ТОРТ ОРНЫНА ШАЙ БЕРСЕ...

Бала – біздің болашағымыз. Кез келген ата-ана ұл-қызының аман-есен ержетіп, өркен жайғанын қалайды. Сондықтан да тәрбие тізгінін босаңсытып жібермеуге тырысады. Бұл – жазылмаған заңдылық.

Кеше ғана тәй-тәй басып, бал тілімен жүрекке қуаныш ұялатқан ұл-қыздарыңның қатарынан қалмай, екеу болып, шаңырақ көтергенінің өзі түсіне білген адам үшін бір мерей емес пе?!

“Күй тартылып, барлық өлең айтылсын

Анажаным, жастық шағын еске алсын.

Жасамасаң басқа тойды жасама

Екі жастың бақыт тойы тойлансын”, –

деп шырқайтын қазекем ештеңеге қарамайтын, шашылып, той жасайтын қонақжай халық екені белгілі. Мұның барлығы салт-дәстүрге деген құрметтен бастау алады. Дегенмен, “айдың екінші жағы да бар”, – демекші, қазіргі той бұрынғыдан өзгеше. Тойдың басы салт-дәстүріміз бойынша беташардан басталғанымен, соңында кәдімгі шоуға айналып кететінін түсінбеймін.

Ақ тілек пен үлкендердің батасымен өрілген әп-әдемі той кейбір кезде қарауға да ұят әрекеттердің көлеңкесінде қалып жатады. Ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан дәстүрлердің өздері бүгінде өзгеріп кеткені жасырын емес. Тәрбиелік мәні жоқ ойындар, қисынға келмейтін шетелдің билері қазақтың тойында бұрын-соңды болған емес. Мұның барлығы – салт-дәстүрді ұмыта бастағанымыздың бірден-бір дәлелі. Мәселен, қазақта шарғы деген әдемі дәстүр бар. Оның талабы бойынша тұрмыс құрып жатқан қыз өзінің ақ орамалын келесі тұрмыс құратын ең жақын құрбысына немесе сіңлісіне өз қолымен сыйға береді. Міне, күллі жұрттың алдында қалыңдық қыздарға теріс қарап тұрып бір шоқ гүлін лақтырып, оған таластырып қойғанша, осындай тамаша ғұрпымызды жандандырсақ, нұр үстіне нұр болмай ма? Ал торт кесу деген қайдан келген салт? О заман да бұ заман жаңа түскен келіннің ата-енесінің аузына қасық-қасық торт тығындауы сырт көзге жағымсыз көрінетіні рас. Оның орнына тойға келген ағайын-туысқа жас келін дәмді шайын құйып, үй шаруасындағы өнерін көрсетсе, осы жарасымды емес пе? Келіннің қолынан ене шалқып, ата шалқайып отырып, қызыл күрең шай ішсе, ата-анаға мерей, жас қыздарға үлгі болар еді.

Тағы бір тоқтала кететін жайт – бүгінгі таңда көптеген ата-ана қыз бен келіннің айырмашылығын түсінбейтін сияқты. Тойда, құдалықта тілек айтқан кезде: “Жаңа түскен келінді қызым деп айтам, қызымдай көріп аялаймын”, – дейтіндерді жиі еститін болдық. Тіпті, кейбір ата-енелердің келініне “доча” деп айтатынына не дейсің?

Атам қазақ “келінді – келін, қызды – қыз”, деп олардың әрқайсысына өзіндік тәрбие-тәлім берген емес пе? Тарихта өнегелі сөзімен, үлгілі ісімен қалған инабатты келіндер аз емес. Олай болса, бүгінгі таңда келінге “қызым” деп айтуымыздың себебі неде? Бұл қателік пе, түсінбестік пе, әлде “келінге келін болсаң ғана жағасың” дегендей, заман талабы ма? Бұрын келіндер ата-ененің көңілін қалай табамын деп үйдің отымен кіріп, күлімен шығушы еді. Ал қазір барлығы, керісінше, келіннің қас-қабағына қарайтын күн туды.

Келесі бір айта кететін жайт – немере мен жиен мәселесі. Қазақ халқында ұзатылған қыздан туған балаларды жиен, ал ұлдан тараған ұрпақты немере деп атаған. Түсіне білген адам үшін мұның да түп төркінінде ұрпақ тазалығы, тектілік, бекзадалық бар. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда жастары елу-алпыстан асқан азаматтар арасында білместіктен бе, әйтеуір жиен мен немеренің аражігін айыра алмай жүргендер аз емес. Бұған, тіпті, айтар сөзің де жоқ. Қыздан туған нәресте тегі басқа болғандықтан, немере бола алмайды.

Қазақтың генетикасын зерттеген дүниежүзінің ғалымдары ең таза қан қазақтікі деп бекер тұжырым жасаған жоқ. Жеті атаға дейін қыз алысып, қыз беріспеу дәстүрі бізде ғана бар. Бұл – біздің мәдениетіміздің ерекшелігі. Сондықтан да немере, жиен мәселесіне келгенде, қателесуге болмайды.

Қанымыздың тазалығын сақтап, бабадан жалғасып келе жатқан тектілігімізді одан сайын дамыта түсу үшін әр нәрсені өз атымен атап үйренейік, ағайын! Ұлттық кодымыз әрқайсымыздың сана-сезімімізден басталатынын ұмытпайық. Оны білмеуге, я болмаса ұмытуға қақымыз жоқ. Керісінше, салтымызды, дәстүрімізді, ғұрпымызды барынша насихаттап, жастарға үлгі етіп, айтып, көрсетіп отырғанымыз жөн.

Жапар ТӨЛЕГЕНОВ.

Қызылжар ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика