АБАЙЛАҢЫЗ, КӨКТАЙҒАҚ!

Күндіз еріп, түнде қатқан қар, әрі күтпеген жерден төгіп өткен жауын облыс орталығының көшелерін үлкен сырғанақ алаңына айналдырғандай. Петропавлдағы №3 қалалық аурухананың дәрігерлерінен көмек сұрап келген тұрғындардың қарасы қалың. “Темір тұлпарларының” тізгініне ие бола алмай жатқандар да жеткілікті.

Жарақат алған адамдарға медициналық жәрдем көрсететін облыс орталығындағы жалғыз бөлімше лық толы. Күн жылынып, қар көбесі сөгіле бастағаннан бері мұнда көмек сұрап келетіндер қатары күрт көбейген. Енді, міне, көктайғақтың кесірінен аяқ-қолы сынғандар жарақаттарын ауырсына ыңыранып, дәрігерге кезек күтіп тұр.

– Жарақат бөлімшесіне аяқ, жамбас сүйектері, иық, тағы басқа дене мүшелерінің сынығымен түсіп жатқан науқастар көп. Өткен тәулікте ауруханаға келген 84 адамның 66-сы көктайғақтың кесірінен түрлі жарақат алған. 11 адамды бірден ауруханаға жатқыздық, – дейді №3 қалалық аурухана жанындағы жарақат пунктінің меңгерушісі Валерий Грибашов. Тайып құлағандардың төртеуіне ота жасалыпты. Тағы да бірнеше адам кезекте тұр.

Көктайғақ зардабын көлік иелері де тартуда. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жылдамдықты арттырмау, арақашықтықты сақтау сияқты қарапайым қағидаларды елемеу салдарынан өткен сейсенбі күні облыс аумағында 24 жол апаты тіркелген. 5 адам түрлі жарақат алған.

Абырой болғанда, облыс аумағында шығыны ауыр төтенше жағдайлар тіркелмепті, зардап шеккендер де жоқ. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы Евгений Журавлев сақтықта қорлық жоқтығын ескертіп, көктайғақ туралы хабарлама алған сәттен жарақат алу мүмкіндігін төмендетудің тиісті шараларын қолдану керектігін еске салады.

– Абайлап жүру қажет. Асықпай, аяқкиім табанын толық басқан жөн. Егде жастағы адамдар резеңке ұшы бар немесе сүйір тиекті таяқ қолданғандары абзал. Тайғанап кетсеңіз, құлаудың ауыртпалығын жеңілдету үшін отыра қалыңыздар. Құлау мезетінде аяқ-қолды жинап алуға тырысыңыздар, бұл жерге құларда соққыны жеңілдетеді, – деді маман.

Оқыс оқиғаларды болдырмау үшін мектеп оқушылары кеше сабақтан босатылды.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика