ТІЛСІЗ ЖАУДАН ҚАУІП МОЛ

Бұрнағы күні облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшылары бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен жаңажылдық мереке күндері өңір аумағында орын алған төтенше оқиғалар туралы айтып берді.

Департаменттің мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы Игорь Балеевтің айтуынша, 2017 жылы облыс аумағында орын алған өрттердің саны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 4,5 пайызға артқан.

– Тауық жылы облыста 738 өрт оқиғасы тіркелді. Бір атап өтерлігі, жыл бойына тіркелген өрттердің 30 пайызы жылыту пешін пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан болған, – деді Игорь Анатольевич.

Былтыр тілсіз жаудың салдарынан 41 адам қаза тапса, оның біреуі – бала. Келтірілген материалдық шығынның мөлшері 89 млн. теңгені құрады. Сонымен қатар 478 млн. теңгенің материалдық құндылықтары сақталды. Төтенше жағдайды алдын алу мақсатында құтқарушылар өңір тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік шараларының орындалуын талап етуде. Есепті кезеңде департамент қызметкерлері 51 мыңнан астам үйді қамтып, 119 мың адамға өрт қауіпсіздігі жадынамаларын таратқан. Дегенмен, тұрғындардың пешті жағу барысында жіберген қателіктерінің кесірінен 33 адамға иіс тиген, олардың екеуі қаза тапқан.

Сондай-ақ, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 766 нысанға тексеру жүргізіп, өрт қауіпсіздігін сақтауға салғырт қараған 258 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

– Өткен жылдың соңғы күндері тасжолдарда орын алған көктайғақ пен жыл басында ауа температурасының едәуір жылып кетуінен болған қою тұманның салдарынан автокөлік апаттарының саны артты. Тұрғындарға ұялы телефондар арқылы ауа райының қолайсыздығы туралы хабарламалар ұдайы таратылып тұрғандықтан, жол үстіндегі төтенше оқиғаларды алдын алуға болады, – дейді бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызмет басқармасының басшысы Рүстем Жұмағалиев.

Мәселен, Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылына жақын маңда жол-көлік оқиғасы тіркелді. Тасжол үстінде “ВАЗ-21140” және “Ауди-100” автокөліктері соқтығысып, Есіл ауданының Явленка ауылының 1978 жылы туған тұрғыны көз жұмды. Тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілді.

Құтқарушылардың жұмысы Жаңа жыл мерекесі алдында ширай түсетіні белгілі. Әдетте жаңажылдық мереке күндері төтенше жайттар саны өседі. Десе де, желтоқсан айында аязды және боранды күндердің аздығынан алдыңғы жылдарға қарағанда, төтенше жайттар аз тіркелген. Баспасөз мәслихатында айтылған деректерге сүйенсек, 30 желтоқсан мен 3 қаңтар күндері аралығында департаменттің диспетчерлік қызметінде 13 оқиға бойынша дабыл қағылған. Негізінен, моншалар отқа оранып, жапа шеккен сегіз адам қауіпсіз жерге жеткізіліп, алғашқы медициналық көмек көрсетілген.

Өртсөндірушілер, әсіресе, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында сұранысқа ие болатын пиротехникалық заттардың сертификатсыз сатылмауын қадағалаған. Тәртіп сақшылармен бірлесіп жүргізілген 32 рейдтің барысында 10 әкімшілік іс қозғалып, сатуға шығарылған 3482 пиротехникалық зат тәркіленді. Қуаныштысы, биылғы жаңажылдық мереке күндері пиротехникалық заттардан зардап шеккендер тіркелген жоқ.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика