СУДАН КЕЛЕР ҚАТЕР КӨП

Күн ысып, шомылу маусымы бастала салысымен, барлығымыздың өзен-көлдерге асығатынымыз рас. Алайда, өзеннен де қауіп зор екенін ұмытпағанымыз жөн. Ондағы ережелерді қатаң сақтау өзіміздің өміріміз үшін аса маңызды.

Биыл еліміз бойынша 50-ден астам бүлдіршін судың құрбаны болды. Мұндай жағдайларда ең басты және кешірілмейтін қателердің бірі – балаларды су жағасында қараусыз қалдыру. Суға батып бара жатқан баланы үрлемелі желетке де құтқара алмайды. Өйткені, оның кез келген уақытта желі шығып кетуі мүмкін. Желеткені көбіне балаға суда жүзуді үйреткен кезде, яғни шағын бассейндерде қолдануға болады. Онда да ересек адамның бақылауымен ғана.

Жағажайларға барғанда судан 10-15 метр алшаққа орналасқан жөн. Себебі, бала суға қарай жүгіріп кетсе, үлгермей қалуыңыз мүмкін. Он жеті жылдық құтқарушылық тәжірибемде түрлі оқиғаларға куә болдым. Мәселен, бір отбасы екі баласын алып, балық аулауға шыққан. Әкесі балық аулап тұрғанда, үш жасар баласы суға батып кетті. Баланың денесін 1,5 метрлік тереңдіктен алып шықтық. Әкесі баласының қай жерге құлағанын да көрмеген.

Мұндай оқиғалар аяқ астынан орын алады. Суда ойнап жүрген баланың аяқтары жерге тимей қалуы ықтимал. Ал батып бара жатқан балалардың барлығы бірдей көмек сұрай алмайды. Қорыққаннан аяғы тартылып, бұлшық еттері тырысып қалуы мүмкін.

Петропавл маңындағы Есіл өзенінде суға түсуге тыйым салынған 34 орын бар. Кейбір адамдар мұндай белгіге мән бермегендіктен, қайғылы жағдайларға ұшырап жатады. Ал мүлдем білмейтін орынға шомылуға барғанда оның түбін тексерген жөн. Суға таяқ лақтырып, ағыстың оны қаншалықты жылдам ағызып әкететінін байқау керек. Суда үлкен тастар жатса, бұл ағыстың қатты екенін білдіреді.

Судағы иірімдер де адам өміріне қауіпті. Оған түсіп кеткен кезде тіпті тәжірибелі жүзгіштердің өзін төменге тартып кетуі ғажап емес. Мұндай жағдайда барынша көп ауа жұтып, тереңге қарай жүзуге тырысу керек. Судың түбіне жетіп, сол жерден кері итерілу қажет. Су түбінде иірім аз болады. Сондықтан одан шығу жеңілірек. Бұдан кейін судан бірден шығуға болмайды, дем жеткенше астында барынша ұзақ жүзу керек.

Адамдарға көмекке келген кезде де қауіпсіздік ережелерін сақтаған маңызды. Суға батып бара жатқан адам кез келген жолмен аман қалуға тырысатындықтан, құтқарушы үшін қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай жағдайда адамның арт жағынан келіп, кеудесінен құшақтап немесе шашынан ұстау керек. Артынша арқаға жатып жүзу арқылы жағаға қарай беттеген жөн. Ал адамдарға қатты жақындамау үшін бұтақ тәрізді заттарды қолдануға болады. Батып кеткен адам судың астында алты минуттан ұзақ қалса, оны құтқару мүмкін емес. Өйткені, оттегі болмаған жерде ми өліп қалады.

Сергей ЧЕРКАСОВ,

облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің құтқару бөлімінің бастығы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика