МӘУЕЛІ БӘЙТЕРЕК

Үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсету халқымыздың асыл қасиетімен берілген тектілік болса, аналарын алақандарына салып бағып-қағып отырған Қарабалаевтар әулетінен жарасымды сыйластықтың нышаны байқалады. Біз әрқашан осындай мәуелі бәйтеректей ұрпағымен жайқалған әзиз аналарымызбен мақтануымыз керек. Өйткені, шаңырақтың шаттығы ғана емес, ұлттың ұйытқысына айналған ақжаулықты әжелердің қоғамда алар орны ерекше. “Отан отбасынан басталады” демекші, оның берік негізін қалап, ұрпақ тәрбиесіне өзінің үлесін қосқан аналар әрқашан құрметке лайық. Сондай құрметке лайық жанның бірі – Құрбанай Сағындыққызы. Отанға бала-шағасымен оралған ана туған жердің топырағында бақыттың мекенін тапқандай. Ол 1950 жылы Өзбекстанда дүниеге келіп, жарты ғасыр уақытын сонда өткізген. Әрине, балалық шағы, жастық кезеңі өткен жер оған ыстық. Дегенмен, ұрпағының болашағы үшін ата-бабасының кіндік қаны тамған жерде өрісін кеңейтуді мақсат тұтты. Бүгінде ананың асыл арманы орындалғандай. Мінезі баладай, көңілі дариядай кең, пейілі таза ананың отбасында болып, тыныс-тіршіліктерімен таныстық. Өткен өмірінен сыр шерткен Құрбанай Қарабалаева келмеске кеткен кезеңді сағына еске алды.

– Он сегіз жасымда Уәлихан дейтін азаматқа тұрмысқа шықтым. Жас болған соң, көп нәрсені білмейтін едім. Бірақ енем білмегенімді үйретіп, тәрбиеледі. Одан мен жаман болған жоқпын. Ал Құдай қосқан қосағым қызмет істеп, жоғары лауазым иесі болды. Бала-шағаның қамын жасап, бізді ақшадан тарықтырмады. Бір сөзбен айтқанда, жоқшылық көрмедік. Үйге келген ақшаны ұқыпты ұстап, керегімізге ғана жұмсадым, – дей келе ол елге 2002 жылы отбасымен көшіп келгенін айтып, мемлекет тарапынан ерекше қолдау болғанын жеткізді. Әсіресе, шетте жүрген қандастарымыздың елге оралуына жағдай жасаған Елбасының орасан зор еңбегіне оның алғыстан басқа айтары жоқ. Бүгінде Мамлют ауданына қарасты Покровка ауылында тұрады. Кеңес, Шоқан, Марат, Мұрат, Батыр, Нұрсұлтан есімді алты ұл мен Гүлбаһрам, Бақытгүл, Жаңылсай, Құралай, Дина, Жазира атты алты қызы бар. Қарабалаевтар әулетінен тараған ұрпақ сан салада қызмет етуде. Білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет, кәсіпкерлік, сауда, ауыл шаруашылығы салаларында еңбек етіп жүрген ұл-қыздарының әрбір жетістігіне әрқашан тілеулес. Үкіметтің қолдауының арқасында ұлдары төрт түлік өсіріп, бау-бақша егіп, ырысы кеңеюде. Әрқайсысына адал еңбек етуді айтып отырады. Барлық саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған аяулы жан әулетіне ғана емес, ағайын-туысқа, абысын-ажынға, көрші-қолаңға, тіпті, ауылға сыйлы.

Жұмақтың кілті – ананың аяғының астында. Бұл сөздің астарында терең ой жатқанын Құрбанай ананың ұл-қыздары жақсы біледі. Сүт кенжесі Нұрсұлтан екі жаста болғанда жұбайы өмірден өтіп, көңілді мұң торласа да, батыр ана кейімеді. Сондықтан олар әкелері өмірден өткен соң, отбасының ендігі үлкені, ақылгөйі ретінде Құрбанай апайдың кесіп айтқан сөзінен әрі асқан емес.

Әсіресе, ұлдары кез келген істі аналарымен ақылдасып отырады. Өздері де бір отбасының түтінін түтетіп, шаңырақ иесі болса да, ана – олар үшін ең қадірлі адам. Ал келіндері мен күйеу балаларының да сыйластығы ерекше. Батыр ананың үлгі-өнегесін көрген әулеттің келіндері – сабырлы, салиқалы. Ұрпағымен бақытқа кенелген әзиз ана отбасында ешқашан ұрыс-керіске жол берілмейтінін айтады. Өйткені, шаңырақтың шаттығы, әулеттің ақылшысы болып отырған ол ұл мен қыздың тәрбиесіне баса көңіл бөледі. Келіндері де Құрбанай апайға барынша ұқсап бағуда. Кезінде текті әулеттің босағасын аттап, келін атанған сәті әлі күнге дейін оның көз алдында.

– Қазақтың әрбір қызы үшін бір шаңырақтың босағасын аттап, жаңа өмірге қадам басуы ең жауапты әрі ұмытылмас кезең деп ойлаймын. Әрине, өз үйіңнен кетіп, басқа бір әулетке сіңісіп кету оңай емес. Өзім келін болып түскенде, таңмен таласа тұрып, үйдің тірлігіне кірісетінмін. Атам ерте қайтыс болғандықтан, енемнің көңілінен шығу үшін барымды салдым. Ал қазір келіндерде еркіндік бар. Келінді тұқыртып ұстау дұрыс емес, дегенмен ененің жақсы тәрбиесін көрген адам далада қалмайды деп ойлаймын, – деді Құрбанай Қарабалаева.

Отбасының ұйытқысына айналып, әулеттің ажарын келтіріп отырған ананың жүрегі кең, көңілі таза. Бастысы пейілі ақ. Әр баланың өз несібесі болады дегендей, батыр ана әрқайсысының орны ерекше екенін айтады. Бүгінде ол немере мен шөберенің қызығына бөленуде. Алтын құрсақты ана – 28 немере, 7 шөберенің сүйікті әжесі.

“Ата салтың – халықтық қалпың” демекші, бұл әулетте салт-дәстүрге ерекше мән беріледі. Қазыналы қария немерелері мен шөберелеріне бесік жырын айтудан еш жалыққан емес. Өйткені, ананың ұғымында “Бесік жыры” – ұлттық тәрбиеміздің қайнар көзі. Баланы бесікке салу, тұсау кесу, беташар, сүндет той, шілдехана сияқты салт-дәстүрлер қатаң сақталады. Жөн-жоралғылардың орындалуын өзі қадағалап отырады. Келіндерінен де, қыздарынан да ұлттық тәрбиенің негізі болар дәстүрді үзбеуді талап етеді. Жыл сайын Ұлыстың ұлы күнінде өз қолымен наурызкөже дайындап, ауыл тұрғындарына дәм татқызады. Бұл ауылдастарға деген сыйластық қана емес, ұлттық салт-дәстүрге ерекше құрмет болса керек.

Мәуелі бәйтеректей ұрпағымен жайқалған әзиз ананың самайын ақ шалса да, жүзінен жылылық лебі еседі. Болдым-толдым дейтін емес, қарапайым жан. Адамгершілік асыл қасиетінен ешқашан айныған емес. Оның қарапайымдылығы соншалық, кеудесіне алтын алқаларын жарқыратып тақпайды. Алланың бұйырған ғұмырын өз ақыл-парасатымен мәнді еткен қария үшін, ең бастысы, балаларының амандық-саулығы, тәуелсіз еліміздің береке-бірлігі мен тыныштығы маңызды.

Онымен біраз әңгімелесіп, үйге де қайтатын уақыт таяп қалды. Кетер кезде қолын жайып, ақ батасын берді. Күннің қызуынан қаншалықты нәр алсақ та, ананың ыстық алақанынан асқан жылу жоқ. Бақытты ана отбасына ғана емес, айналасына да шуақ нұрын шашып тұрғандай.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Мамлют ауданы.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.