ҚАЗАҚША ӘН САЛҒАН ИРИНА

Әдемі дауысымен, ырғақты әуенімен тыңдарманның жүрегіне жол тауып жүрген жас дарындардың бірі – Ирина Шевченко. Қазақ әндерін тамылжыта шырқайтын орыс қызы Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылында тұрады.

Аудандық Мәдениет үйінде қызмет ететін Ирина өнерге бала кезінен жақын болған. Ол Қызылту ауылының №2 мектебінде оқып жүргенде қазақ тіліне деген қызығушылығы артып, аудандық, облыстық деңгейлерде өткізілген сайыстарға қатысқан. Бақ пен бап таласқа түскен байқауларда бірнеше рет жеңімпаз атанған өнерлі бойжеткен Абай оқуларында да талай рет топ жарған. Мектепте оқып жүрген кезінде Ирина қатты науқастанып қалады. Бірақ бойындағы өнерге деген құлшынысы оны өмірдің бұл сынынан да сүріндірмей алып шыққан. Қыздарының мұндай талпынысын байқаған ата-анасы Александр мен Светлана оған барынша қолдау көрсетуге тырысқан. Сол үшін де ол ата-анасына және құрбы-құрдастарына дән риза.

Иринаның қазақша сөйлеуіне достары оң ықпал еткен. Олармен етене араласып жүріп, қазақ тілінің қаншалықты бай, шұрайлы екеніне көзі жеткен Ирина өлең оқумен шектелмей, ән айтуға бел буған.

– Қазақ халық әндері менің жан дүниеме жақын. Оларды тыңдаған кезде ерекше көңіл-күйге бөленемін. Сондықтан шығар, сөздерді жаттау, әнді нақышына келтіре орындау кезінде мүлдем қиындық туындамайды. Қолыма микрофон алып, жұртшылықтың алдына шыққанда, әнді бар жан-тәніммен орындауға тырысамын, – дейді өнер иесі.

Жас әнші болашақта өнерден өз орнын тауып, биік белестерді бағындыруды мақсат етеді. Осы жолда тынымсыз еңбек етуден де жалыққан емес. Әр әнді орындамас бұрын оның тарихына терең үңіліп, сөздерінің мәні мен маңызына көп көңіл бөледі. Ән айтумен қатар сурет салумен де айналысатын өнер иесі қазақтың ұлттық көне мұралары болып саналатын лиро-эпостық дастандарға қызығушылық танытады. Оның бүгінге аңыз болып жеткен “Қыз Жібек” жырындағы “Әгугәй” әнін орындауының бірден-бір себебі де осында.

Мемлекеттік тілді насихаттап, жастарға үлгі көрсетіп жүрген сахна сандуғашының келешекте өнері өрге басарына шүбәміз жоқ. Өйткені, оның қадамы нық, мақсаты айқын.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.