ҚАҺАРМАНДЫҚ ҮЛГІСІ

Ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада елге еңбегі сіңген бірнеше отандасымызға мемлекеттік наградалар тапсырған болатын. Бұл құрметке саясат, өнер, білім, медицина және тағы да басқа салаларда тер төккен азаматтар лайықты деп танылды. Еңбегі еленгендердің қатарында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің “Өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі” мемлекетік мекемесі өрт сөндіру кезекші қызметі басшысының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Руслан Базарбаев та болды.

Салтанатты шара барысында өз саласында ерен еңбегімен және мінсіз қызметімен ерекшеленген жерлесімізге “Ерлігі үшін” медалін Нұрсұлтан Әбішұлының өзі табыстады. Өрт сөндіру барысында ерлік пен жанқиярлықтың ерен үлгісін көрсеткен Русланның марапатқа ие болғаны әріптестері үшін де зор қуаныш.

Руслан Базарбаевтың азаматтық қорғау органдарында он екі жылдық еңбек өтілі бар. Қатардағы құтқарушыдан бастаған оған 2016 жылдың сәуір айында өрт сөндіру кезекші қызметі басшысының орынбасары лауазымы сеніп тапсырылды. Білікті маман бүгінге дейін өзін құзыретіндегі мәселелерді сауатты түрде шеше алатын білікті, жауапты қызметкер ретінде көрсете біледі. Осы саладағы мінсіз қызметі үшін ІІІ санаттағы “Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін” медалімен марапатталған.

Майор Руслан Базарбаев “Ерлігі үшін” мемлекеттік марапатына адам өмірін ажалдан құтқару барысында көрсеткен қаһармандық ерлігі үшін ұсынылған болатын. Бұл төтенше оқиға өткен жылдың 27 қарашасында орын алды. Бұл күні департаменттің жедел қызмет орталығына Петропавл қаласының Мир көшесі, 327 мекенжайындағы бес қабатты тұрғын үйді өрт шалғаны туралы хабар түседі. Өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметінің жедел кезекшісі Руслан Базарбаев бастаған құтқарушылар оқиға орнына жеткеннен соң, ғимараттың төртінші қабатындағы пәтерлердің бірінен қою қара түтіннің шығып жатқанын анықтайды. Тілсіз жау баспананың есігін зақымдап, қара түтін қабаттағы басқа пәтерлерге еніп кеткен. Көршілердің айтуынша, ол кезде қызыл жалынға оранған пәтерде мас ер адам, ал ғимараттың бесінші қабатында қария мен төрт жастағы бала қалып қойған.

Руслан Берікұлы уақыттың тапшылығына қарамастан, бірден дұрыс шешім қабылдап, түтін енген пәтерлерден тұрғындарды құтқару және қауіпсіз жерге жеткізу шараларын ұйымдастырады. Ең алдымен, жалын шарпыған пәтердің иесін ажалдан құтқарып, өршіген өртті ауыздықтау үшін құтқарушылардың арнайы жасағын бағыттайды. Секундына 23-25 метр жылдамдықпен соққан желге қарамастан, Руслан бесінші қабаттағы пәтерлердің бірінде қалып қойған жапа шегушілерді құтқару үшін өрт сөндіру көлігінің автобаспалдағын орнатуды бұйырады. Жоғары қабатқа көтерілген ол көк түтіннің арасынан қария мен балақайды тауып, олардың баспалдақтың көмегімен жерге түсулеріне көмектеседі. Содан кейін №2 өрт сөндіру бөлімінің газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны отқа оранған пәтердің иесін таза ауаға жеткізеді. Міне, осылайша, білікті басшының өртсөндірушілердің іс-әрекетін ұйымдастыра білуінің арқасында үш адам ажалдан құтқарылды. Қырық адам қауіпсіз жерге жеткізілсе, олардың 10-ы – балалар.

– Мен үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан марапат алу – үлкен мәртебе. Марапаттау сәтінде ерекше толқып, бойымды Мемлекет басшысына деген мақтаныш сезімі кернеді. Елбасының жанында тұрғанда оның күш-қуатын сезінгендей болдым. Мен елімді, отандастарымды төтенше жағдайлардан қорғап жүрген қызметімді мақтан тұтамын. Мемлекет, ұжымым, тыныштықты сақтайтын тұрғындарға қатысты үлкен жауапкершілікті сезінемін. Біздің Президентіміз елімізді бейбітшілік пен келісімге, даму мен тұрақтылыққа негізделген гүлденуге және молшылыққа жеткізеді, – дейді марапат иесі.

Дүйім жұрттың алдында қауіп-қатерге қарамай, адам өмірін құтқарған әскери қызметкердің ерлігі – өскелең жастарға, әріптестеріне үлгі.

Евгений ЖУРАВЛЕВ,

облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мемлекеттік тіл және ақпарат тобының жетекшісі.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.