СӘБИ ШАЛА ТУМАСЫН ДЕСЕҢІЗ...

Баланың дені сау болып өмірге келуі анаға тікелей қатысты. Сондықтан да сәби көтерместен бұрын әр әйел алдымен өзі медициналық тексеруден өтіп, қажет болған жағдайда мамандардың нұсқауымен ем-дом алуы тиіс. Бұл жерде болашақ әкенің де дәрігерлерге қаралғаны дұрыс. Өйткені, сәбидің денсаулығы барынша жақсы болуы ата-ананың екеуіне де байланысты.

Қынжыларлығы сол, мұндай кеңеске екінің бірі құлақ аса бермейді. Кей жағдайларда әйелдер өздерінің бойларына бала біткенін 22 апта өткенде ғана біліп жатады. Ал дәрігердің алдына одан да кеш келетіндері бар. Бұл – көп әйелдердің жіберетін қателігі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының енгізген өлшемдері бойынша салмағы 500 грамм, бойының ұзындығы 25 сантиметр болатын нәресте шала туған болып саналады. Екіқабат әйелдің 22-37 апта аралығында сәби тууы мерзімінен бұрын босану болып есептеледі. Ал 42 аптаға дейін босану шақалақтың айы-күніне жетіп туғаны. 42 аптадан кейін босану жүктіліктің уақытынан асып кетуі болып тіркеледі.

Ең аз салмақпен туған шақалақтарды біздің елде 2008 жылдан бастап тіркеуге алатын болды. Шала туған нәрестелер салмағы бойынша бөлінеді. Бұл жерде мен сәбидің салмағынан да гестация мерзімі маңызды екеніне тоқталып өткім келеді. Бір сөзбен айтқанда, іште жатқан шарананың дамуы үшін әр аптаның өз маңыздылығы бар. Болашақ аналардың осыны ескергендері дұрыс.

Негізінде нәрестенің шала тууына әлеуметтік және медициналық факторлар себеп болады. Әйел адамның саламатты өмір салтын ұстанбауы, шылым шегіп, спирттік ішімдіктерді пайдалануы, жеке басының гигиенасына дұрыс қарамауы, жүйкенің жұқаруы, уақытымен тамақтанбауы сияқты жайсыз нәрселердің барлығы іштегі шарананың толық жетілуіне әсерін тигізеді де, ол мерзімінен бұрын туып қалады. Кәмелеттік жасқа толмағандар мен 35-тен асқан әйелдер арасында уақытынан бұрын босанып қалу жағдайлары жиі кездеседі.

Уреаплазмоз, микоплазмоз инфекциялары, герпес вирустары сияқты аурулар сәбидің ерте туып қалуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Әдетте, көп адам мән бере бермейтін суық тиюдің, тамақ ауруының өзі аяғы ауыр әйелдер үшін қауіпті болмақ. Өте төмен салмақпен туған нәрестелер арасында сирек болса да, саңырау, зағип сәбилер де кездеседі.

Инфекция – бұл сәбидің ерте туып қалуының ең бірінші факторы. Сондықтан да сәбиінің сау болып тууы үшін әр ана, алдымен, өз денсаулығына мұқият болуы қажет. Өйтпеген жағдайда күніне жетпей туған сәби түрлі инфекциялық аурулар жұқтырып алуы мүмкін. Тіпті, өздері емуге дәрменсіз сәби денсаулығы үшін бұл – өте қауіпті.

Өткен жылы облыстық перинаталды орталықта 4399 сәби өмірге келсе, олардың 375 шала туған нәрестелер болды. Оның ішінде 21-інің салмағы бір килограмға жеткен жоқ. 2016 жылы осындай 12 сәби дүниеге келген еді. Осындай көрсеткіштің өзінен-ақ жыл сайын өте аз салмақпен туатын нәрестелердің саны өсіп келе жатқанын аңғаруға болады. Биылғы жылдың алғашқы айының өзінде ғана отыз ана мерзімінен ерте босанды.

Жүктіліктің 22-27 аптасында өмірге келген нәрестелердің арасында бүйрек және сал ауруына шалдығу қаупі бар. Сөйлеу жағынан да мұндай сәбилер қатарластарына қарағанда кеш дамиды. Орталықтағы алты орынға шақталған сәбилердің жан сақтау бөлімшесінде өте аз салмақпен туған шақалақтарға медициналық жағынан толықтай көмек көрсетіледі. Ол үшін қажетті құрал-жабдықтар да бар. Бірақ өте әлсіз болып туған шақалақ үшін жатыр ішіндегідей жағдайды жасау үшін мұның бәрі, әрине, жеткіліксіз.

Өкінішке қарай, 22-25 аптада туған шақалақтардың басым бөлігі шетінеп кетеді. Тек 25 аптадан асқан кезде өмір есігін ашқан нәрестелер ғана аман қалуы мүмкін. Бірақ біз барлығын қатаң бақылауда ұстап, қолдан келгенше медициналық көмек көрсетеміз.

2017 жылы мекемеде салмағы 547 грамм ғана шақалақ туды. Дәл осындай аз салмақ соңғы он жылда кездеспеген жағдай. Қуанышқа қарай, ол аман қалды. Бірақ бұл мақтанатын жайт емес. Керісінше, ойландыратын мәселе.

Наталья СЕМЕНОВА,

облыстық перинаталды орталығы бас дәрігерінің балалар жөніндегі орынбасары.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика