ШАТТЫҚ ОРДАСЫ

Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені, адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ержетіп, тәрбие алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі болып табылады. Шаңырақтағы тәрбиенің адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсемен салыстыруға келмейді. Өйткені, ата-ананың бала тәрбиесіндегі орнын ешкім толтыра алар емес.

Қаратал орта мектебінің директоры Еркін Әлібеков – бес баланың әкесі. Ол өз отбасын нығайтуға ерекше назар аудара отырып, балиғатқа толған ұлы Жангелдіні де өз бетімен отау тігіп, үй болуға, шаңырағын көтеруге әзірлеуі, бұл міндеттің жауапкершілігі мол екенін байқатты. Әке ретінде ол баласының алдындағы міндетті абыроймен атқарды. Бүгінгі таңда тұңғыш ұлдары Жангелді өз алдына шаңырақ көтерді. Көкшетау қаласындағы ішкі істер бөлімінде жол полициясының инспекторы қызметін атқарады.

Жас отаудың түтіні түзу шығып, махаббат пен татулық, береке-бірлік орын тепкен жылы ұяға айналуы, босағасы берік, болашағы нұрлы болуы көбіне ата-анадан алған тәлімді тәрбиеге байланысты. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деген қазақ халқының мақалы өмірден алынғандығымен өзекті. Кавказ халықтарының “Нағыз жайлы орын: қылышқа – қынабы, отқа – ошағы, ер жігітке – өз үйі” деген нақылы да отбасы тәрбиесіне ештеңе тең келе алмайтынын меңзесе керек. Екінші ұлы Ілияс Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы университетке грантпен оқуға түсіп, қазіргі уақытта білім нәрімен сусындауда. Одан кейінгі ұлы Салауат – Көкшетау қаласындағы қазақ-түрік лицейінің 9-сынып оқушысы. Салауат алдына қойған мақсатына жету үшін бар күшін салады, сынып белсендісі. Талант пен жалғыз қызы Айтолқын – Қаратал орта мектебінің бесінші және екінші сынып оқушылары. Еркін Қайырбекұлының отбасында адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік, қайырымдылық, имандылық сияқты ізгі қасиеттер ұялаған. Отбасы мүшелері әке-шешені құрметтеп, оларды үлгі тұтады.

Еркін Қайырбекұлы басқаратын Қаратал ауылындағы орта мектеп ұжымы жыл сайын жас мамандармен толығып, білім сапасында да айтарлықтай нәтиже көрсетіп келеді. Мектепте туындайтын әртүрлі мәселелерді шешу үшін Еркін Қайырбекұлы бар күш-жігерін жұмсап, ұжымды соған жұмылдырып, өзіне артылған міндетті зор жауапкершілікпен атқарады.

Ол мектептегі әр ұстазды өзінің бауырындай, ал оқушыларды баласындай көреді. Сонымен қатар оларға талап та қоя біледі. Отбасында өз баласын мейірімділікке, имандылыққа қалай баулыса, жас мамандар мен шәкірттерін де солай тәрбиелейді.

Отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Өнегелі отбасынан үлгілі ұрпақ өседі. Сайып келгенде, қоғамда әдеп-инабат өлшемдерінің терең тамыр тартып, кең жайылуына отбасының маңызы зор. Әлібековтер отбасының қос тіреуі – Еркін ағай мен Жанар жеңгей әдеп-адамгершілік талаптарын, ата-ана міндеттерін мүлтіксіз орындау арқылы қоғамның, елдің беріктігін сақтауға өз үлестерін қосып келеді.

Отбасындағы татулық – бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз. Отбасы бақыты – оның мүшелерінің жүрек тыныштығында. Сенім. Сезім. Сыйластық. Осы үшеуі барда шаңырақ шайқалмасы анық.

Марал ҚАЙЫРБЕКҚЫЗЫ.

Айыртау ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика