МЕНІҢ АТАМ – МАЙДАНГЕР

Есіл ауданындағы Қарағай ауылында дүниеге келген нағашы атам Нұрбай Бәженов – Ұлы Отан соғысының ардагері. Ел басына күн туып, қару көтерер ер-азаматтардың барлығы майдан шебіне аттанғанда Отан үшін, туған ел мен жер үшін жауға қарсы шыққан жауынгерлер арасында менің атамның да болғанын мақтан етемін.

Отбасын құрып, бала-шаға қуанышына бөлене бастаған кезде ойламаған жерден атамның зайыбы қайтыс болады. Сөйтіп, қатал тағдырдың жазуымен ол жалғыз қалады. Тосыннан келген ажал жан жарынан бөліп, қуанышын қайғы бұлты басқанда қолындағы кәрі әке-шешесін ойлап, әлі оңы мен солын танымаған екі баласының болашағына алаңдаған атам жігерленіп, сырт көзге сыр бермеуге тырысыпты.

1941 жылы ол екінші рет отау құрған. Дәл сол жылы елде соғыс басталады. Қатарластарынан қалмаған ол кәрі әке-шешесі мен балаларын зайыбы Рақимаға аманат етіп, өзі майданға аттанады.

– Рақима отағасы сеніп тапсырған соң, атасы мен енесін және балаларды бағып, қолынан келгенше олардың жағдайын жасаған. Әжеміз үй шаруасымен қатар, дүкенші болды. Өгіз арбамен жалғыз өзі он үш шақырым жерден тауар әкеліп, соны сатып, ел қатарлы еңбектенген, – дейді сол кезде болған оқиғаларды ой елегінен өткізген әжем Қымбат.

Атамыздан ұзақ уақыт хат-хабар келмеген. Тек 1944 жылы ғана оның майдан даласында із-түзсіз жоғалып кеткені жайында хабар жеткен. Қайғылы хабар әке-шешесі мен зайыбына қанша қиын тигенімен, олар Жаратқанға жалбарынып, үміттерін үзбейді.

Кейін белгілі болғандай, Белоруссия даласындағы ұрыста атам екі жерден ауыр жараланған. Өлім аузында жатқан жауынгерді жақын маңдағы орыс ауылында тұратын қарт тауып алып, үйіне апарып, жаудан жасырып, жарасын таңып, екі ай бойы емдейді. Осылайша, атамыз түрі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса, жүрегі бір адамдардың мейірімділігі, қайырымдылығы арқасында аман қалады.

1945 жылы елге оралып, отбасына қосылған. Жеңіс жолында жаудан тайсалмай, азаматтық борышын өтеген атамыз бейбіт күнде де қол қусырып отырған емес. Көппен бірге еңбек етіп, айналасындағылардың құрмет-қошеметіне бөленген ата-әжеміз он бір бала тәрбиелеп өсірді. Өкінішке қарай, қазір олар ортамызда жоқ. Бірақ өсіп-өркен жайған ұрпағы бар. Сөзімен де, ісімен де үлгі көрсетіп, жарқын болашақ үшін аянбай еңбек еткен жауынгер атамыздың өмір жолы – біз үшін қашанда өнеге.

Жеңіс күнін жақындатуға сүбелі үлес қосып, қасық қаны қалғанша шайқасқан жауынгер атамыздың бейнесін ұмытпаймыз. Сол сұрапыл соғыстан кейін арада қанша уақыт өтті. Бүгінде ұрпақ жалғасып, әулетіміз өсіп-өніп өркен жайып келеді. Осының барлығы – бейбіт аспан, тыныш өмір сыйлаған жауынгерлердің арқасы. Олай болса, жас ұрпақтың парызы – майдангерлерді құрмет тұтып, оларға тағзым жасау. Жас өмірлерін соғыс өрті шарпыған жауынгерлерді еш уақытта ұмытуға болмайды. Бүгінгі бақытты өмір үшін біз олардың алдында мәңгілік қарыздармыз.

Жанар ИБРАЕВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика