ҰМЫТЫЛМАС СӘТ

Міне, көзді ашып-жұмғанша табысқа толы тағы бір жыл артта қалды. 2017 жыл еліміз үшін елеулі оқиғаларға толы болды. Солардың бірі – Астанада өткен “ЭКСПО – 2017” мамандандырылған халықаралық көрмесі.

Төрткіл дүние көз тіккен тарихи шараның тәлімдік, танымдық маңызы зор. Жүрегі “Елім, жерім” деп соққан әр қазақстандықтың бойына қуаныш сезімін ұялатқан көрме мен үшін ерекше есте қаларлық оқиға болды.

“ЭКСПО” қалашығына кірген бетте ерекше толқыныста болдым. Себебі, біз әлем мемлекеттерін, олардың халқын, мәдениеті мен дәстүрлерін тек теледидардан ғана көретінбіз. Ал бұл жерде шетелдіктермен тілдесе алатындай, тіпті, естелікке фотосуретке түсетіндей мүмкіндік туды. Сол себептен бұл мүмкіндікті құр жібермеуге бел будым. Көрмемен танысуды өз еліміздің ұлттық павильоны “Нұр Әлемді” тамашалаудан бастадым. Алған әсерім керемет! Отандық ғалымдардың үздік жобалары, Елбасының энергетика және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы бастамалары, “Жасыл экономиканың” рес­публика аймақтарында жемісті жүзеге асырылған жобалары мені қатты қызықтырды. Павильонда табиғаттың тылсым күшінен туған барлық жаңғыртпалы энергия түрлерін көруге мүмкіндік туды.

Келесі кезекте, Ресей, Монако, Гер­ма­ния, Франция, Италия, Корея, Америка мемлекеттерінің павильондарын ара­ла­дым. Бәрі де тамаша! Павильондардың ішіне кірсең, әлемді ара­лағандай боласың. Біреу телефон соқса: “Біз АҚШ-та жүрміз, енді Францияға барамыз”, – деп жауап бересің, керемет емес пе?! Ғаламшарды айналып жүргендей күй кештік. Әр елдің мәдениетінен көріністер беретін ұлттық киімдерді тамашалап, ұлттық билері мен әндерін есту ерекше қызықтырды.

Бұл ауқымды көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысып, төрт миллионнан астам адам келген. Оның ішінде жарты миллионы – 187 мемлекеттен келген шетелдік қонақтар. Бұл көрсеткішті қалайша мақтаныш етпеске?!

Ел тарихында ойып тұрып орын алған мұндай мазмұнды шараны өткізу – Елбасының сындарлы саясатының арқасы. Осындай биіктен көрінгеніміз үшін елімді де, Елбасымды да мақтан тұтамын!

Дәуір доңғалағына айналып, тарих қойнауына еніп бара жатқан 2017 жыл мен үшін осындай ұмытылмас әсермен есте қалды. Енді бірер күнде есік қағып кіретін Жаңа жыл еліміз үшін жақсы өзгерістерге, қуанышты кездесулерге, толағай табыстарға толы болсын деген тілегім бар.

Қырмызы БАШЕНОВА.

Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің мұғалімі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика