АЛТЫН КЕРЕГЕ

Түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмаған әжей таң ата ғана көз ілді. Көйлегі көк, тамағы тоқ болғанымен көңілі жүдеу. Көрер таңды көзбен атырған Жібек әжейді соңғы кездері бір ой мазалап жүргендей. Алыстағы ұлын көрмегеніне жарты жылға жуық уақыт өтіпті. Күн сайын қоңырау шалып тұрса да, баласын құшағына алып, маңдайынан иіскегенге не жетсін?!

Әлемдегі құдіреті күшті сезім – ананың балаға деген шексіз махаббаты. Иә, адамның перзентіне деген көңілі бөлек қой, шіркін! Алды зейнеткер атанып, кейінгілері бір-бір шаңырақтың түтінін түтетіп отырса да Жібек Шәріпқызы әлі күнге дейін ұл-қыздарын ойлап, уайым кешеді. Бұл әрбір анаға тән қасиет емес пе?

Жібек Әлібекова Айыртау ауданындағы Бірлестік ауылында тұрады. Ол он екі құрсақ көтеріп, жеті ұл мен бес қызды дүниеге әкелді. Бүгінде алтын құрсақты ана – ағайын-туыстың ақылшысы әрі қамқоршысы, үлгі тұтар үлкені. Айналасын нұрға бөлеп, жақындарының жан жылуын сезініп отырған Жібек апа – үлкен әулеттің, тұтас ауылдың беткеұстар анасы. Балаларымен өмірін мәнді де сәнді еткен оның ұрпағы мәуелі бәйтерегімен мақтанады. Қарияның өсиеті мен өнегесін азық еткен саналы ұрпағы бар Жібек Шәріпқызына аяулы жар, ардақты ана, сүйікті әже болу бақыты бұйырды. Бүгінде ұлдарын – ұяға, қыздарын – қияға қондырған оның бар арманы орындалғандай.

Кеңес өкіметі тұсында ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек еткен сауыншының әр күні қарбаласқа, қауырт шаруаға толы еді. Бірақ ол үй мен түздің жұмысын бірдей атқарды. Марқұм жұбайы Қайырбек Әлібеков екеуі балаларының өмірден өз орындарын табуларына барлық жағдайды жасады. Бала үшін жарғақ құлақтары жастыққа тимей, күн-түн демей еңбек етті. Бүгінде сол еңбектің тәтті жемісін көріп отыр. Саналы ұрпақ өсіріп, оларды қатарынан қалдырмауға тырысқан ата-ана адал еңбектің мұратқа жеткізетініне сенді. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау Әлібековтер отбасын да әбігерге салғаны анық. Бірақ олар уақытша қиындықтарға мойымады. Керісінше, қандай шаруа болса да білек сыбана кірісті. Еңбектің арқасында бұл әулет еш нәрседен тарықпады. Жоқшылық заманды көрсе де, бір үзім нанға зәру болмады.

– Қиындықты жеңе білген адам ғана бақытқа қол жеткізеді. Біз де талай ауыр кезеңдерді басымыздан өткердік. Бірақ өткенге өкініш жоқ. Өйткені, адам өмірде ащы мен тұщыны көрмей, бақыттың дәмін тата алмайды. Балаларыма да қиындыққа мойымай, шыдамды болу керек екенін айтамын. Сабыр – адамның ең асыл қасиеті. Құдайға шүкір, қазір бала-шағамның ортасында бақытты өмір сүріп жатырмын, – деген Жібек Шәріпқызы өмірде өз жолдарын тапқан балаларын қатарға қосу оңай болмағанын жасырмады. Қайраты мұқалмаған, жігері жасымаған әжей отбасында береке мен бірлік, өзара түсіністік бақытқа бастайтын жол екенін айтты.

Жібек Шәріпқызындай қазыналы қарты бар ауыл тұрғындарының да оған деген ықыласы мен құрметі ерекше. Үстінде мақпал қамзолы бар, ақ жаулығы желбіреген Жібек әжейдің құшағы қандай кең болса, мінезі де сондай ақжарқын. Оның салмақты сөзі, салиқалы ойы көпшілікті өнегелі істерге үгіттейді. Қарапайымдылығы тағы бар. Немерелерін жақсы мен жаманды, адал мен арамды, ақ пен қараны ажыратуға үйретіп, адамгершілік асыл қасиеттерге баулиды.

Отағасы өмірден өткен соң отбасының ендігі үлкені, ақылгөйі Жібек Шәріпқызы. Әулеттің ажарын келтіріп отырған ананың жүрегі кең, көңілі таза. Батыр ана әр баланың орны ерекше екенін айтады. Ал немере мен шөберенің қызығына көңіл тоймайды. Оның үлгі өнегесін көрген әулеттің келіндері де сабырлы, салиқалы. Шаңырақтың шаттығы, әулеттің ақылшысы болып отырған әжей ұл мен қыздың тәрбиесіне баса көңіл бөледі. Ұрпағының саналы, тәрбиелі, білімді болуын қалаған әжейдің ендігі арманы – шөбере көру. Ол күннің де ауылы алыс емес.

Жібек әжей үшін әр баланың өз орны бар. Ол балаларын бір-бірінен бөле-жарған емес, барлығын тең көреді. “Ұл – қоныс, қыз – өріс” демекші, әжей ұлдарын қыранға, қыздарын аққуға теңейді. Шоқан, Совет, Баян, Ербатыр, Еркін, Кеңес атты ұлдары бір төбе болса, Алматыдағы сүткенжесі Ержанға ана көңілі алабөтен. Мәпелеп өсірген балалары құқық қорғау, теміржол, ауыл шаруашылығы, білім беру, қаржы, құрылыс, медицина салаларында жұмыс істеп, әрқайсысы еліміздің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Өмірден көргені көп аяулы ана қыздары мен келіндеріне де ақыл айтудан жалыққан емес.

Халқымызда “Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын” деген дана сөз бар. Ененің өсиетін ұғып, тәлімін алған келіндер де Әлібековтер әулетінің түтінін түтетіп, Жібек апаның ізін жалғауда. Келіндерін қызындай көретін әзиз ана оларға ата-ене, абысын-ажынмен тату-тәтті болу керегін айтып отырады. Ене мен келіндердің арасында өзара түсіністік пен жақсы қарым-қатынас орнаған. Отбасы мүшелерінің жарасымды қарым-қатынасына, бір-біріне сыйластығы мен риясыз сүйіспеншілігіне көңіл марқаяды.

Сексеннің сеңгіріндегі әзиз ананың самайын ақ шалса да, жүзінен жылылық лебі еседі. Бүгінде ол өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің ақылшысы, тірегі әрі қамқоршысы болып отыр. Осындай бірлік пен берекенің ұйытқысы болар көненің көзіндей қазыналы қарттардың барына тәубе дейсің.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Айыртау ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика