ҚАЙЫРЫМДЫ АЗАМАТҚА РИЗАМЫН

Бұл өмір сынақтан тұрады. Біреулері тұрмыстық қиындықтарға тап болса, енді бірінің басынан түрлі жағдайлар өтеді. Қиын кезде айналаңдағы адамдар көмек беріп, қол ұшын созса, одан артық жақсылық бар ма?

Бірер жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысынан Шал ақын ауданына қоныс аудардым. Өзім жалғызбасты анамын. Екі балам бар. Оның бірі мектепте оқиды. Қызылжардай көрікті мекенге келгеніме өкінбеймін. Жергілікті халықпен тез тіл табысып, ортаға сіңісіп кеттік. Ступинка негізгі мектебінде жұмыс істедім. Бірақ қазір бала күтумен үйде отырмын. Биыл аудан орталығына көшіп келдім. Ұлым мектепке барады, екіншім әлі кішкентай. Бастауыш сыныпта оқитын үлкенімді мектепке жинау үшін қатты қиналдым. Сондықтан балама киім-кешек, оқу құралдарын сатып ала алмадым. Бізге қайырымды жандар көмек көрсетіп, қолдау білдіргені мені ғана емес, ұлымды да қуанышқа бөледі.

Айналамызда жақсылық жасауға құштар жүрегі жомарт адамдардың бар екеніне көзім жетті. Қайырымды азамат Шарап Сәдуақасов қаржылай қолдау білдіріп, қажетті киім-кешек және оқу құралдарымен қамтамасыз еткенде менің қуанышымда шек болмады. Осындай ізгі ниетті жанға алғысым шексіз. Жалпы, қайырымды іс жасау үшін көп нәрсенің қажеті жоқ қой.

Әр адам өзінің мәселесін өзі шешіп, біреуден көмек күтпеуі қажет екенін жақсы түсінемін. Естияр ұлыма да әрқашан ізетті, ибалы, инабатты, қайырымды болу қажет екенін айтып отырамын. Біз ұрпағымызға отбасында дұрыс тәрбие берсек, ержеткен соң олар да айналасындағыларға жанашырлық танытады. Ал мен сияқты жалғызбасты немесе көпбалалы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған “Мектепке жол” акциясы адамдарды ізгілікке, бауырмалдыққа үндеп отырғанын айтып өткім келеді.

Севгүл МӘЛІКҚЫЗЫ,

Шал ақын ауданының тұрғыны.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика