ӘЙЕЛГЕ ҚОЛ КӨТЕРУ — ӘЛСІЗДІК

Күнделікті әдетім бойынша жұмыс күні аяқталған соң, үйіме қарай аяңдадым. Жылдар бойы салып алған жалғыз аяқ сүрлеу жолмен келе жатқанда жылаған әйелдің дауысын естідім. Кілт тоқтай қалып, жан-жағыма қарадым, ешкім көрінбеді. Бес-алты қадам алға қарай басқан кезде ғана үй сыртында ескі шәлісін жамылып, көз жасына ерік берген әйелді көзім шалды. Оның қасынан түк болмағандай өте шығуға дәтім бармады. Алғашында маған тосырқай қараған қазақ әйелі бірер минуттан соң, көз жасын тиып, өмірінің өкінішті сәттерімен бөлісті. “Шаршадым, он жыл бойы көріп келе жатқаным – осы. Күнде айғай-шу. Бұрын күйеуім ішіп алып, жанжалдасатын, оны емдеттік. Енді ішпесе де, көрген күнім – осы. “Ауру қалса да, әдет қалмайды” деген шын екен. Екі сөзге келмей, жұдырық ала жүгіреді”, – деді ол көзінің жасын сүртіп.

Статистикаға сүйенер болсақ, әлемде жыл сайын мыңдаған әйел отбасы мүшелерінің қолынан қаза табады екен. Ал біздің елде жыл сайын бес жүздей әйел тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Қазақстан 1998 жылы Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою туралы конвенцияға қосылған. Осы шараның арқасында “Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы” Заң қабылданды.

Еттен өткен таяқ, сүйектен өткен сөзден мезі болған әйел байғұс үйінен қашады. Бірақ маңдайға жазған тағдырдан қашып құтылу сіз бен біз ойлағандай оңай емес. Көбіне байғұс әйел бала үшін бәріне төзеді. Аялы алақан жұмылған жұдырыққа айналғанда шырылдаған ана қайда барып, кімді паналайды? Енді, міне, жақында бұл мәселе өз шешімін тапты. Облыс орталығында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер үшін уақытша паналайтын орын ашылды. Зорлық-зомбылықтың және адам саудасының құрбаны болғандарға қолдау көрсететін уақытша баспана “Әйелдерді қолдау” орталығында орналасқан. Айта кету керек, бұрын орталық қызметкерлері жәбір көрген әйелдерге тек телефон арқылы ғана кеңес беретін. Енді жұмыс ауқымы кеңейді. Ол жайында “Әйелдер орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алина Орлова айтып берді.

– Орталықтың жаңа үлгідегі жұмысы үстіміздегі жылдың бірінші тамызынан басталды. Отбасылық өмірде қиындыққа тап болып, зәбір көрген әйелдер бұл жерде жарты жыл тұра алады. Оларға жағдайына байланысты түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіледі, – дейді төрайым.

Республикалық бағдарлама аясында іске қосылған орталық жұмысының басты мақсаты – әйелдерді заң аясында қорғау және қолдау көрсету. Мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлестіктермен тығыз байланыста жұмыс істей отыра, әлеуметтік көмекке зәру адамдарға қол ұшын беру болып табылады.

Шетелде әйеліне жұдырық ала жүгіретін “батыр-сымақтарды” оның баспанасы болсын, болмасын міндетті түрде басқа жерге көшіреді. Біздің заңда да ондай адамдардың әйелі мен балаларынан бөлек тұруы тиіс екендігі айтылған. Бірақ оның тұратын басқа баспанасы болмаса, бұл жерде заң әлсіз.

Бүгінгі таңда облысымызда “Зорлық-зомбылықсыз 16 күн” акциясы өтіп жатыр. Шараның басты мақсаты – тұрғындарды отбасылық-тұрмыстық мәселелер туралы хабардар ету. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы, Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі топтың аға инспекторы, полиция подполковнигі Қайсар Қанафин ақпарат берді.

– 2017 жылы облыс бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдердің саны – үшеу. Олардың екеуі ауыр дене жарақатынан көз жұмса, бір әйелді азаматтық некедегі күйеуі қасақана өлтірген. 2016 жылы төрт әйел қатыгездіктің құрбаны болған. Ана мен баланы қорғап, отбасындағы тыныштықты сақтау үшін жоспарға сәйкес жұмыстардың барлығы ретімен жүзеге асуда. Қазір өңірімізде республикалық акция өтіп жатыр. Оның аясында 13 ауданда болып, зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін тиісті шараларды жүргіздік. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады, – дейді Қайсар Хамитұлы.

Екі жылдың ішінде жұдырық жұмсау кесірінен жеті әйел бақилық болған. Бұл тек ресми дерек қана. Ал психологиялық қысымға шыдай алмай, өзіне-өзі қол салып, өмірмен қоштасқан жандар қаншама? Сонда бұған кім кінәлі? Қатыгез адам ба, әлде осындай өзекті мәселеге атүсті қарайтын қоғам ба? Қалай болғанда да, бұл дерт ушығып кетпесе болғаны.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.