ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасының өткен жылғы жұмысы қорытындыланды.

– 2017 жылы мемлекеттік органдарға 88750 өтініш түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,8 пайыз көп. Оның 74449-ы жеке тұлғалардан болса, 14301-ін заңды тұлғалар жолдаған. Қаралған 71324 өтініштің 34105-сі қанағаттандырылып, 34176-сы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, ал 2628-і қанағаттандырылмады. Өтініштердің дені жергілікті атқарушы, мемлекеттік кірістер, прокуратура, әділет және ішкі істер органдарында тіркелген, – деді басқарма басшысы Марат Ахметов.

Өтініштерді қарау барысында азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқығын қалпына келтіру немесе қамтамасыз ету мәселелері жиі кездескен. Соның ішінде жер және жерді пайдалану саласы бойынша – 12667, еңбек және халықты жұмыспен қамту – 8735, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – 9154, құрылыс – 1205, білім – 1835, кәсіпкерлік – 655, көлік және байланыс салалары бойынша 727 өтініш қаралды. Осыған қатысты 70 тексеріс пен 35 мониторинг жүргізілген. Алпыстан астам ақпараттық хат пен тәртіптік іс қозғау жөнінде 2 қаулы шығарылып, 100 жауапты тұлға тәртіптік жазаға тартылған.

Марат Әшімұлының айтуынша, былтыр тексеруді белгілеу туралы 6964 акт тіркелсе, соның 3174-і жеке кәсіпкерлік субъектісіне қатысты болған. Бақылау және қадағалау қызметін жүзеге асыру барысында 28 тексеріс жүргізіліп, 10 ақпараттық хат жолданды, 2 наразылық енгізіліп, 29 азамат тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар басқарма үш әкімшілік іс қозғаған. Аққайың аудандық және Петропавл қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының, облыстық экология департаментінің қызметшілеріне 45 380 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Былтыр облыс аумағында қылмыс деңгейі 2016 жылмен салыстырғанда 19 пайызға төмендеген.

– Республика бойынша тіркелген 316418 қылмыстық құқық бұзушылықтың 2,3 пайызы немесе 7528-і – біздің облысқа тиесілі. Қылмыстың 59 пайызын ұрлық құрайды, былтыр 4437 ұрлық тіркелген. Соның ішінде ұялы телефон ұрлығы – 30, мал ұрлығы – 36, пәтер тонау 22,6 пайызға кеміген. Бүгінгі күні 2017 жылы тіркелген ұрлықтың 40 пайызы немесе 1831-і ашылмаған, – деді басқарма басшысының орынбасары Махаббат Кәрібайқызы.

Журналистердің сұрағына жауап беру барысында Марат Әшімұлы пәтер ұрлығын азайту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бүгінде құқық бұзушылықтар жиі орын алатын тұрғын үйлерге 678 бейнебақылау құрылғысы орнатылыпты. Басқарма басшысы оның барлығы жылдың соңына дейін іске қосылатындығын айтты.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

 

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.