ТҰМАРЫҢДАЙ САҚТА

“Солтүстік Қазақстан” газетінің №2 (6 қаңтар 2018 ж.) санында шыққан “Қыздың ары – ұлттың абыройы” деген мақалада маңызды мәселелер көтерілген. “Дөңгелек үстел” басына жиналған әр саланың өкілдері бойжеткен тәрбиесіне байланысты тұшымды ойларымен бөлісіп, пікірлерін ортаға салған. Мұндай маңызды кездесулерді жиі ұйымдастырып, оларға тек қана қыздарды емес, ұлдарды да қатыстырып отыру керек. Өйткені, тәрбие мәселесін қозғағанда ұл, қыз деп бөлуге болмайды. Біз жалпы жастардың тәрбиелі, иманды, мейірімді болғанын қалаймыз. Сондықтан да ұлдарымыз намысты, қыздарымыз инабатты болып өсу үшін қоғам болып атсалысқанымыз дұрыс.

Мақалада өз басынан өткен оқиғасымен бөліскен Сандуғаш есімді бойжеткеннің әңгімесін оқып, ойға қалдым. Он тоғыз жасында ойнап жүріп от басқан екен. Оның сөзінше, алғашқы кезде сәбиін балалар үйіне өткізіп жібергісі келген. Бірақ бұл қате шешім екенін ол дер кезінде түсінген. Оң жақта отырып бөпелі болған жас ана ағайын-туыстарынан қол үзген. Ең қиыны – осындай сәтте одан сәбидің әкесі теріс айналған. Міне, осы әңгіменің өзінен-ақ қате екі жақтан кетіп тұрғанына көз жеткізуге болады. Қысқасы, қыздарымыз абыройды тұмарындай сақтап үйренсе, құба-құп. Ал жігіттеріміз оларға бір күн ойнап, тастап кететін ойыншық қуыршақ сияқты емес, болашақ жары, балаларының анасы ретінде қарап үйренсе, бұл өзекті мәселе шешімін табатын болады. Сол кезде ғана “жалғызбасты ана”, “тастанды сәби” дегендей, бүгінгі таңдағы қоғамға әбден сіңіп кеткен сөз тіркестерінің түбіне біржола балта шабылады.

Бұл жерде ата-ана да маңызды рөл атқарады. Бастысы, соны ұмытпағанымыз жөн. Ана – қыздың, ал әке ұлдың тәрбие тізгінін қолдан шығарып алмауға барын салса ғана бұл олқылықтың орны толады. Ал егер “әй” дейтін әже, “қой” дейтін қожа болмаса, жастарымыз ескексіз қайық сияқты өмір арнасымен беті ауған жаққа аға береді. Мұндайға жол беруге болмайды.

Дариға ӘШКЕН,

зейнеткер.

Петропавл қаласы.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.