ЖҰЛДЫЗДЫ ОТБАСЫ

Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Асхат пен Динара Тауышевтар өмірде де, өнерде де жұптары жазылмаған қос аққудай. Өнерлі отбасының ән әлемінде бағындырған белестері ауыз толтырып айтарлықтай.

Шаңырағының шуағына айналып асыл жар, аяулы ана, инабатты келін бола білген Динара – Аққайың ауданындағы Трудовое ауылының тумасы. Ол бала кезінен ән айтып, болашақ өмірін сахнамен байланыстыруды арман еткен. Алдына қойған мақсатына қол жеткізу үшін мектепті тамамдаған соң, Петропавл қаласындағы өнер колледжіне оқуға түседі. Оқуда озат, алғыр, еңбекқор Динара әу баста білімін ұштап жүрген камералық хорда ән айта бастаған. Осылайша, оның бойындағы дарынды байқаған ұстаздары бағыт-бағдар беріп, әншілікпен кәсіби түрде айналысуға атсалысқан.

Өнер академиясын тамамдаған Динара алдымен Астана филармониясында қызмет етті. Елордада жаңадан ашылған “Астана Опера” театрының сахнасында өнер көрсетті. Әсемдігімен таңғалдыратын өнер ошағын Миландағы “Ла Скала”, Мадридтегі Корольдік опера, Нью-Йорктегі “Метрополитен опера” сияқты театрлардың қатарына қоюға болады. Өйткені, оны тұрғызуға отандық мамандармен бірге Швейцария, Италия, Албания, Марокко, Ресей шеберлері де қатысқаны белгілі. Өзінің заманауи құрал-жабдығымен ғана емес, архитектуралық керемет көркімен таңдай қақтыратын театр ұжымымен бірге Динара АҚШ-та, Италия, Польша, Канада, Франция, Ресей сахналарында ән салған. Әр әнді ішкі жан дүниесімен түсініп, тыңдарманға жеткізу үшін аянбай еңбек ететін Динара ана тілімен қатар, орыс, неміс, француз, итальян тілдерінде ән шырқайды. Өне бойына нағыз қазақ қызына тән қарапайымдылықты, кішіпейілділікті, инабаттылық пен имандылықты жинай білген өнер иесі ән әлеміндегі алғаш тұсауын кескен анасына шексіз риза.

– Ұрпақ сабақтастығын жалғап, бесік тербетумен қатар, ән айтып, тыңдарманның көңілінен шығу үшін талмай еңбек етудемін. Алар асуларымыз, бағындыратын белестеріміз әлі алда. Сондықтан қазір ерекше серпіліспен еңбек етіп жүрміз, – дейді Динара Бақытқызы.

Бұрымды бойжеткен өзінің болашақ жұбайы Асхатпен өнер колледжінің қабырғасында танысқан. Жолдасы да өнер десе, ішер асын жерге қоятын әнші. Динара сияқты классикалық бағытта және әскери әндер айтатын Асхат Ақжар ауданының Кеңащы ауылында туып-өскен. Кейін өнер колледжіне оқуға түсіп, 2007 жылы Динара екеуі шаңырақ көтерген.

Асхат – өнердің биігіне қанат қаққан асыл жарын мейірімге бөлеп, ұлы Ислам мен қызы Томириске қашан да қамқор бола білген абзал азамат. Астанада оқуын аяқтап, диплом алғаннан кейін Асхат Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ансамблінде әнші болған. Аз уақыттың ішінде өзінің ерекше талантымен көзге түскен Асхат аталмыш ансамбль бастығының орынбасары болып еңбек сатысында өрге басқан.

– Туған жер, туған ауыл, балалық балғын шақтың ізі қалған көшелер, оның тасы мен қыры – осының бәрі бізге ыстық, ерекше жақын. Қызылжарда жастық шағымыз, студенттік кезіміз өтті. Сол күндерді еске алып, білім бұлағынан сусындатқан ұстаздарымызға алғыс ретінде 2017 жылы Петропавлдағы облыстық филармония сахнасында алғашқы шығармашылық кешімізді өткіздік, – дейді Асхат.

Тыңдарманмен қауышып, оларды әсем әнге бөлеген тамаша кештен кейін әншілер филармония басшысы Ботагөз Жағыпарқызынан арнайы шақырту алған. Мұндай тосын сыйдан кейін олар отбасымен ақылдасып, Қызылжарға көшіп келуді жөн санаған.

Қазір олар – облыстық филармонияда әнші. Сонымен қатар, Асхат пен Динара жаңа оқу жылынан бастап өнер колледжінде ұстаз болып қызмет етпекші. Ауылда туып, Қызылжарда білім алып, Астанада өнер биігіне шыққан жарасымды жұптың алдына қойған мақсаты – өңір мәдениетін одан әрі дамытып, жастарға тәлім-тәрбие беру.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Асхат пен Динара Тауышевтар.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика