КЕНЖЕ БАЛА, ҮЛКЕН ҮЙ

...Бала кезімде әкем мен анамның “үлкен үй” туралы айтатын әңгімесі бүгінде, ойлап қарасам, тәлім-тәрбие мектебі екен. Ойын баласымын ғой, мұржасы алыстан менмұндалаған ескі үйде атам мен әжем тірлік кешіп жатқасын “үлкен үй” атайтын шығар деп ойлайтын едім. Әйтпесе, менің әкем – үйдің тұңғышы. Қарашаңырақты ғұмырларының соңына дейін көздерінің қарашығындай сақтаған атам мен әжем тоқсанға жете бере өмірден озды. Бірақ әлгі шаңырақ бүгінге дейін “үлкен үй” деп аталады. Оң жақ бүйірі сәл қисайған үйді қазіргі таңда олардың кенже баласы ұстап отыр.

Атамның бауырынан тараған бес ұл мен сонау Ресейдің Новосібірінде тұратын қыз, олардың ұрпақтары үшін “үлкен үйдің” орны бөлек. Той-томалақтарда, атаулы мерекелерде бес үйдің бала-шағасы сонда бас қосады. Емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, көптен көріспеген ағайындылар бала кездерінің куәсі болған шаңырақта боз биенің сүтіне шомылғандай рақат күй кешеді.

...Осы жазда балаларымды ертіп, Шымкент қаласына тойға бардым. Сіңлім келін болып түскен үй ата дәстүрге берік екен. Құдамыз “Бір жылдан кейін балаларды еншісін беріп, бөлек шығарамыз. Кеш үйленгені болмаса, ортаншы ұлымның жолы да, жасы да үлкен ғой. Ата-аналық парызымызды орындап, балалардың бақытына куә болғаннан асқан қуаныш бар ма?! “Үлкен үйге” кенжеміз – Ербол ие болып қалады”, – деді. Атам мен әжем жарықтықтың көздеріндей болған ауылдағы “үлкен үй” есіме сап ете түсті. Перзенттеріне ұлттық дәстүр аясында үлгі-өнеге көрсеткен оның бұл сөзіне іштей марқайып отырдым.

...Той аяқталып, Астана бағытындағы пойызға отырғанымда маған қарама қарсы орынға жайғасқан кейуананың әңгімесі көңіліме қуаныш ұялатты. Көпей ұлының қолында тұрады екен. Кенжесінің “үлкен үйді” бұзып, орнына зәулім сарай саламын деген ойына қарсы болып, ақыры орнынан қозғатпапты. Райынан қайтқан ұлы сол қарашаңырақты марқұм атасынан қалған мұрадай ерекше қадірлейтін көрінеді. Өсіп келе жатқан балаларына “үлкен үйдің” қасиетін өнеге қылып айтады.

Иә, халқымыз ежелден қарашаңырақты ерекше қастерлеп, оған отбасындағы кенже ұл ие болады деп тәрбиелеген ғой. Бұл үрдіс бүгінге дейін маңызын жоймай келеді десек, қателесетін шығармыз. Өмір өзгерді, қазақтың бірқатар ұлттық құндылықтары заманның ағысымен бірге түрленді. Жаһанданудың аранында жұтылып бара жатқан дәстүрлеріміз қаншама? Бірақ халқымыз әлі де үлкен үй, кенже ұл институтын өлтірмей, сақтап келеді. Әрине, бұл институттың әлеуеті бұрынғыдай тым әсерлі емес, әлсіреген жайы бар. Түтіні түзу ұшқан қарашаңырағына Алланың аманатындай қараған ақсақалдар азайды. Қарттардың басым көпшілігінің өзі қалаларға көшті. Соның өзінде де ата тәрбиесімен сусындап, өзінің орнын білетін кенже ұлдар аз емес. Есесіне, “үлкен үйдің” қасиетін қашырған намыссыз жігіттер де жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады.

Осы орайда Мамлютка қаласында тұратын жасы жетпістен асқан Орманбек ақсақалдың қилы тағдыры еске түседі. Жан дегендегі жалғыз ұлын М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің экономика мамандығына оқуға түсірді. Оқуын тамамдап, үйленіп, балалы болғаннан кейін әлгі ұл жалғыз әкесін, қарашаңырақты қалдырып, қалаға қайын жұртына кетіп қалды. “Ауылдық жерде мал ұстау, мал ұстағаны былай тұрсын, күнделікті суды тасып ішу, пеш жағу оңай емес қой. Әйтеуір, ел іші болған соң елбесіп-селбесіп күн кешіп жатырмын. Қолымды бір сілтеп, ұлымның жанына кетіп қалғым келеді. Кезінде кемпіріміз екеуіміз күш-қайратымызбен салған ескі үйімді қимаймын. Мен көшсем, қырық бес жыл отасқан кемпіріме деген сағынышым, ауылдастарыма деген құрметім менімен бірге кететін сияқты”, – деп күрсінді Орманбек ата.

Қазір еліміздің қай өңірін алып қарасаң да, мұндай көрініс тұнып тұр ғой. Бес емес, он ұлын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, олар құстың балапандарындай әр жаққа тарап кеткең соң құдды бір жетімдер құсап қалған қариялар жайлы да естідік. Тіпті, айтуға ұят. Сонда ата-аналар жанын жалдап, еңбек етіп, осы балаларды не үшін өсірді? Күнді түнге, түнді күнге ұластырып, табаны тастан таймаған тарланбоз тәрізді уақытпен санаспай еңбек етіп, әрбіреуін киіндіріп, тәлім-тәрбие беріп, оқытып-тоқытқан еңбегінің өтеуі осы болып па? Ілкі заманда кенже ұл ата-ананың көзінің ағы мен қарасындай өте қымбат бала болатын. Өйткені, ол осы қарашаңырақтың мұрагері және нақ иесі саналды. Сол есептен де ата-ана оған үлкен жауапкершілік артып, өзінің ақыл-кеңесін айрықша ілтипатпен беруге тырысатын. Өзге баладан гөрі кенже баланы көбірек еркелететін. Әрине, отбасының үлкен балалары да ата-анасына көмек берулері керек. Бірақ негізгі салмақ кенже баланың мойнында болды.

Қазақтың түп қазығы – ауылдар құрдымға кетіп бара жатыр дейміз. Ауылдың жаны – мектеп. Онда оқитын бала болса, елді мекендердің берекесі қашпас еді. Елде бас көтерер азаматтар ұйысып, қауымдасып еңбек етсе, тіршіліктің тынысы тарылмайтындығы ақиқат. Демек, кенже бала ғұрпы әулеттің ғана тағдыры емес, тұтас ауылдың, елдің тағдырына әсер етеді екен. Бұл күнде кенже баланы туған жердің топырағынан табан аудартқан, бір есептен, жаппай жұмыссыздықтың салқыны. Егер ауылда жұмыс болып, ай сайын тұрақты жалақысын алып отырса, кенже балалар ата-анасына қамқор болып, әлпештеп бағып, аялап күтіп, шаңырағында отырмас па еді? Кенже балалардың өсіп жетілген ұясын тастап, үдере көшуі шаңырақтың ғана емес, ауылдың да қабырғасын қаусатып отырғаны, ащы болса да, шындық. Не десек те, кезінде берекесі тасыған, мейманасы асқан “үлкен үйлердің” қараусыз қалып бара жатқаны жанға жара салмай қоймайды.

Гүлайна ӘШІРБАЕВА,

Мамлютка қазақ мектеп-интернатының мұғалімі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика