ҮЙДІҢ ҚАБЫРҒАСЫ ҚҰЛАДЫ

Петропавл қаласындағы Уральская көшесінде орналасқан екіқабатты тұрғын үй осыдан төрт жыл бұрын апаттық жағдайда деп танылған еді. Соған қарамастан, осы уақытқа дейін онда бес отбасы тұрып келді. Бұрнағы күні түннің бір уағында әбден тозығы жеткен үй қабырғасының бір бөлігі құлап қалды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.

Апатты деп танылса да, басқа амалы болмаған соң осы үйді паналап келген тұрғындардың бірі – Гүлжан Ілиясова. Жас отбасының екі кішкентай қызы бар.

– Өзім сәби күтуге байланысты демалыстамын. Күйеуім ғана жұмыс істейді, пәтер жалдауға шамамыз жетпейді. Сондықтан осындай үйде тұруға мәжбүрміз. Түнде үйдің оң жақ бөлігі құлап қалды, біздің пәтеріміз сол жақ қанатта орналасқан. Пәтер кезегінде тұрмыз. Бірақ оның кілті қолымызға қашан тиетіні белгісіз, – дейді жас келіншек.

Қалада туыстары болмаған соң, олар әзірге қай жерді паналауды білмей дал болуда. Олардан басқа үш отбасы туыстарының үйін жағалап жүр. Уақытша баспана әзірге жалғызбасты қарияға ғана берілген.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика