САУДА КЕШЕНІНДЕГІ “ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ”

Ресейдің Кемерово қаласындағы “Зимняя вишня” сауда орталығында орын алған өрт оқиғасы бүкіл әлемді елең еткізді десек, артық айтқандық бола қоймас. Көп жағдайда тосыннан пайда болатын өрт тілсіз жау екеніне, сақтанбасаң орны толмас өкінішке, қайғы-қасіретке душар қылатынына көзіміз жетті. Өрттің салдарынан 70-ке жуық адам қаза тапты. Бүгінде әр адамның жүрегінде “мұндай оқиға қайталанбауы керек” деген ой жатқаны сөзсіз.

Ашығын айтқан жөн, мұндай өрт оқиғалары көп жағдайда қауіпсіздік шараларының дұрыс сақталмауынан болады.

2 сәуір күні облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің “101” пультіне С. Мұқанов көшесіндегі “Семейный” сауда ойын-сауық кешеніндегі “өрт” туралы хабар түседі. Өртке қарсы қызмет бөлімшесінің өртсөндірушілері оқиға орнына шұғыл түрде жеткен. Шындыққа жанасатындай етіп ұйымдастырылған шара барысында әдейі өрт шыққан жер де белгіленген. Өртсөндірушілер болса, кәсіптік шеберлік танытып, үшінші қабатта орналасқан “Киндер Лэнд” балалардың ойын-сауық орталығында пайда болған от ошағын жоюға белсене кірісіп, жарты сағат шамасында өртті ауыздықтады. Сауда ойын-сауық кешеніне келушілердің, оның ішінде балалардың жапа шегуіне жол берілмейді.

Бұл Кемерово қаласында орын алған өрт оқиғасынан кейін арнайы ұйымдыстырылған алғашқы өрт-техникалық оқу-жаттығуы болатын. Осы шара аяқталғаннан кейін оны бастан-аяқ бақылаған облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшылығы өртсөндірушілердің тосын жағдайда көрсеткен кәсіптік шеберліктеріне, жіті қимылдарына жақсы деген баға берді. Сауда орнының қызметкерлері де сындарлы сәтте қандай әрекет жасау қажеттігін талапқа сай көрсете білді.

Өрт-техникалық оқу-жаттығу кезінде оған 9 арнайы техника мен жеке құрамның 50 өртсөндірушісі қатысты.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика