ЫРЫҚ БЕРМЕЙ ТҰР

Жыл басынан бері облыс бойынша 30 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 15 пайызға артық. Егер былтыр от ортасында қалған бір адам мерт болса, үстіміздегі жылы жарты айдың ішінде жеті адам ажал құшқан.

Атап айтқанда, 3 қаңтар күні Тимирязев ауданында болған өрт оқиғасы кезінде 1952 жылы туған әйел жарақат алған. Арада алты күн өткеннен кейін ол көз жұмды.

Өткен демалыс күндері өңіріміздің әр жерінде 12 өрт оқиғасы тіркелді. 13 қаңтар күні Петропавл қаласының Гагарин көшесі, 7-үй мекен-жайында төтенше жағдай орын алды. Төртқабатты үйдің үшінші қабатындағы пәтерлердің бірі отқа оранған. Оқиға орнынан 66 жастағы ер адамның мүрдесі табылды. Келесі күні өрт Ленинград көшесіндегі жер үйден шыққан. От-жалынның күшті болғандығы сондай, ол үйдің ішін түгелдей алып кетіп, оның төбесі құлаған. Шатыр да жанып кеткен. Тілсіз жаудың салдарынан 1927 жылы туған әжей мен оның екі жастағы немересі мерт болды.

Облыс орталығында орын алған тағы бір өрт оқиғасы 14 қаңтар күні тіркелді. Ол да қайғылы аяқталды. 3-ші Сенная көшесіндегі №18 үйдің иесі төккен күл бықсып, арты өкінішке жалғасқан. Оқиға орнында 1946 жылы туған азаматша қаза тапты.

Өрт оқиғаларының орын алу себептері әртүрлі. Бірақ солардың көпшілігі қарапайым сақтық ережелерін сақтамаудан басталады.

Қаһарлы қыс басталысымен үсік шалу оқиғаларының жиілегені байқалады. Өткен аптада облыс бойынша осындай үш оқиға тіркелді. 11 қаңтар күні түс ауа Уәлиханов ауданындағы Береке ауылының тұрғыны қарлы боран кезінде үсіп өлген. Оның мүрдесін келесі күні аталған ауылдан он шақырым жерден Қайрат ауылының тұрғындары тауып алған. 14 қаңтар күні Жамбыл ауданындағы Святодуховка ауылының 1974 жылы туған тұрғынының үсік шалған өлі денесі сондағы көшелердің бірінен табылған. Тайынша ауданындағы Литовочное ауылында да осыған ұқсас оқиға тіркелді. 1953 жылы туған әйелдің мүрдесі ауылдың шетінен табылды.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.