ТІГІНШІНІ ИНЕСІ АСЫРАЙДЫ

Алуан түрлі мамандықтан қалағанын меңгеріп, заман талабына сай болуды мақсат еткен ұл-қыздардың ұмтылысын көргенде қуанасың. Жалынды жастар – ел ертеңі. Болашақтың тұтқасын ұстар ұрпақтың білімді, өнерлі, өнегелі болып ержетуіне мемлекет те өз тарапынан барлық жағдайды жасап отыр. Осындай мүмкіндікті мүлт жібермей көптің ішінен топ жарған шебер қыздардың бірі – Тайынша қаласының тұрғыны Альбина Қайырбекова.

Бала кезінен ине-жіпке жақын өскен бойжеткен осыдан екі жыл бұрын Көкшетау қаласындағы сервистік-техникалық колледжді тамамдаған. Мамандығы – тігінші. Қолына дипломын алған соң киім тігумен кәсіби деңгейде айналыса бастаған жас шебердің қол жеткізген жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. 2016 жылы “Даму” қоры арқылы 1,5 миллион теңге несие алып, кәсіп аясын кеңейткен.

– Пайызы төмен, талабы тиімді несие мен үшін өте қолайлы болды. Соның арқасында өз кәсібімді дөңгелетіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтамасыз етуге жақсы мүмкіндік алдым. Қарыздың өтеу мерзімі – төрт жыл. Үш айда бір рет төлем жасаймын. Бұл – өте ыңғайлы. Алдағы уақытта қарызды мезгілінен бұрын өтеп, тағы да мемлекеттің қолдауы арқылы қаражат алып, кәсібімді одан сайын кеңейтуді жоспарлап отырмын, – дейді ол.

Жас болса да, бас болып жүрген Альбина ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрдің қадір-қасиетін жете түсінгендіктен, сырт киімдермен қатар, үйіңіздің көркін келтіретін неше түрлі төркөрпелер, төсек-орын тыстары сияқты қажетті заттардың барлығын тігеді.

Әсемдігі жарасым тапқан қыз-келіншектердің киімдері ұлттық ою-өрнектермен көмкеріліп, әшекей тастармен безендіріледі. Шебердің қолынан шыққан осындай киімдерінің бағасы да қымбат емес. Алдымен тапсырыс берушінің талғамы мен талабы, жас ерекшелігі ескеріледі.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика