АҒАЙЫННЫҢ АҚЫЛШЫСЫ

Тыл еңбеккері, “Алтын алқа” иегері Рәзия Бейсенбаева биыл 96 жасқа толды. Кешегі күндердің тірі шежіресі – бүгінде бір әулеттің мәуелі бәйтерегі. Ғасыр жасына жақындаған әзиз ананың самайын ақ шалса да, қайраты қайтпаған.

Ол Айыртау ауданындағы Бірлестік ауылында тұрады. Ұлдарын – ұяға, қыздарын – қияға қондырған қазыналы қарттың бар арманы орындалғандай. “Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді” демекші, қарт ананың уақыт тоздыра алмаған кескін-келбеті мен тік жүрісіне қайран қаласың. Кейуананың сөзі салмақты, қимылы ширақ. Алтын құрсақты ана ағайын-туыстың ақылшысына айналған.

Жастайынан еңбекке араласып, талай қиындықты бастан кешірді. Соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, дала жұмыстарына қатысты. Майдан даласына аттанған ерлердің орнын ойсыратпай егін салды, шабындыққа шалғы сілтеді. Иә, ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек еткен ананың әр күні қауырт шаруаға толы еді. Бірақ ол үй мен түздің жұмысын бірдей атқара білді. Зейнетке шыққанға дейін ауыл шаруашылығында табысты еңбек етіп, “Красный флаг” ұжымшары, кейін “Карасев” кеңшарының “Бірлестік” бөлімшесінде бел жазбай әртүрлі қызметтер атқарды.

Өмірлік жан жолдасы Секер Бейсембайұлымен жоқшылық жылдары қосылып, шаңырақ көтерді. Осыдан екі жыл бұрын өмірден өткен отағасымен бірге 3 ұл мен 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының өмірден өз орындарын табуларына барлық жағдайды жасап, күн-түн демей еңбек еткен кездері жүрек түкпірінде сайрап жатыр. Бүгінде сол бейнеттің тәтті жемісін көріп отыр.

– Еліміздің тәуелсіздік алғанын көріп, бейбіт заманда өмір сүріп жүргеніміздің өзі бір бақыт. Біз көрген қиыншылықты жастарға бермесін. Аузымыз асқа жарымаған уақытта бір уыс бидайды азық еткен күндеріміз әлі есімде. Ұжымшардың жұмысын істеп, апталап үйге келмейтінбіз. Бүгіндері балаларыма тәуелсіздіктің, бейбіт күннің әр таңын қадірлеу қажеттігін айтудан жалықпаймын. Құдайға шүкір, бүгінде бала-шағамның қызығын көрудемін. Қайда жүрсем де еліміздің амандығын, тыныш тірліктің ұзағынан болуын тілеймін, – дейді Рәзия Уәлиқызы.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау заманында да бұл отбасы уақытша қиындықтарға мойымады. Керісінше, қандай шаруа болса да білек сыбана кірісті. Шаңырақтың шаттығы, әулеттің ақылшысы болып отырған әжей балаларын бір-бірінен бөле-жарған емес, барлығын тең көреді. Ахмат, Болат пен Марат есімді ұлдары ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейді. Өмірден көргені көп аяулы ана қыздары мен келіндеріне де ақыл айтудан жалыққан емес. Оның үлгі-өнегесін көрген әулеттің келіндері де сабырлы, салиқалы. Бүгіндері асыл ана немере келіні Меруерттің қолында.

Келіндерін қызындай көретін ана өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін беруден бір шаршамайды. Айрандай ұйып отырған отбасы мүшелерінің бір-біріне сыйластығы мен сүйіспеншілігіне тамсанасың. Бүгінде 6 перзентінен 28 немере, 30 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отыр. Үлкен әулеттің, тұтас ауылдың беткеұстар анасы ұрпағымен мақтанады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика