АТА-АНАНЫҢ АРАЛАСҚАНЫ ДҰРЫС ПА?

Қазір жастардың көбі интернет желісі арқылы танысады. Бір-бірін көрмесе де, сөйлесіп, кейін кездесіп, үйленіп жататындары да аз емес. Мұның бәрі заманның ағымы. Бірақ осындай маңызды мәселелерді шешкен кезде ата-ананың ойы неге ескерусіз қалады?

Сөз жоқ, әрбір ата-ана өзінің баласының отбасылық өмірде бақытты болғанын қалайды. Олай болса, ұлдар әке-шешесінің көңілінен шыққан қызды келін етіп түсіруге көне ме?

Қуаныш БӘШЕНОВ,

26 жаста:

– Мен ата-анамды сыйлаймын. Олардың мені қатарымнан қалдырмай оқытып, бар жағдайымды жасап жүргендері үшін айтар алғысым шексіз. Өмір толқынында қандай мәселе болса да, алдымен әкеммен ақылдасамын. Қуанышымды да ата-анаммен бірінші болып бөлісемін. Бірақ үйлену жағына келгенде тек өзімнің жүрегіме ғана сенемін. Меніңше, мұндай жерде ата-ана, туған-туыстардың қалауынан да, болашақ жарым екеуіміздің шешіміміз маңыздырақ сияқты.

Данияр ЕСЕНБОЛ,

33 жаста:

– Әке-шешемнің қалаған қызына үйленемін деп айту қиын. Оларға ұнаған қыз менің көңілімнен шықпаса не істеймін? Өмір бойы өкініп өткім келмейді. Сондықтан да үйлену туралы тақырыпқа келгенде ата-анамның оған араласпағанын қалаймын.

Ринат ОЛЖАБАЕВ,

22 жаста:

– Мен отбасындағы жалғыз ұлмын. Әкемнің айтқан сөзін әрдайым дұрыс деп санаймын. Мен бір жастан асқан кезде ол өзінің жақын досының қызына құда түсіп қойған екен. Қазақта мұндай дәстүрді “Бесік құда” деп айтады. Осы жайында әке-шешем маған бала кезімнен айтатын. Мен ол бойжеткенді тауып алдым. Қазір біз жай ғана доспыз. Ары қарай уақыт көрсетеді. Бастысы мен әке-шешемнің маған тек қана бақыт тілейтінін білемін. Олай болса, мен дұрыс жолмен келе жатқаныма сенімдімін.

Айдар БЕРКІМБАЙ,

25 жаста:

– Үйлену – өте жауапты қадам. Сондықтан да ондай ойды жеті рет ойлап барып, шешкен дұрыс. Өз алдына шаңырақ көтерер кез келгенде ата-анамның ақылын тыңдап, жаңа отбасылық өмірді үлкендердің ақ батасымен бастаймын деген ойдамын. Себебі, олардың өмірден көрген-түйгені көп. Бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңестерімен көмектессе әке-шешеме тек қана риза боламын. Өйткені, бала бақытты болса, ата-ананың да қуанышы еселене түседі емес пе?

Сауалнаманы жүргізген

Құттықыз ҚҰСЕНОВА.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика