САҒЫНДЫМ, КӨРШІ, ШАЙЫҢДЫ

Елімізде урбанизация үрдісі кеңінен өріс алып отырғандығы белгілі. Ауылдардан облыс орталығына, Астана қаласына көшіп жатқандар көп. Бұл үрдіс басталғалы да жиырма жылдан астам уақыт өтті. Әрине, көшудің түрлі себептері бар. Олардың негізгісі – жұмыссыздық. Бір кездері тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған ауылдардың көбі қазір адам танымастай өзгерген. Біздің облысымыздың өзінде ғана қаншама ауылдарда мектептер жабылып, сол себепті тұрғындар өзге жерлерге көшіп кетуде. Ауылдардан жағдайы барлар кетті, шамалары келмегендер қалды. Қиындыққа қарамай, ауылда қалғандар арасында мал өсірумен, бидай егумен айналысатындар да жоқ емес.

Тұрғындардың көбі көшіп кеткен осындай елді мекендердің бірі – Ступинка ауылы. Шал ақын ауданындағы бұл кеңшар жаңа құрылған кезде онда үйлер салынып, тұрмыстық комбинат, асхана, дүкендер сән түзеген. Сонымен қатар үш қабатты жаңа мектеп те пайдалануға берілді. Сол сексенінші жылдары кеңшарға маман болып келген қыз-жігіттер арасынан бір-бірімен жақын танысып, артынан шаңырақ көтергендері де болды. Механик болып жұмыс істейтін Серік есімді жігіт есепші қыз Раушанға үйленді. Орта мектепке жұмысқа келген жас маман Сәуле Кенесарықызы еңбек сабағының мұғалімі Нағашыбайға тұрмысқа шығып, жас отаулар саны қалыңдай түскен. Осылайша, көз алдымызда өркен жайып келе жатқан кеңшар 2000 жылдары елде біраз қиындықтар туындаған кезде жабылып, жұмыссыздық белең ала бастады. Осы кезде ауылдан жаппай көшу басталды. Тұрғындар тұратын үйлер сиреп, үйінділердің арасында, жусанның ортасында қалды. Бұл, әрине, жүректі ауыртатын көрініс. Бірақ амал қанша? Біз де 2001 жылы ауылдан көшіп кеттік. Оған жұбайымның жұмыссыз қалуы, әрі балалардың Петропавл қаласында тұруы себеп болды.

Ауылдан қанша алыстасақ та, күні бүгінге дейін бұрынғы көршілерімізбен, әріптестерімізбен хабарласып тұрамыз. Кейде той-томалақта дастарқан басында кездесіп қалатын күндеріміз болады.

Ауыл қанша жүдесе де, мектебіміз әлі күнге әдемі қалпында. Оның сақталып қалуы, әрине, ұжымына, басшысына байланысты. Жоғарыда айтып өткен жас мамандардың бірі – Сәуле Кенесарықызы отыз жылдан артық өмірін осы мектепке арнаған білікті маман. Бір кезде мектеп табалдырығын имене басқан ұстаз бүгінгі таңда мектеп директоры болып қызмет етеді.

Қандай қиындық болса да, ауылдағы білім ошағын сақтап қалып, оның дамуына өзіндік үлес қосып жүрген ұстаздың еңбегі өлшеусіз. Бала жүрегіне ақылмен жол таба білген мейірімді мұғалім – ауылға келген оралмандарды бос үйлерге орналастыруға атсалысып жүрген жандардың бірі. Мұның барлығы, әрине, мектептегі оқушылардың санын көбейтуге бағытталған шаралар. Өйткені, мектеп – ауылдың сәні мен мәні. Көш қозғалғанда көппен бірге көшіп кетпей, сол жерде қалып, бүгін, міне, ауыл болашағы үшін қолдарынан келгенше еңбек етіп жүрген адамдардан жастар үлгі алса, құба-құп.

Жастық қарқынмен ауылға келіп, осы жерде тамырын жайған Серік пен Раушан бүгінде алпыстың асқарынан асқалы тұр. Олармен көп жылдар бойы жақсы көрші болдық. Жақында Раушанмен телефон арқылы сөйлескенде: “Шайыңды сағындым, көрші, жақында қалаға барсам, соғамын”, – деп еді. Мүмкін, келіп те қалар. Иә, ауыл деген тақырыпты қозғағанда көршісін айтпайтын адамдар кемде-кем шығар. Өйткені, бұл екеуі – егіз ұғым. Ауылдың жанашыры болған осындай көршілер көп болса, ертеңге деген сенім де шыңдала түсер еді.

Зейнеп ТӘНІБАЕВА,

ардагер-ұстаз.

 

Қызылжар ауданы.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика