КӨПТЕН КҮТКЕН ЖАҢҒЫРТУ

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов кеше “Ресей темір жолы” ашық акционерлік қоғамының филиалы Оңтүстік-Орал темір жолының басшысы Виктор Поповпен кездесті. Кездесуде Петропавл темір жолы вокзалының ғимаратына жаңғырту жұмыстарын жүргізу мәселесі әңгіме өзегіне айналды.

Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов Ресей Қазақстанның ең ірі және басты сауда серіктесі болып табылатынына, екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымындағы өсу қарқыны жоғары екендігіне тоқталды.

– Темір жол өңіріміздің жүк тасымалы саласының күретамыры әрі елдің экономикасын алға сүйреуші локомотиві болып табылады. Үстіміздегі жылдың он бір айында Оңтүстік-Орал темір жолы арқылы 791,4 мың тонна жүк пен 682 мың жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 94,3 және 114,8 пайызды құрап отыр. Сондықтан жолаушыларға көрсетілетін қызметтің сапалы болғаны қажет.

Осыған орай, өтінішімізге құлақ асып, Петропавл темір жол вокзалында жаңғырту жұмыстарын қолға алғандарыңыз қуантады. Өз кезегімізде вокзал алдындағы алаңға абаттандыру жұмыстарын жүргізетін боламыз, – деді Құмар Іргебайұлы.

Оңтүстік-Орал темір жолының басшысы Виктор Попов алдағы уақытта вокзал арқылы қатынайтын жолаушыларға қызмет көрсету сапасының барынша жақсаратынын атап айтты.

– Жаңғырту жұмыстарына қажетті қаражат бөлінді. Барлық жұмыстар екі жылдың ішінде аяқталатын болады. Вокзал – қаланың қақпасы деп бекер айтылмаған. Біздің жобамыздың жоспарында ғимараттың іші-сыртын заман талабына сай өзгерту, эскалаторлар мен мүгедек жандарға арналған көтергіштерді орналастыру қарастырылған. Барлық күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін Петропавл вокзалының адам танымастай өзгеретініне сенімдімін, – деді Виктор Попов.

Петропавл қаласының темір жол инфрақұрылымы “Ресей темір жолы” ашық акционерлік қоғамының Оңтүстік-Орал темір жолы торабына қарайды. Көп жылдардан бері жергілікті жолаушылар лифт пен эскалаторлардың жоқтығынан ауыр сөмкелерін үшінші қабатқа дейін сүйреп, қажетті перронға рельстердің үстімен аттап жүруге мәжбүр болатын.

Вокзал алаңына жүргізілетін жаңғырту жұмыстары барысында қоғамдық көліктердің аялдамаларын ғимаратқа жақындатып, заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысып жүргендерге тыйым салынбақ. Сондай-ақ, заңды түрде қызмет істеп, салық төлейтін жолаушы тасымалдаушыларға арнап арнайы орындар қарастырылады. Бір атап өтерлігі, темір жол вокзалын жаңғыртуға тек жергілікті құрылыс компаниялары тартылып, қосымша жұмыс көздері ашылатын болады. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыстағы темір жол вокзалы тартымды бола түспек.

Кездесу соңында Петропавл қаласының әкімдігі мен Оңтүстік-Орал темір жолы Петропавл бөлімшесі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.