ТАКСИ ТІЗГІНДЕГЕН КЕЛІНШЕК

Бүгіндері ер-азаматтардан қалыспай, “темір тұлпарды” тізгіндеп, тұрғындар игілігі үшін еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер аз емес. “Заманы­на қарай заңы, тоғайына қарай аңы” демекші, ерлерден кем түспейтін нәзік жандардың қай салада болсын, қолына алған жұмысын ұршықша үйіргенін көріп, қол жеткізген толағай табыстарына көңілің толып, қуанасың.

Майра Қадырбекова Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөл ауылында жүргізуші болып жұмыс істейді. Алғаш рет оны көліктің рөліне осыдан 15 жыл бұрын әкесі отырғызыпты. Бүгінде ол кәнігі маман.

– Мен бастапқы кезде Айыртау аудандық әкімшілік полициясы бөлімшесінде жұмыс істедім. 2012 жылы жолдасым Асылбек такси қызметімен айналысатын “Қадырбекова” атты жеке кәсібін ашты. “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы бойынша алғашында несиеге бес жеңіл көлік сатып алып, ісімізді дөңгелеткен болатынбыз. Мен де жолдасыма қол ұшын бердім. Сөйтіп, ісіміз оңға басты. Жүргізушіліктің қыр-сырын әкемнен үйрендім. Әрине, бастапқыда қиын болды. Жолда көлік те, қозғалыс та көп. Көлікті тізгіндеу қырағылықты, төзімді болуды, сақтықты қажет етеді, – дейді Майра Әлімқызы.

Ол Ресейдің Омбы қаласында дүниеге келген. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін тамамдап, білікті маман атанды. Бүгінде Асылбек екеуі Әділ, Арслан есімді қос ұлды тәрбиелеп отыр. Айыртау ауданына қоныс аударған соң ерлі-зайыптылар жеке кәсіптерін ашып, армандарына бір қадам жақындай түсті.

Майраға жолаушылар күдікпен қараған сәттер де жиі болған. Қазіргі күні айыртаулықтардың бұған көзі үйренгендей. Ол екінің бірінің қолынан келе бермейтін жүргізуші қызметі мен отбасылық міндетін қатар алып жүр.

Олардың жұмыс кестесі таң сәріден басталып, кеш батқанға дейін біраз ауылдарды аралаумен өтеді. Майра тізгіндеген көлік күн сайын жолаушылар тасымалдайды. Кейде Астанаға да жол түсіп жатады.

“Қадырбекова” жеке кәсіпкерлігі былтыр Астанада өткен “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесін тамашалауға барған айыртаулықтарға көлік қызметін ұсынды. Кәсіпкер жыл сайын өзінің автокөліктерін тексерістен өткізіп, жолаушылардың қауіпсіздіктеріне баса мән береді.

Такси тізгіндеген келіншектің жұмысы көптің көңілінен шығады. Оның көлігіне отырған әр жолаушы Майраның ұқыптылығы мен сыпайылығына, жауапкершілігіне тәнті.

Өз ісіне жан-тәнімен берілген Майра Қадырбекова нәзік жанды болғанымен, оның бойында ерлерге тән батылдық бар. Ол қазақ әйелдерінің бала тәрбиесімен, үй шаруасымен ғана шектелмей, қоғамдық өмірге белсене араласатынын сөзбен емес, ісімен дәлелдеп жүр.

Жанаргүл МЕЙРАМ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика