ТӨРТ КҮНДЕ ЖИЫРМА АДАМ ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Соңғы күндері облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жедел-құтқару жасағының құтқарушылары су түбіне кете жаздаған жиырма адамды ажалдан аман алып қалды.

13 шілде күні Пестрое көлінің жағажайында құтқарушылар үрлемелі матраспен жүзіп, ескерту белгісінен әрі асқан үш ер адам мен бір әйелді құтқарды. Матрас желдің екпіні мен толқыннан аударылып, үстінде отырған үшеу суға кете жаздады. Келесі күні мамандар алты адамның өмірін ажал аузынан аман алып қалса, оқыс оқиғаның екеуі Есіл өзенінің бойындағы қалалық жағажайда орын алды. Мұнда құтқарушылар ағыс алып кеткен матрастың артынан жүземін деп қалжырап, көмек сұраған және ескерту белгісінен асып кетіп, аяғының сіңірі тартып қалған екі әйелді судан алып шықты. Сол күні Пестрое көлінің жағасында катамаранмен ескерту белгісінен ұзап, жағаға өздігінен жете алмаған 16-19 жас аралығындағы жеткіншектерді құтқарды. 15 шілде күні осы көлде дәл осындай жағдайға тап болған 22 жастағы жігіт пен 11 жасар балаға көмек көрсетілді. Ал Есіл өзенінің бойында үрлемелі матрас пен пенопластан жасалған дөңгелектің аударылуынан өлім құша жаздаған 39 жастағы ер адам мен 14 жастағы жасөспірімді жасақ қызметкерлері дер кезінде құтқарып қалды.

Аптапты дүйсенбі күні де құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында Пестрое көлінің жағажайында алты адамның жаны сақталып қалды. Сағат төрттердің шамасында кезекшілікте жүрген қызметкерлер Ильдар Хайрутдинов пен Расул Жиляев ескерту белгісінен ұзап жүзіп, көмекке шақырған ер адам мен әйелді судан алып шықты. Екінші жағдай кешке таман орын алды. 13-14 жастағы 4 бала катамаранмен ескерту белгісінен асып кетіп, қатты желге тап болып, жағаға өздігінен жете алмады. Жеткіншектерге қол ұшын созған құтқарушылар кейін оларға судағы ережелерді түсіндірді.

Жалпы жыл басынан бері өңірдің су айдындарында 23 адам құтқарылса, оның бесеуі – бала. Жедел-құтқару жасағы тұрғындардан балаларды қараусыз қалдырмай, оларға қауіпсіздік ережесін түсіндіруді сұрайды. Сондай-ақ, суға мас күйде және қараңғыда түспеуді өтінеді. Шомылған уақытта үрлемелі матрасқа сенуге болмайды, өйткені ол суда жүзу үшін емес, демалуға ғана арналған.

Гүлмира ТҰЯҚ,

облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика