МЕНІҢ МАҚТАНЫШЫМ

Отбасының тірегі – әлпештеген әке мен аялаған ана. Олардың алдындағы перзенттік парызды өтеу бала үшін үлкен міндет және борыш болып саналады. Ұлға қашанда шаңырақ иесі, қызға қонақ деп қараған әке мен шеше ұрпағын қазақы қалыпқа салып тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттай отыра, салт-дәстүрге баулып өсіруді өзіндік міндет санайды.

Дәстүр демекші, біздің отбасымызда да тамыры тереңге созылған жақсы қасиеттер орын алған. Олардың бірі – алтын бесік ауылымызбен, ондағы туған-туыстармен ортада орнаған жақсы қарым-қатынас. Біз жыл сайын демалыс кезінде туған ауылға қонаққа барып тұрамыз.

Белгіленген күні әкем, ағам үшеуіміз жолға шықтық. Әлден уақытта анадайдан Көбеш ауылының телемұнарасы да көрінді. Сол кезде біз беттеген Жарғайың ауылының да бір шетіне жақындап қалғанымызды түсіндік. Қуаныштан бетіміз бал-бұл жанып, көңіліміз одан сайын көтеріле түсті. Әкеміз болса, ауылға жақындаған сайын жер-су аттарын атап, олардың тарихына терең бойлап, әдемі, тағылымы мол әңгімелер айтып берді.

Ерке Есілдің бойына жайғасқан ауылымыздың келбеті сондай тамаша. Сарқырап аққан мөп-мөлдір салқын су, желмен тербелген аққайыңдардың сұлулығы көрген көздің жауын алады. Осылайша, табиғат ананың барлық әсемдігімен тағы бір қауышып, оған қайта-қайта сүйсінумен ауылға да жеттік.

Тілеген ағамыз бізді асыға тосып жүр екен. Ол – әкемнің бала кезден бірге өскен досы. Бүгінде қарашаңыраққа ие болып, үйдің түтінін түзу ұшырып отырған досын әкеміз бізге үнемі үлгі етіп айтып отырады. Даналыққа толы әке әңгімесінен шаңырақ, ағайын-туыстың ауызбіршілігі, татулық деген сөздердің қадір-қасиетін, мән-мағынасын терең түсінуге мүмкіндік алдық. Ол үшін әкемізге алғысымызды білдіреміз.

Қазақ қашанда қонағын құдайындай сыйлайтын халық қой. Біз есіктен кіргелі тізе бүкпей сый-құрмет көрсетіп жүрген Тілеген аға мен әкеміз біраз жаңалықтарымен бөліскенше дастарқанға сары бауырсақ шашылып, буы бұрқыраған дәмді шай де келіп жетті. Біз барлығымыз бір үйдің баласындай дастарқан басына жиналып, әңгімемізді одан әрі жалғастырдық. Кейін далаға шығып, таза ауамен демалып, біраз серуендеп келдік. Ауылда көптен бері болмасақ та, мұнда бізді жатсынған ешкім жоқ. Таныс болса да, болмаса да барлық балалар жүгіріп келіп, бізбен амандасып, үлкенге – ізет, кішіге қамқорлық көрсетті.

Екінші күні зират басына барып, өмірден өткен ата-әжелерімізге, туыстарға Құран оқыттық. Осылайша, бірер күн туған ауылдың топырағында ойнап-қунап қалаға оралдық. Міне, ауыл деген осы. Ол – ұлттық салт-дәстүрдің діңгегі, қазақы болмыстың тамаша көрінісі. Әр адам ерекше сағышпен қауышатын осындай тамаша естеліктер мына қыстың қытымыр суығында жанға жылылық сыйлап, ерекше сезімге бөлейді.

Қазір оқу жылындағы ең ұзақ тоқсан өтіп жатыр. Күннің суығына қарамай сабаққа барып, тәлім-тәрбие алып жүрміз. Жақсы демалу үшін, алдымен сабақта озат оқушы атанып, қоғамдық жұмыстарға да белсенді түрде қатысқан дұрыс. Бұл жағынан алғанда ағам Алтынбек екеуіміз топ жарып алға шықтық десем, артық айтқаным болмас. Біз нақышына келтіре өлең оқуды ұнатамыз. Ағам екеуіміз қазақтың ақиық ақыны, биыл туғанына 125 жыл толатын Мағжан Жұмабаевқа арналған оқулар сайысына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрміз. Ақынның өлеңдері жастарды қанаттандырып, бойға күш-жігер береді. Оның құндылығы да осында. Біздің әдебиет әлеміне біртабан жақын болып өсуіміз, әрине, әке мен анамыздың ақылы, олардың берген дұрыс бағыт-бағдарының жемісі. Балаларына жақсы сөзбен, өнегелі іспен үлгі көрсетуді мақсат еткен ата-анамыз өнерден құралақан адамдар емес. Айта кету керек, өткен жылы біз отбасымызбен бірге қалалық тіл сайысына қатысып, жеңімпаз атандық. Осының барлығына отбасымызда орнаған бірлік пен татулықтың арқасында қол жеткіздік.

Айбын ИМАНБЕК,

№42 мектептің оқушысы.

Петропавл қаласы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика