ЖАЗЫҒЫМ НЕ?

“Шаңырақ” қосымшасына Ақжайық деген оқырманымыздан хат келіп түсті. Өзінің аты-жөнін толық көрсетпеуді өтінген әйел отбасының берекесін алған мәселені ашық айтып, ішкі сырымен бөлісті. Көпке ой салар оқырманның хатын бүгін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Құрметті оқырман, осы хатқа байланысты айтар ойларыңыз болса, хабарласыңыздар.

Тұрмысқа шыққаныма он жылдан асты. Екі баламыз бар. Үлкені – сегіз жаста, кенжеміз әрі еркеміз екіден жаңа ғана асты.

Жұбайым – ата-анасының жалғызы. Шаңырақ көтеріп, бөлек шыққанда ата-енемнің үйіне жиі барып, оларға көмектесіп тұратынбыз. Қазір өзіміз балалы болған соң, күйбең шаруамен жүріп, оларға бұрынғыдай көп көңіл бөле алмаймыз. Сенбі-жексенбі күндері мен баланың сабағын оқытсам, жұбайым кенжемізбен таза ауада қыдырып, басқа да қордаланып қалған жұмыстарды бірлесе істеп тастауға тырысамыз. Ал ата-енем болса, “үйге келуден қалдыңдар, ешбір көмектерің жоқ, үйленіп алған соң, бізді ұмыттыңдар...” дегендей, жүрекке ауыр тиетін сөздерін жиі айтатын болды. Жақында жұбайым, тіпті, анасымен телефон арқылы сөзге келіп қалды. Ана мен бала арасында болған әңгімеден: “Әйеліңді ғана тыңдайсың, мен саған бөтен адам болып барамын”, – деген сөздерді естігенде, еріксіз көзіме жас алдым. Өйткені, мен енемді сыйлаймын және онымен баласының арасын бөлу мүлдем ойымда болған емес. Керісінше, арамыздағы қарым-қатынасты нығайта түсу үшін барымды салудамын. Әрине, күйеуім жалғыз ұл болған соң, ата-енемізбен бірге тұрғанымызда, мұндай жағдай орын алмас еді. Дегенмен де, әу баста бізді “жассыңдар, өз отауларыңды құрыңдар” деп бөлек шығарған өздері еді. Енді, міне, ақыр соңында “баламызды бізден алыстатып жібердің”, – деп бәріне мені кінәлі етіп отыр.

Ата-енеммен болған түсініспеушіліктің кесірінен үйден де береке кетіп, жүйкем жұқарды. Әрине, әрбір ата-ана үшін баладан асқан бақыт жоқ. Осы жағынан алғанда енем мен атамды түсінемін. Олар да ұлының қасында болғанын, оларға көңіл бөлгенін қалайды. Бірақ біздің өз отбасымыз, өз проблемаларымыз бар екенін түсінбейтіндері мені қынжылтады.

Осы уақытқа дейін бәріне көз жұмып келдім. Бірақ соңғы кездері енем ұлымен жиі сөзге келіп қалатынын байқадым. Ашуға бой алғызған жұбайымның маған деген көзқарасы да өзгере бастады. Осылай жалғаса берсе, бір күні ажырасып тынамыз ба деп те қорқамын. Жұбайым мен енемнің ортасында жүріп, әбден шаршадым. Менің жазығым не, түсінбеймін?  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика