СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН АСТРОНОМИЯЛЫҚ ҚҰБЫЛЫС

Адамзат жаратылғаннан бері табиғаттың тылсым сырлары мен күштерін зерттеп келеді. Десек те, оның әлі ашылмаған құпиялары жеткілікті. Әсіресе, аспан денелерін зерттеу техника дамыған заманда жаңа деңгейге көтеріліп отыр. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Андрей Солодовник – астрономия ғылы-мына саналы өмірін арнаған адам. Аталмыш жоғары оқу орнының физика-математика факультетін тамамдағандықтан осы сала мамандарымен байланыс жасап тұрамын. Жуырда астрономмен хабарласып, алдағы 27-28 шілде күндері болатын тосын оқиға туралы әңгімелескен едік.

– Ертедегі Грекия мен Мысырда Күн мен Айдың тұтылуын алдын ала болжап айта білген. Егер Ай өзінің ғарыштағы қозғалысы барысында Жер мен Күннің арасына келіп қалса, онда ол Күнді жауып қалуы ықтимал, бұл кезде Күн тұтылады, Ай Жерге көлеңкесін түсіреді. Жерге Ай көлеңкесі түскен нүктелерде тұтылу жартылай болады. Жердің барлық нүктесінде тұтылу әртүрлі көрінеді немесе тіптен көрінбеуі де мүмкін. Күннің толық тұтылуы таңғаларлық көрініс болып есептеледі. Аспанда қара дөңгелекті және оның айналасындағы тамаша шұғыла – Күн тәжін көреміз. Күннің толық тұтылуы кезінде қараңғылық түседі. Бүкіл көкжиекте қызғылт шапаққа ұқсайтын жарқырау байқалады. Бұл – Ай көлеңкесі конусынан тысқары жатқан Жер атмосферасының Күнмен жарықтанғаны, – деді Андрей Солодовник. Ғалымның айтуынша, толық тұтылу көбінесе 2-3 минутқа созылады және ұзақтығы 8 минуттан аспайды. Ол Жерде бір жарым жылда бір рет болады екен. Бірақ Жердің бір орнына қайтадан келуі өте сирек, шамамен 200-300 жылда кездесетін құбылыс.

Профессор алдағы жұма және сенбі күндері болатын екі астрономиялық құбылысты тілге тиек етті. Оның алғашқысы – Айдың толық тұтылуы. Ғалымның пайымдауынша, бұл – өте сирек кездесетін оқиға. Өйткені, мұндай астрономиялық құбылыс, яғни Айдың толық тұтылуы жүз жылдай болған жоқ. Сондай-ақ, ол жиырма бірінші ғасырда қайталанбайды. Тағы бір ерекшелігі – Айдың толық тұтылуы мен Марстың қарама-қарсы келуі бір мезгілде байқалмақ. Марстың қарама-қарсы келуі 27 шілде күні сағат 11 кезінде болса, Айдың толық тұтылуы 27 шілдеден 28 шілдеге қараған түні байқалмақ. Осы астрономиялық құбылыстардың арасындағы уақыт жарты тәулік қана. Профессордың айтуынша, аспан денелеріне бақылау жүргізілген уақыт ішінде мұндай екі құбылыстың арасында осындай аз уақыт тіркелмеген екен.

Бұл жолы Айдың дискісі мен Жердің көлеңкесі толық сәйкес келетін болады. Аспанды бұлт торламаса, Айдың толық тұтылуы сағат түнгі бір жарым шамасында басталмақ. Бұл астрономиялық ерекше құбылысты Қазақстанның барлық өңірінде, Ресей мен ТМД елдерінің басым бөлігінде, Үндістанда, Африкада байқауға болады. Яғни, миллиардтаған адам осы сирек құбылыстың куәгері атануы ықтимал.

Ғалымдар Марс ғаламшарын ХІХ ғасырдан бастап зерттеуде. Марстың қарама-қарсы келуі әр он бес-он жеті жылда қайталанады. Бұдан кейін мұндай құбылыс 2035 жылы байқалмақ. Бұл кезде Марс ғаламшары Жерге барынша жақындайды, оны телескоппен айқын көруге болады. Бұл осы ғаламшардың жағдайын бағалауға мүмкіндік бермек. Марстың орбитасы эллипс тәріздес, сол күні ол Күнге барынша жақын айналады. Ал Жер болса, Күннен біршама алыстамақ. Сондықтан Жер мен Марс бір-біріне мейлінше жақын келеді. Марс ғаламшарының дискісіне көп жарық түсетін болады. Бұл кезде астрономдар өздерінің зерттеу циклдерін жүргізуге тырысады.

– 27 шілде күні Күн, Жер мен Марс бір сызықтың бойында орналасады. Жер мен Марстың арақашықтығы шамамен алпыс миллион шақырымға жуық. Осы күні екеуінің арасы 57,6 миллион шақырымға дейін қысқарады. Астрономдар мұндай құбылысты ұлы қарама-қарсы келу деп атаған және ол көбінесе шілде-қыркүйек айларында байқалады. Бұл кезде аспанда Марс Юпитер ғаламшарынан да жарық болады. Алайда, Марстың үстінде мұндай жағдайда шаң бораны кездеседі. Қазірдің өзінде ол басталды. Сондықтан телескоптан ол қызғылт сары болып байқалады. Жұма күнгі түнде Ай өзінің оңтүстіктегі нүктесінен 15 градус биіктікке көтеріледі. Аспандағы Құс жолы мен жұлдыздар әдеттегіден тыс жарық көрінеді. Мұндай сирек кездесетін астрономиялық құбылысты байқау – әр астрономның арманы, – дейді Андрей Солодовник.

Жұмадан сенбіге қараған түні Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бесінші оқу ғимаратының алдына астрономиялық телескоп қойылмақ. Кез келген адам ерекше табиғат тылсымын тамашалай алады.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика