ӘКЕ ЖОЛЫ — ӨНЕГЕ

Отбасы – Отанымыздың ошағы, ұлттың тірегі. Сондықтан да елімізде көтерілген әр шаңырақтың керегесі кең, босағасы берік болуы керек. Ұлттық құндылықтарды насихаттап, мемлекетіміздің ұйытқысы болып отырған жарасымды жұптарға лайықты құрмет көрсету мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен осыдан бес жыл бұрын “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы жарияланды.

Байқау жарияланған уақыттан бері сайысқа өңіріміз бойынша үш жүзден астам отбасы қатысып, өнегелі шаңырақтың үлгісін көрсетті. Биыл облыстық “Мерейлі отбасы” байқауына қатысуға сексен әулеттен өтініш түсті. Қуанарлығы сол, үміткерлердің қырық пайыздан астамы – көпбалалы отбасы. Жалпы әулеттің еңбек өтілі екі жүз жылдан асатын отбасылардың қатары да қалың. Алдыңғы буынға қарап ой да, бой да түзейтін жас отбасылардың көбейіп келе жатқаны да – жүрекке жылылық ұялататын жағымды жаңалық.

Қоғамның тұрақты дамуының негізі отбасы екенін көрсетіп қана қоймай, оны дәлелдейтін байқауда екі кезең бойынша топ жарып, жеңіс тұғырына көтерілген 25 әулет өңірлік додада сынға түсті. Үміткерлер арасында Мамлют ауданының намысын қорғаған Шәукеровтер отбасын ерекше атап өтуге болады. “Балам – байлығым”, – деп көтерген шаңырағының керегесін кең, босағасын берік ету үшін барын салған отағасы Нәби Шәукерұлы мен отанасы Баян Аманқызының отасқандарына жарты ғасырдан асқан. Шаңырақ иесі кәсіптік-техникалық училищеде директордың орынбасары болды, кейін ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек еткен. Бүгінгі таңда бейнетінің зейнетін көріп отырған отағасының адал еңбегі елеусіз қалған емес. Қашанда сабырлы мінезімен, жігерлі сөзімен ерекшеленіп, балаларынан әкелік қамқорлығын, ақылын аямаған Нәби Шәукерұлы көп жылғы қажырлы қызметі үшін “Еңбек ардагері” медалімен марапатталған.

– Мерейіміз үстем болып, “Мерейлі отбасы” байқауында “Ұрпақтар сабақтастығы” аталымы бойынша жеңіске жетіп, қатты қуандық. “Адам ұрпағымен бай”, – деп дуалы ауыз дұрыс айтқан ғой. Әр қазақтың отбасы тұлымды мен бұрымдыға бай болса, мемлекетіміздің көркі емес пе?! Отбасылық құндылықтарды, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты бекіте түсетін осындай тәрбиелік мағынадағы байқаулардың маңызы зор, – дейді отағасы.

Шаңырағының ұйытқысы болып, ұрпақ сабақтастығын жалғай білген отанасы Баян Аманқызы – сегіз балаға өмір сыйлаған алтын құрсақ ана. “Күміс алқа”, “Алтын алқа” иегері қазақ әйелдеріне тән қарапайым мінезімен айналасына шуақ шашып, лайықты сый-құрметке бөленуде. Асыл ана – ұл-қыздарын қазақы салт-дәстүрмен тәрбиелеп, олардың бойына ар, ұят, намыс деген құнды қасиеттерді ақ сүтімен дарыта білген жан.

Ата-анасының тұңғышы Ержан – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық университетінің түлегі. Ұстаздық жолды таңдаған ол бүгінгі таңда Преснов қазақ орта мектеп-интернатында физика және математика пәндерінің мұғалімі болып қызмет етеді. Білім беру саласының дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше марапатқа ие болған.

Ағасын үлгі тұтып, оның ізін басқан Жангелді де мұғалім. Қазір ол Мамлют санаторлық орта мектеп-интернатында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ береді. Аудандық, облыстық байқауларда жеңіске қол жеткізіп, республикалық семинарларда әріптестерімен тәжірибе алмасып, заман талабына сай болуға ұмтылған білікті маман.

Кенже баласы Жеткіншек те ағаларынан қалған емес. Ол да аталмыш жоғары оқу орнын тамамдаған. Бүгінгі таңда Көкшетау өңірінде ұстаз болып еңбек етеді.

Анасының көз қуанышы болған үлкен қызы Ардақ та мамандық таңдаған кезде алдыңғы бауырларына қарап, ұстаз болуды армандаған. Жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтаған Ардақтың ойы ұшқыр, тілге шешен. Республикалық, облыстық байқаулардың бірнеше рет жүлдегері болған ұстаз Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жұмыс істейді. Дина да қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Петропавл қаласындағы “Бірінші гимназияның” мұғалімі. Өз ісінің майталманы – 5-8 сыныптарға арналған әдістемелік жинақтың авторы. Республикалық, облыстық білім додаларында топ жарған маман үнемі ізденіс үстінде жүреді.

Әпкелері сияқты білім беру саласында аянбай қызмет етіп жүрген Светлана – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің түлегі. Ол аталмыш жоғары оқу орнында қызмет еткен. Филология ғылымдарының кандидаты қазіргі уақытта дарынды балаларға мамандандырылған облыстық “ЛОРД” мектеп-лицей-интернатында директордың орынбасары қызметін атқарады.

Бақыт пен Ақық есімді қыздары да еңбек жолдарын мектеп өмірімен ұштастырған. Бақыт Пеньково орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істесе, анасының сүткенжесі Ақық Мамлют қазақ орта мектеп-интернатында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып еңбек етеді.

Ата-анасының үмітін ақтауға тырысқан балаларының барлығы да – ұстаз деген ұлағатты есімнің иегері. Бала жүрегіне ақылмен жол тауып, алдына келген шәкірттерін білім нәрімен сусындата білген мамандардың еңбек жолы жастарға үлгі.

Бір әулеттен тараған сегіз бірдей ұл-қыздың барлығы ұстаз болып қызмет етіп, биік белестерді бағындырып жүргені, сөз жоқ, мақтаныш әрі мерей.

Бір мамандықты таңдаған бауырлардың мақсаты – ұлт ұрпағының ұғымтал болып өсуі үшін кәсіби құлшыныстарын арттыру және білім шыңын бағындыру. Оқушыларды адамгершілік рухта тәрбиелей білген Шәукеровтер әулетінің ұл-қызы – өз алдына отау құрған өнегелі отбасы. Қоғамда өз орнын тауып, осынау дүниенің кетігі болып қалана білген ұрпақтың қол жеткізген жетістіктері – мейірімді ата-ананың еселі еңбегінің жемісі.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика