КӘСІБІ - НӘСІБІ

Мұнаралы әр жерде

Мешіт болған бұл ағаш,

Шеберлердің қолында,

Кәсіп болған бұл ағаш, – деп Қашаған жырау кезінде Есқали сұпының “Бұл не қылған қу ағаш, қайдан келді бұл ағаш?!” дегеніне қарсы ағаштың қадір-қасиетін айтып, жыр төккені бар еді. Бүгінде сол ағаштан бұйым жасауды жаңғыртып, бабалардың өнегелі жолын жалғаған қолөнер ісмерлерінің қатарына Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны Есембек Құдайбергеновті жатқызуға болады.

1985 жылы Ресейдің Пермь қаласындағы Кунгур өнер училищесін бітірген Есембек Қарбайұлы нарықтың ырқына көніп, қиын-қыстау ке­­зең­­де кең­шарда түрлі жұмыстарды атқарған. Әйтсе де, жүрек түкпіріндегі теңіздің толқынындай бір асау сезім маза бермеген. Осылайша, 1997 жылдан бастап сүйікті ісін қолына алады. Осы уақытқа дейін үйін шеберханаға айналдырып келген ісмер сұраныс артқан соң ауылдағы өзі сияқты қолөнерге жақын азаматтармен ақылдаса келе, өткен жылы аудан орталығында “Шаңырақ” дүкенін ашқан. Мұнда шебердің қолынан шыққан бұйымдар ғана емес, ауыл тұрғындарының қолөнер туындылары да саудаға шығарылған.

Іспен айналысатын адам кез келген жұмысты бастар алдында өзіне қажетті құрал-саймандарын дайындап алады. Есембек Құдайбергенов тұрпаты тегіс ағаш материалдарын орманшылардан сатып алатын көрінеді. Ал бұйым жасауға қажетті құрал-саймандарды жергілікті ұсталарға тапсырыспен жасатыпты. “Негізінен, сапасы жоғары қайың ағашын көп пайдаланамын. Ағашты біркелкі жонған соң жасайтын бұйымның пішіні келтіріледі. Ыдыс-аяқтардан басқа бұйымдарға арнайы майлы бояулар мен жылтырап тұруы үшін лактар жағылады. Бір бұйымды шамамен бір жетіде дайындауға болады. Ағаштың кебуі көп уақыт алады”, – дейді шебер.

Есембек аға жұмысты бастар алдында бұйымның түр-сипатын кішкентай бөлшегіне дейін ойластырып, ерекше әдемі болып шығуына еңбектенеді. Бұтағы көп ағаштар сәндік бұйымдар, яғни кәдесыйлар жасауға жарағанымен, тұрпаты тегіс ағаштан гөрі машақаты көп көрінеді.

– Әкем соғыс ардагері болғандықтан, бір қолы және бір аяғы кем болып, тұрмыста көмек көрсете алмады. Анама қолғабыс етуіме тура келді. Балта мен балға саптап, осылайша, ағаш өнеріне машықтана бастадым. Ағам ұста, жоқты жонып тапқандай шебер болатын. Ата-бабамыздың қасиеті маған да дары­ған сыңайлы. Бүгінде ізімді жалғаған ұлдарымның бірі – өзім сияқты ағаш ұстасы. Ол ыдыс-аяқ бұйымдарын станоктың көмегімен жасайды. Екінші ұлым би мектебінде, – дейді Есембек аға.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика