СӘБИ — ШАҢЫРАҚТЫҢ БЕРЕКЕСІ

Осыдан жарты ғасыр бұрын әр қазақтың отбасында он-он екі бала тәрбиеленетін. Сегіз-тоғыз сәби көтерген аналар күмістен, одан көп ұрпақ өрбіткен отаналары алтыннан алқа тағатын. Бүгінде ондай алтын құрсақ аналар ілуде біреу ғана.

Заманның өзгергені соншалық, қазіргі таңда төрт баласы бар аналардың өзі көпбалалы болып саналады. Міне, осыдан-ақ елдегі демографиялық жағдайдың мән-жайын көруге болады.

“Бір баласы бардың, шығар-шықпас жаны бар.

Он баласы бардың орда бұзар қолы бар” , – деп Досай би айтқандай, ұрпақтың барынша мол болғаны ғанибет! Өкінішке қарай, бүгінгі жастардың көбі Еуропаға еліктеп, кеш үйленіп, соңында бір-екі баламен ғана шектелгенді дұрыс санайды. Бұл да заман ағымы шығар, кім білсін? Қалай болғанда да біз әр отбасындағы бала санын санаудан аулақпыз. Себебі, атам қа-зақ “Құдайдың бергені бар”, – деп еш уақытта бала санын айтпаған.

Біздің қозғамақ ойымыз – “баласыз үй – қу мазар” дегендей, сәби сүйе алмай жүрген отбасылардың мәселесінің тамырын басып көру. Шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірге аяқ басқан соң, ұрпақ жалғасуы – табиғи заңдылық. Бірақ көп ретте, жас жұбайлар жылдап ата-ана бақытына бөлене алмай, перзентхананың орнына ауруханалардың табалдырығын тоздырады. Дәрігерлердің алдына баруға ұялып жүріп, мәселені ұлғайтып алып, соңында ажырасып кететін ерлі-зайыптылар да аз емес.

Ағзадағы гормоналдық реттеудің өзгеріске ұшырап, соңы әйел бедеулігіне әкеп соғатыны жайында газетіміздің (№17 08.02 2018) санында жазған болатынбыз. Бүгін осы тақырыпқа қайта оралып, ерлер белсіздігі жайында сөз қозғаймыз.

Санамызға әбден сіңіп алған ба, әлде басқаша ойлаудан қорқамыз ба, әйтеуір сәби болмаған жағдайда, бар кінәні бірден әйелге жаба салуға дайын тұрамыз. Бірақ бұл жарық күнде адасумен тең. Өйткені, өмірге дені сау ұрпақтың келуіне әйел де, ер адам да үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Сондықтан да мұндай сыңаржақ көзқарастан құтылған жөн. Әйтпегенде, көптеген шаңырақта бесіктің босап қалуына шынымен де қауіп төнеді.

Ортада сәбидің болмауы – ажырасудың бір себебі. Есімін өзгертіп жазуды өтінген Жәмила есімді келіншек екі жыл бойы дәрігерлерге көрініп, қыруар қаржы жұмсап емделген. Соңында гәптің бәрі күйеуінде екені анықталған. Ұрпақ жалғасынан гөрі, ұятты алға салған отағасы емделуден бас тартқан. Он жылға жуық бірге тұрған ерлі-зайыпты ортақ шешімге келе алмай, ақыры ажырасып тынған. Бұл бір ғана отбасы, ал санай берсе, белсіздік диагнозына шалдыққандар саны аз емес.

Қазақстан Республикасының бас урологы Мырзакәрім Алшынбаев елімізде белсіздікке шалдыққан ер-азаматтардың үлесі он алты пайызға жеткенін айтып, ұрпақ сабақтастығына кері әсер етіп отырған дерттің дендеп бара жатқанына алаңдаушылық білдіруде. Жалпы отандық дәрігерлердің бұлай дабыл қағуына негіз бар. Шындығына келгенде, ер адамдардың көбі өз денсаулығына немқұрайды қарайды. Уролог дәрігерге қаралуды намыс көреді.

Облыстық аурухананың урология бөлімшесінің меңгерушісі Александр Лидің айтуынан, белсіздіктің қырық түрлі кеселі барын түсіндік. Оның ішінде простатит, инфекциялық жолдармен жұғатын ауру түрлері де ұрпақ жалғасына бөгет болуы мүмкін. Сондықтан болашағын ойлаған ерлердің саламатты өмір салтын ұстанып, дұрыс және уақтылы тамақтанып, қыс кезінде жылы киініп, суық жерлерге отырмай, өз денсаулықтарына ден қойғаны абзал екенін маман тілге тиек етті. Скринингке де салғырт қарауға болмайды.

Ішімдік ішіп, темекі тарту сияқты зиянды әрекеттер де белсіздікке апаруы мүмкін. Сонымен қатар жастар арасында сәнге айналып бара жатқан азаматтық некенің де белсіздікке “қосар үлесі” аз емес.

Дәрігерлердің сөзіне сүйенер болсақ, ұрпақ сабақтастығын жоспарлайтын уақыт әйелдерге де, ер адамға да шектеулі. Нәзік жандар бірінші сәбиін 20-28 жас аралығында туғаны абзал, ал отағаларының ұрпақ өрбітуін отыз беске дейін жоспарлап қойғаны дұрыс екен.

Әрине, мұның бәрі – статистика. Өмірдегі адами факторлардың онымен тұспа-тұс келе бермеуі мүмкін. Дана қазағым – “бұйыртса”, “Құдай қаласа” деген ниетті сөздерді жанға жалау етіп, “бергенге шүкір” деп отыратын халық. Ең бастысы, бүгінгі медицинаның дамыған уақытында белең алып бара жатқан дертті біржола ұмытуға барлық мүмкіндік бар. Тек уақытты жоғалтып алмау керек.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика