САЯЖАЙЛАРДЫ СУ БАСТЫ

Есіл өзенінің арнасынан көтерілуі салдарынан Петропавл қаласындағы Заречный кенті мен Былғары зауыты шағынауданында орналасқан 80 саяжай учаскесі су астында қалды. Сондай-ақ, қызыл су басуының салдарынан өңіріміз арқылы өтетін халықаралық тасжолдардың бірі жабылды.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мемлекеттік тіл және ақпарат тобының жетекшісі Евгений Журавлев кеше тасқын кейбір елді мекендерге жақындағанымен, тұрғын үйлерді су алу фактісі тіркелмегенін хабарлады.

– Үстіміздегі жылы көктемде мол түскен жауын-шашынның салдарынан Есіл өзені тасып, Сергеевка су қоймасы ернеуінен асты. Тораптағы судың биіктігі 168 сантиметрге дейін жетуіне байланысты бөгесін ашылып, су Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандарына, Петропавл қаласына жетті. Бүгіндері ойпат жерде орналасқан “Элегия”, “Электрон” және “Учитель-1” саяжай қоғамдарына келді, – дейді Евгений Николаевич.

Сондай-ақ, Петропавл қаласының іргесінде орналасқан Заречный кенті мен республикалық маңызы бар “Челябі-Новосібір” тасжолының 259-шақырымын су басты. Жол үстін басқан судың тереңдігі 50 сантиметрге жетті. Бұл учаскеден бөлек, тасжолдың 30 метрлік тағы бір бөлігі 5-8 сантиметрлік өзен суының астында қалды. Қазір аталған аумақтарға арнайы жол белгілері орнатылып, жергілікті тәртіп сақшылары кезекшілік атқаруда. Облыстық маңыздағы КТ-4 “А-16-Новоникольск-Андреевка” тасжолы барлық көлік түрлері үшін жабылды.

“Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы мамандарының айтуынша, қазір өзеннің жоғары жағында су деңгейі төмендеуде. Сергеевка су қоймасындағы су деңгейі 81 сантиметрге дейін түсті. Алайда, қауіп сейілер емес. Қызылжар ауданындағы Долматово елді мекенінде судың деңгейі 1250-1300 сантиметрге дейін жетеді деп күтілуде. Бұл аудандағы Новоникольск ауылына қатынайтын көпірді су басып, тұрғындар айналма жол арқылы қатынауға мәжбүр болуда. Петропавл торабындағы су деңгейі 978 сантиметрге дейін көтерілген. Алдағы күндері бұл көрсеткіш 1060 сантиметрге дейін жоғарылайды деген болжам бар.

Қазіргі уақытта облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент сақтық шараларын күшейтуде. Арнайы мамандардан жасақталған жедел топтар Қызылжар ауданының Семипалатное, Новокаменка, Бәйтерек, Тепличное, Соколовка, Долматово ауылдарында, Петропавлдың Заречный кенті мен Былғары зауыты шағынауданында тәулік бойы кезекшілік атқаруда.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика