СӨЙЛЕСЕ БІЛГЕН — ҮЙЛЕСЕ БІЛЕДІ

Ана тіліміздің өте бай екеніне ешкім таласа қоймас. Адамның бір-біріне деген сыйластығын, ізгі ниетін білдіретін қаншама жылы сөздер бар. Соларды дұрыс пайдаланып жүрміз бе? Халқымызда “Сөйлесе білген – үйлесе біледі”, “Сөз атасы – сәлем”, “Жақсының өзі де жақсы, сөзі де жақсы”, “Жақсы сөз – жарым ырыс” деген мақалдар бекер айтылмаса керек. Қарап отырсақ, солардың бәрі сөйлеу мәдениетін дәріптейді.

Өмірде сөзді орынсыз қолданып, не дөрекі сөйлеп өзгелермен арадағы қарым-қатынасты бұзатын немесе өзі жайлы теріс пікір қалыптастыратын жайттар жиі кездеседі. Бұл қоғамымыздағы сөйлесу мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Ал халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін мамандардың сөйлеу әдебіне қарап, кейде, тіпті, қарның ашады.

Өзгелерді айтпағанда, оқушыларына да “сіз” деп сыпайылық танытатын мұғалімдер бар. Оларды айналасындағылар сол сөзі үшін-ақ сыйлайды. Адаммен сыпайы сөйлессеңіз, тиісінше жауап алатыныңыз рас. Дөрекі адамның өзі сізден үлгі алып, аяқасты өзгеріп сала береді.

Жас ұлғайған сайын ауруханаға бару жиілейді ғой. Өкінішке қарай, таңның шуағымен бірге жадырап жүрген дәрігерлерді аз кездестіресің. Дәлізде отырған сырқаттармен амандасатындары бірен-саран. Қабағын бір жазбай, суық сөйлеп отырған ақ халаттының қабылдауында ұзақ отырмауға тырысасың. Ал кабинетінен шыққаныңда тура жарты дертіңнен айығып кеткендей боласың. Осы айтқаныммен көп адамдар келіседі деп ойлаймын.

Бұрын тұрған үйімнің маңында үш дүкен болды. Соның біреуіне мүлдем кірмейтінмін. Өйткені, сатушысы қабағын бір ашпайтын. Көрсеткен қызметі де ешбір талапқа сай келмейтін. Мұндай әрекеттен, әрине, сатушының өзі де, саудасы да ұтылады. Расында, бүгінгі қым-қуыт заманда көпшілігімізге жылылық, мейірім жетіспейді. Сондықтан алғаш көріп тұрған адамға жылы шырай танытып, жағдайын сұрап, не қажет екенін біліп, жөн көрсетіп жіберсеңіз, бұл оның да, өзіңіздің де көңіл-күйіңізді көтеріп, жадырап жүруіңізге септігін тигізеді.

Халқымызда айналасындағыларға “аға-көке”, “ата-әже”, “аға-жеңге”, “бауырым”, “балам”, “көршім” деп, атын атамай-ақ сөз арқылы сыйластықты білдірудің дәстүрі қалыптасқан. Дегенмен, бүгінде арамызда жасы үлкен демей, қайын ағасы мен қайын апасының есімдерін атап жүрген келін, күйеу балалар аз емес. Олар балалық шағынан көріп-естігенін жасап жүр. Жастарға әдеп негіздерін үйрету – үлкендерге міндет. Таңертең отбасыңыздың мүшелеріне “Қайырлы таң!”, кешке “Қайырлы түн!”, “Жайлы жатып, жақсы тұр!”, “Қалың жақсы ма?” дегендей амандық-саулық сұрасудың өзі балаларға құрмет көрсету мен сыпайылыққа үйретудің нағыз амал-тәсілі болып табылады. Мектепте әрбір ұстаз оқушысынан қызметкерлердің бәрімен бірдей амандасуын талап етуі керек. Әйтпесе, кей оқушылардың өздерін оқытатын мұғалімдермен ғана сәлемдесетін жаман әдеттері бар. Міне, үлкендердің дұрыс жолды нұсқай білуінің арқасында жастардың бойында сөйлесу мәдениеті де қалыптаса бастайды.

Бір уақыттары коммуникативтік қарым-қатынастың қыр-сырын зерделеп, жергілікті телеарнадағы “Теле тіл” бағдарламасынан ауызекі сөйлесу үлгілері туралы айтқан болатынмын. Ұжыммен бірге кішкентай көрермендерге қазақ тілімен қатар, сөйлесу әдебін үйретуге тырыстық. Бұл жобамыз III республикалық дарынды балалар және жастармен жұмыс жүргізудегі әлеуметтік-педагогикалық жобалар фестиваліне қатысып, “ерекше жетістік” деген бағаға ие болды. Осы бағдарлама арқылы көтерген мәселе бүгінге дейін өзектілігін жоймай отыр. Керісінше, кейде сөйлесу мәдениетіміз жойылып бара жатқандай көрінеді. Себебі, жаңа технологиялар заманында адамдардың бір-бірімен жедел хат алмасуы көбейіп, ауызекі тілде араласуы азайып бара жатыр. Білім ордаларының өзінде мұғалім ауызша сабақ түсіндіреді де, қорытындысын жазбаша тест түрінде талап етеді. Оқушылар мәтіннің мазмұнын айтқанда қатты қиналады. Өйткені, мектепте тілді дамытуға арналған сабақ саны аз. Екіншіден, балалар үйде телефон, планшеттен бас алмай, ата-анасымен, ата-әжесімен сирек әңгіме-дүкен құрады. Кімнен сұрамайын, бәрінде де осындай жағдай.

Балаларды әдеби кітаптарды оқуға, шығармашылықпен, спортпен, қоғамдық-пайдалы іспен айналысып, тіпті, ойын ойнап, бау-бақша өсіріп, мал бағып, табиғат пен қоршаған ортаға жақын болуға үйретуіміз керек. Ересектер осы тұрғыда өздеріне үлкен жауапкершілік алулары тиіс. Өйткені, олардың бүгінгі немқұрайдылығы мен салғырттығы болашақ ұрпақтың ана тілін шала білетін, ата дәстүрін сыйламайтын, екі ауыз сөздің басын құрап айта алмайтын, үлкен-кішімен сыйласа білмейтін адам болып өсуіне апарып соқтырмайтынына кім кепіл?

Ботагөз ҒАЛИЕВА,

еңбек ардагері.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика