ЖҮРЕГІ МЕЙІРІМНЕН ЖАРАЛҒАН

Мен қаламгер ретінде қыз-келіншектерге қатысты жиындарға ара-тұра қатысып тұрамын. Мұндай іс-шараларды, әсіресе, “Қызылжар” мешітінің қасынан ашылған “Әжелер мектебінің” белсенді мүшелері жиі ұйымдастырады. Жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, бойжеткендерге аналық ақыл-кеңес беретін тағылымы мол кездесулерде салиқалы ойымен ерекше көзге түсіп жүрген аяулы жандардың бірі, көпбалалы ана – Сәлима Балтабаева.

Асыл жанның мінезі де алтын. Қызығарлығы сол, Сәлима Атажанқызы – барша адамға дос болуға ұмтылған, өмірге деген ынтықтығы жалындап тұрған үлкен жүректі ана. Оның тұлабойына анасының ақ сүтімен, әкенің ыстық ықыласымен біткен ерекше мінездердің бірі – қарапайымдылық пен мейірімділік.

Жылы жүзімен айналасына күн-шуақтай мейірін төгіп жүрген Сәлима Балтабаева – оңтүстік өңірдің тумасы. Қазір Петропавл қаласында тұрады. Бала кезінен елгезек, кісіге жақын болып өскен кейіпкеріміз жоғары оқу орнын тамамдаған соң, тұрмыс құрған. Келін болып, ақ босағаны аттаған кезде “көпбалалы ана болсам” деп армандаған. Оның жүрегінен шыққан шынайы тілегін қабыл еткен Жаратқан иеміз тұлымды мен бұрымдыны етегіне толтыра берген. Жиырма жасында тұңғышын бауырына басып, кейін көпбалалы ана атанған.

Өмірде қуаныш пен қайғының қатар жүретіні заңдылық емес пе?! Небәрі отыз екі жасында Құдай қосқан қосағынан айырылып, жарты жолда бес баламен жалғыз қалды. “Жүре берсең, көре бересің, көре берсең, көне бересің” дегендей, маңдайға жазғаны сол болғандықтан, қайғыдан қабырғасы қайысса да, әлі оң-солын танымаған шиеттей бала-шағасына ана да, әке де болуға тырысады.

– Бірінші Алла, екінші өмірге деген құлшынысымның арқасында, көптің қолдауымен балаларымды аман-есен ержеткіздім. Қазір олар өздері қалаған мамандықтары бойынша жұмыс істейді. Мен үшін баладан асқан байлық жоқ. Сондықтан да олардың өсіп, өркен жайғанын көрудің өзі бір ғанибет, – дейді ана.

Өмірі өнегеге толы ақжаулықты ана қазан-ошақтың басымен шектеліп қалған емес. Қашанда заман талабына сай болуға ұмтылған ол өзі туып-өскен оңтүстік өңірде жиырма жыл бойы мектеп басқарған.

Отбасында аяулы ана, қызметінде білікті басшы бола білген кейіпкеріміздің атасы діндар адам болған екен. Кішкентай кезінен қарт атасының аузынан шыққан ғибратты әңгімелерді естіп өскен ол имандылық жолына бет бұрған.

Бала тәрбиесіне келгенде тізгінді босатпай, еркелетсе де, еркіне жібермеген ананың есіл еңбегі ақталды десек, артық кеткендігіміз болмас. Ұлдары мен қыздарының аналарына деген ерекше ықыласы мен сыйластығы бұл сөзімізге дәлел бола алады.

Аузынан Алланың сөзі, қолынан Құран кітабы түспеген ардақты ана Жаратқанның жазуымен мұсылмандық парызын өтеп, бес рет қажылыққа барған.

Әрдайым жақсылық жасауға асығып тұратын ана мұқтаж жандардан көмегін аямайды. Үлкенге де, кішіге де қамқорлық жасап, қанатының астына алып, демеу бола білетін Сәлима Атажанқызын өңірімізде қолы ашық жомарт жан ретінде танитын адамдар көп. Барын бөліп беруге дайын тұратын оның тілегі де ниеті де – балалардың амандығы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында: “Біз “Жаныңда жүр жақсы адам” деген сөз­дің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуел­сіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнері­мен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Сондықтан оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек. Қазіргі медиамәдениетті суырыла сөйлейтін “шешендер” емес, өмірдің өзінен алынған шы­найы оқиғалар қалыптастырады. Мұндай оқи­ғаларды көрсету бұқаралық ақпарат құрал­дарының басты нысанасына айналуға тиіс”, – деп атап өтті. Олай болса, бар өмірі өнегеге айналып, бүгінде қалың қауымның ризашылығына бөленіп жүрген Сәлима Балтабаева сияқты көпбалалы ана жайында сөз қозғауымыз орынды деп ойлаймыз.

Жетімнің басынан сипап, жылы сөзін аямаған асыл ана Алматы қаласында тұратын жерлесіміз, он жеті жылда жеті жүз баланы бауырына басқан Қазақстандағы көпбалалы ана – Тұяқ Есқожинамен тығыз қарым-қатынаста. Қонақжайлығымен, кішіпейіл мінезімен адам жанын тәнті ететін ол Тұяқ Қаскенқызын киелі Қызылжарға келгенде күтіп алып, тәрбиелік мәні бар іс-шараларды ұйымдастыруға мұрындық болды. Ана ретінде ол тағдыры тоқсан түрлі балалардың болашағына алаңдап, қолынан келгенше олардан да көмегін аямайды. Жақынға да, жатқа да жаны ашып, қайырымды ісімен жүрекке жылылық сыйлайтын жомарт жан жайында сөз қозғағанда “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлының: “Тіл-көзден сақтасын Сәлима апамызды. Ол – қашанда мұқтаж жандарға көмек беруге дайын тұратын адам. Осындай пейілі кең, жүрегі жомарт, жаны таза жандардан жастарымыз үлгі алса, құба-құп”, – деген бір ауыз сөзі ойыма оралады. Түсіне білген адам үшін бұл үлкен құрмет пен қошеметтің белгісі екені сөзсіз.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: көпбалалы ана Сәлима Балтабаева.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика