АСҚАР ТАУЫМ, АРДАҒЫМ

Иә, мен де бала болдым. Әлі есімде әкем, анам, інім бәріміз бірге демалыс күндері саябаққа барып, демалатынбыз. Сондағы жеген балмұздақтың дәмі аузымнан әлі күнге дейін кетпейді.

Әкем мен анамның қасында жүргенде бауырым екеуімізден бақытты адам болмайтын. Сол кездерде мен үшін шаңырағымызға орнаған осындай шаттық шуағы еш уақытта сөнбейтіндей көрінетін. Бірақ оның да ауылы алыс емес екен.

Бір күні кешке анам жұмыстан шаршап келді. Әдеттегідей ол келердің алдында үйді жинастырып, шайын қойып, әкем екеуіміз қолымыздан келгенше үй шаруасын біржақты етуге тырыстық. Бірақ бәрібір оның көңілінен шыға алмадық.

Есіктен кіре сөйленген анам сөмкесін бір жаққа, пальтосын екінші жаққа лақтыра салып, өз бөлмесіне кірді де, есігін тарс жауып алды. Оның мұндай көңіл-күйін көрген соң, інімді алдым да өз бөлмемізге кеттік. Анамның есікті тарс етіп жапқан бір қимылы барлығымыздың көңіл-күйімізді бұзып жіберді. Терең күрсініп, әкеме көзін алайтып қарағанынан-ақ бізге бәрі түсінікті болды.

Сол түні әкем екеуі ұзақ сөйлесті. Бөлмені басына көтеріп айқайлаған анамның дауысынан бір ғана нәрсені түсіндім. Оның бізбен тұрғысы келмейді екен. Әңгіме арасында әкеме қайта-қайта: “Шаршадым, сендерден шаршадым. Мен де әйел болып қыдырғанды қалаймын, әдемі киініп, қымбат көлік мінгенді армандаймын. Шетелге шығып, мына шексіз дүниенің қызығын көргім келеді”, – деген: басымды көрпемен бүркеп алсам да, естіліп жатты. Әкем оған ештеңе деген жоқ.

Екінші күні анам жұмысқа барған жоқ. Ұйқысынан тұрған соң, киім-кешегін жинап, кетуге асықты. Маған еш нәрсе айтқан жоқ, тек кетерінде құшақтап: “Сен өскенде бәрін өзің түсінесің, қызым”, – деді. Бар болғаны сол ғана. Осылайша, інім екеуіміз бір сәтте анасыз қалдық.

Анамыздың кетіп қалғанына әкем қатты налыды. Бірақ сырт көзге сыр бермеуге тырысты. Інім екеуімізді қатарымыздан қалдырмау үшін әкеміз қолдан келгеннің бәрін істеді. Күндіз-түні жұмыс істесе де, бір уақыт “шаршадым” деген сөзді оның аузынан естіген емеспін. Әкеміздің көңілін түсірмеу үшін біз де сабағымызды жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарға қатысып жүрдік. Бірде інім суық тиіп, қатты ауырып қалды. Оны ауруханаға жатқызды. Әкем тәулік бойы қасында болды. Мен сонда әкемнің бірінші рет көзіне жас алғанын көрдім.

Ол інімнің қасында отыр екен. Ұлының кішкентай ғана саусақтарын сипап, маңдайынан мейірлене иіскеп: “Мен сендерді бақытты ету үшін қолымнан келгеннің барлығын істеймін, тек сендер аман болыңдаршы, балапандарым”, – деген сөздерін естігенде жүрегім сыздап кетті. Сол сәтте мен әкемнің бізді қаншалықты жақсы көретінін бар жан дүниеммен сезініп, іштей осындай әкеміздің барына риза болдым.

Мейлі, біз анамыздың сүйіспеншілігіне бөлене алмадық. Ауырған кезде ол қасымызда отырып, жанымызды баурап алар сөздерін бізге арнаған жоқ. Суық күнде даладан келгенде алдымыздан шығып, ыстық құшағына басқан емес. Менің бір түсінгенім, ол өмірдің қызығын баладан емес, даладан іздеді. Сондықтан шығар, сүттей ұйып отырған отбасымыздың шырқын бұзып, өзге біреудің етегінен ұстап, байлық қуып кете барды.

Ол маған “өскенде бәрін өзің түсінесің” деген еді. Мен ол кезде он жаста ғана едім. Қазір жиырмадан астым. Бірақ анашымның сол сөздерін әлі күнге түсіне алар емеспін. Және түсінгім де келмейді. Өйткені, ол бізді ақшаға, байлыққа айырбастап жіберді.

Әрине, кез келген отбасы сияқты бізде де түрлі қиындықтар бар. Бірақ соның барлығын әкеммен бірге екі жақтап шешудің орнына, сәл сәтсіздіктен өзін бақытсызбын деп санап, бізді тастап кетті. Сол үшін де менің анама деген өкпем қара қазандай.

Ал бізді бағып-қағып, оқытып, қанаттандырып, ел қатарына қосқаныңыз үшін, әке, сізге мың алғыс.

Қарақат ЖІГЕР.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика