АБАЙСЫЗДА АЖАЛ ҚҰШТЫ

10 маусым күні Қызылжар ауданының Новоникольск ауылында қайғылы оқиға орын алды. Есіл өзенінен өтетін қалқыма көпірде екі бала суға тас лақтырып ойнап жүрген. Балалардың бірінің қолына ұстаған таяғы бір кезде екпіні күшті ағынды суға түсіп кетеді. Таяққа ұмтылған жеті жастағы ер бала аяғы тайып кетіп, өзенге құлайды. Қас қағым сәтте болған жағдайды анадай жерде балық аулап отырған жасөспірім аңғарып қалып, дереу тиісті жерге хабарлайды.

Кешікпей оқиға орнына төтенше жағдай қызметінің өкілдері келіп жетіп, іздестіру шарасын ұйымдастырған. Оған 11 сүңгуір, 2 арнайы техника, 2 моторлы қайық жұмылдырылған. Іздеушілердің қатарында жергілікті билік өкілдері, ауыл тұрғындарынан тұратын еріктілер, полиция қызметкерлері бар. Екі топқа бөлінген сүңгуірлер суға кеткен баланы тынымсыз іздеу үстінде. Өкінішке қарай, әзірше ешқандай нәтиже жоқ.

Өткен жылы облысымыздағы түрлі су көздерінде 24 адам мерт болса, солардың 3-еуі – балалар. Жеті оқиға балық аулау кезінде орын алса, 17-сі суға шомылу кезінде болған. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері осындай оқиғаға тап болған 48 адамның өмірін сақтап қалған, олардың 8-і – балалар.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика