АЛТЫН ҚҰРСАҚТЫ АНА

Отбасының берекесі, ынтымақ пен ырыстың ұйытқысы бола білген көпбалалы аналар құрметке де, қошеметке де лайық. Алтын құрсақ аналардың дүниеге сәби әкеліп, сол баланы тәрбиелеу жолында еткен еңбектерін ештеңемен теңестіре алмайсың.

Ұрпақ сабақтастығын жалғап, жас келіндерге өнеге көрсетіп отырған асыл жандар – қашанда сыйлы. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, қуанышымыз еселене түскелі көпбалалы аналар “Алтын алқа”, “Күміс алқамен” марапатталып, баспанамен қамтамасыз етілуде. Мұның барлығы – ана мен баланы қолдау саясатының жемісі. Баласын байлығына теңеген “Алтын алқалы” аналардың бірі – Тайынша ауданының тұрғыны Жекей Кітапқызы. Жетпіс жастан асқан ақ жаулықты әже он баланы аяқтандырған.

Өмірдің қиындығына құрыштай шыныға білген қария 1943 жылы Моңғолияның Жырғылты деген ауылында өмірге келген. Қарапайым отбасында тәрбиеленген ол төрт жасынан еңбекке араласып, сауыншы болып жұмыс істеген. Өмірлік серігі Көкбаспен (Қабидолда) 1960 жылы шаңырақ көтерген.

– Тәуелсіздіктің ақ таңы атқанда бөркімізді аспанға лақтыра қуанған көптің бірі біз болдық. Көп кешікпей тарихи Отанға жол тартқан ұлы көшке ілесіп, ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жерге табан тіреп, бақытқа бөлендік. Төрткіл дүниеге тарыдай шашылған қазақтың басын қосып, барлық жағдайын жасап отырған Елбасына ризамын, – деді көпбалалы ана.

Үміт пен сенімді қанат етіп, елге оралған көпбалалы отбасын мұндағы ағайындар құшақ жая қарсы алған. Тайынша ауданындағы Кантемир ауылынан баспана беріліп, қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Елдің дамуына үлес қосуды мақсат еткен ерлі-зайыпты ауылдастарынан қалмай жұмыс істеп, балаларын өсірді. Қазір қария мәуелі бәйтерекке айналып, отыз немере, үш шөбересінің қызығына кенеліп отыр.

Өмір болған соң, қуаныш пен қайғының бірге жүретіні заңды емес пе? Балаларын өсіріп, жеткізген шағында отағасы өмірден өткен. Жарты жолда жалғыз қалған асыл ана жұбайын сағынышпен еске алып, отбасылық бақыттың кілті өзара сыйластықта деген сырымен бөлісті.

Ел арасында “Құдайдан кейінгі құдірет – ана” деген сөз бар. Бұл тегін айтылған ой емес. Өйткені, ана өмірдің бар бастауы. Үйдің берекесі, қыз бен ұлдың өнегесі бола білген ана алдында бәріміз қарыздармыз. Немере-шөберелерін “айналайын” сөзімен аялап, жан-жағына шуақ шашып жүрген Жекей апа сияқты қазыналы қариялардан жастар үлгі алса, құба-құп.

Гүл НҰРАЛИНА,

журналист.

Тайынша ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика