ӨНЕР ҚУУ ЖАРАСАР ЕР ЖІГІТКЕ

Ауыл – елдің алтын бесігі. Төрткіл дүниенің қай қиырында жүрсең де, бала кезіңде санаға ұялаған суреттерді ойыңнан сызып тастау қиын. Сондықтан шығар, қаланың күйбің тірлігінен шаршаған кезде қолыңды бірақ сілтеп, ауыл жаққа кеткің-ақ келеді. Бұл, сезім, әсіресе, шығармашылық адамдарға таныс. Жан дүниеңді баурап алар осындай сағынышты басудың ерекше бір жолы бар. Ол – домбыраның қоңыр үні. Облыстық филармониядағы “Әлқисса” ансамблінің жеке орындаушысы, дәстүрлі әнші Ғалымжан Нұрпейісовтің де ауылды сағынғанда қолына қара домбырасын алып, қағып-қағып жіберсе, мауқы басылғандай болады.

Ән өнеріне теңізге құйған тамшыдай болса да, үлесін тигізіп жүрген Ғалымжан – Есіл ауданындағы Сарман ауылының тумасы. Жаныңды баурап алар әсем дауысымен дәстүрлі әндерді шырқағанда алдына жан салмаған Ақан, Біржаннан қалған өшпес мұраны насихаттап жүрген өнер иесі домбыраны қолына бес жасынан бастап алған.

Баланың ұлттық аспапқа деген қызығушылығын оятқан – әкесі Тілеген Мұратайұлы. Отағасы домбыра тартуды бала кезінен білген. Кейін, тіпті, ұстаз болуды армандап, Петропавл қаласындағы музыкалық училищеге түскен. Бірақ қысқа жіп күрмеуге келмеген соң, оқумен қош айтысып, ауылына барып, механизатор болып жұмыс істеген.

Тағдыр деген тәңірдің сыйы болар, әкесінің орындалмай қалған арманын бүгінде баласы жалғастырып, үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр.

– Домбыра – әр қазақтың баласы үшін құнды қазына. Біздің үйде ол әрдайым төрде тұрады. Мен отбасының кенжесі болғандықтан, әкем мен анам ерекше еркелететін. Бірақ еркіме жіберген емес. Әсіресе, әкем тәрбие жағына қатал. Ол жұмыстан қолы қалт ете қалған кезде домбыра шертіп, халық әндерін орындағанды ұнатады. Ес білгелі көз алдымдағы осы көрініс менің бала жүрегіме нұр сеуіп, арманыма бастау болды. Өнерге деген қызығушылығымды байқаған ол – қолыма домбыра ұстатқан алғашқы ұстазым. Өнер әлеміне қанат қаққызып, тұсауымды кескен әкеме дән ризамын, – дейді балалық шақты есіне алған Ғалымжан Нұрпейісов.

Ал шешесі Алтын Мырзабекқызы – жеті балаға өмір сыйлаған алтын құрсақты ана. Бала дегенде жүрегі елжіреп тұратын ана өнер жолында жүрген ұлының қолдаушысы, қамқоршысы екенін де Ғалымжан ерекше тебіреніспен айтты.

Әңгіме арасында ата-ана, туған-туыс, ауыл деген тақырыптар қозғалғанда кеудесін кере демалып, ескірмейтін естеліктерімен бөлісті.

Ғалымжанның он жастағы кезі екен. Әкесі екеуі үнемі атты шанаға мініп, бес-алты қап бидай салып алып, Көбеш ауылындағы диірменге баратын. Жетім өсіп, біраз қиындықты бастан өткерген отағасы сол сапарлардың бірінде кенже баласына біраз ғибратты әңгімелер айтады.

– Сол сапар менің әлі есімде. Әкемнің: “Ұлым, өмірдің сан қилы жолдары бар. Олардан абыроймен өту үшін ең бастысы бойыңда адамгершілік, мейірімділік мол болуы керек. Адамдарға қайырымды бол, қолыңнан келсе, бәріне көмектесуге тырыс. Үлкенді сыйла, кішіге қамқор бол, біреудің ала жібін аттама”, – деген мағыналы сөздері бала жүрегіме ұялап, тәрбиенің дәні болып себілді, – дейді ол.

Әке ақылымен жүрген Ғалымжан ауылда бастауыш сыныпты аяқтап, кейін облыс орталығындағы Әбу Досмұхамбетов атындағы гимназия-интернатта білімін жалғастырады. Арада екі жыл өткенде Көбеш ауылында жаңа мектеп-интернат салынып, Ғалымжанды ауылға жақындау жерде болсын деген ниетпен әке-шешесі сол интернатқа ауыстырады. Мектепті тамамдаған соң ол өнер колледжінде дәстүрлі ән сыныбында оқыған. Қазір осы білім ошағында қосымша жұмыс істеп жүр.

Қолына алған домбырасымен сахнаның сәнін келтірген Ғалымжан әр жылдары Алматы, Жезқазған, Павлодар, Қарағанды қалаларында өткен өнер додаларында топ жарған. Оның бұл жолдағы ұстазы әрі тәлімгері өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің оқытушысы Жанат Айтбаев.

Сан ғасырлық тарихы бар дәстүрлі әннің болашағы үшін алаңдаған Біржан сал кезінде: “Қорқамын, ауруымның түрі жаман, Біржанның кім ұстар деп домбырасын”, – деген еді. Қуанышқа орай, дәстүрлі әнді дәріптеушілер біздің өңірде де аз емес. Сол дәстүрді жалғап жүрген жас дарындардың бірі – Ғалымжан.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика