ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН

Ата-анаға деген құрметтің мәртебесін арттыруды мақсат тұтқан “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы – жыл сайын өткізілетін маңызды шара. Рухани құндылықтарды жаңғыртып, отбасының жағымды үлгісін тарата отыра, жастарға үлгі көрсетуді мақсат еткен сайысқа қатысушылар еңбек, спорт, шығармашылық, зияткерлік және ғылым жолдарында жеткен жетістіктерін көрсетуге тырысады. Қуанарлығы сол, үміткерлер қатары жыл сайын қалыңдай түсуде.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өткізетін шараға еліміз бойынша өткен жылы 2879 отбасы қатысқан. Олардың ішінде 1041-і көпбалалы болса, 516-сы – еңбек әулеттері өкілдерінен құралған отбасылар.

Жалпы алғанда жиырма этнос, 27 интернационалдық отбасы бақ сынаған дүбірлі доданың екінші кезеңіне біздің өңірден 33 шаңырақ иелері қатысты.

Олардың ішінде аудандық сайыста топ жарып, “Интернационал отбасы” аталымы бойынша жеңіске қол жеткізген отбасылардың бірі – Жанқошқаровтар әулеті.

Айыртау ауданының Константиновка ауылында тұратын Берік Қасынтайұлы мен Татьяна Юрьевна бақыттың кілті өзара сыйластықта деген ұғымды ұстанады. Еңбегімен еленіп, ауылдастарының арасында сый-құрметке бөленіп отырған ерлі-зайыпты аудандағы қоғамдық жұмыстарға және мәдени шараларға белсене қатысады. Шығармашылық пен тапқырлықты талап ететін еңбек те елеусіз қалған емес. Бұл сөзімізге отбасы мүшелері марапатталған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар дәлел бола алады.

Ел ағасы жасына келген отағасы машина-трактор шеберханасында меңгеруші болып жұмыс істейді.

– Отбасы беделін нығайта отыра, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім қалыптастыруға, кішіге қамқорлық және үлкенге құрмет көрсетуге негізделген сайысқа қатысқанымыз – біз үшін үлкен мерей. Бұл сайыстың мәні де, маңызы да зор, – дейді отағасы.

Шаңырағын шуаққа бөлеп, қашанда сабырлы, қарапайым мінезімен ерекшеле білген отанасы наубайхана және қоғамдық тамақтану орнының меңгеруші қызметін атқарады.

Өз істеріне жауапкершілікпен қарап, біріне-бірі сүйеу болған ерлі-зайыпты қыр гүліндей құлпырған үш қыз тәрбиелеп отыр. Әке-шешенің үмітін ақтауға тырысқан Әния мен оның сіңлісі Альмира – мектеп оқушылары. Аналарына қолқанат болып, үйдің жұмысын ұршықтай үйіретін қос қарлығаш – оқу озаты. Ал өзінің тәтті қылығымен жанды сүйсіндірер үйдің кенжесі әрі еркесі Әмина бес жаста. Алдындағы әпкелеріне қарап бой да, ой да түзеген ол – шағын орталық тәрбиеленушісі.

Әкені асқар тауға, ананы кәусар бұлаққа теңеген қыздары ата-ананың ақылына сусындап, қайырымды, инабатты болып өркен жаюда.

Бала тәрбиесіне көп көңіл бөлетін ерлі-зайыпты – қыздарын еңбекке баулып, жақсы сөзбен ғана емес, үлгілі істерімен өнеге көрсетіп жүрген жандар.

Қандай әке-шеше болсын балаларының ақылды, өнерлі, кішіпейіл болып өскенін қалайды емес пе?! Берік Қасынтайұлы мен Татьяна Юрьевнаның да отбасылық өмірдегі ұстанған бағыттарының бірі – осы жол. Ертеңгі күнге үлкен сеніммен қараған ана дұрыс тәлім-тәрбие беруімен қатар, қыздарының бойына асыл қасиеттерді сіңіруде. Бұл – оның аналық парызы.

Бағлан ҚОЖАҚОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Айыртау ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика