымалдауға төрт автобус бөлінген. Ауылдағы әлеуметтік-тұрмыстық нысандар, тұрғын үйлердің біразы орталық қазандық арқылы жылытылады. Жуырда Мұрат Қабинұлы ауыл тұрғындарын тағы бір қуантып тастаған. Нежинка ауылының кешегісі мен бүгінгісін паш ететін кітап бастырып шығарып, оны еңбек ардагерлері мен шаруашылықтың еңбеккерлеріне өз қолымен таратып берген.

Үстіміздегі жылдың қазан айында облыс әкімі Құмар Ақсақалов “Парыз – 2017” және “Еңбек жолы” республикалық байқауларының өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын марапаттады. Олардың арасында “Нежинка – Ерке” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де болды. Агроқұрылым дүбірлі жарыста “Үздік әлеуметтік-жауапты кәсіпорын” аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Ал 6 желтоқсан күні Астана қаласында республикалық деңгейде өткен “Парыз” бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауында ірі кәсіпкерлік санаты бойынша “Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын” аталымының күміс жүлдегері атанды.

Өткен айда облыс орталығында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің “Ауылым – рухани қазынам” атты форум өтті. Міне, осы басқосуда “Үздік ауыл” аталымы бойынша да жеңімпаздар анықталды. Солардың қатарында “Нежинка – Ерке” ауылы болса, ол – онда тындырылып жатқан ерен еңбектің айғағы іспетті.

Ер жігіттің еліне пайдасы тиіп жатса, сол жарасады емес пе?! Бұл сөз қашанда ауылын ойлап, абыройын асырған, берекесін тасытқан Мұрат Жұмабеков сияқты абзал жандарға бағытталып айтылғаны сөзсіз. Ел үшін тындырған еңбек елеусіз қалмайды ғой. Өмірінің 40 жылын адал еңбекке арнаған Мұрат Қабинұлының омырауындағы екінші және үшінші дәрежелі “Еңбек даңқы” ордендері, “Ерен еңбегі үшін” медалі басқа да мерейтойлық медальдар мен төсбелгілер соны айғақтай түсеткендей.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.