ҚАЛЖАСЫЗ БАЛА - ҚАЛЖЫР

Салт-дәстүрді ұстанбайтын қазақ жоқ. Үйлену той, қыз ұзату, келін түсіру, тұсаукесу, шілдехана, бесік той, сүндет той сияқты дәстүрлеріміз жетіп артылады. Отбасы, тұрмыс дәстүрлеріне кіндік кесер, қалжа, ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару, иткөйлек, бауырына салу сияқты әдет-ғұрыптар жатады.

Халқымызда “қалжа жегізу”, “қалжа беру”, “қалжа той” деген ұғым бар. Жас босанған анаға неге қалжа жегізген, оның мәні қандай? Қазақтың батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова өзінің бір жазбасында “Қазақтың өте бір қасиетті ырымы – келінге қалжа жегізу. Бұрынырақта кедейдің кедейі әйеліне қалжа жегізген. Тіпті, бұған өзінің шамасы келмеген күнде ауқатты адамдар қалжасын әкеліп берген. Өйткені, қалжа әкеп беру де сауабы үлкен іс болып саналған. Қалжаның күнделікті желінетін еттен айырмашылығы – ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы. Әрі құрметті ас саналады”, – депті. Яғни, дүниеге перзент әкелген ана мен өмір есігін ашқан сәбидің құрметіне арнайы мал сойылады. Күнде сорпа ішіп, ет жеу арқылы жас келін өзінің жоғалтқан күш-қуатын қалжа арқылы қалпына келтіреді. Сондықтан баланың тез ет алып өсуіне, ананың босанғаннан кейінгі күтіміне қалжаның тигізер пайдасы көп.

Өкінішке қарай, бұл дәстүр қазір жаңа кейіпке енуде. Заман ағымына сай өмір сүрген дұрыс. Бірақ салт-дәстүрді бұрмалауға жол беруге болмайды. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған дәстүрді сақтау – асыл парыз.

Мен де келін атанып, ана болдым. Тұңғышым Азамат туғанда марқұм енем қазан көтеріп, қалжа берді. Баланың мойны тез қатайсын деген ырыммен қойдың мойын омыртқасын маған жегізді. Қалжа той тек ас ішіп, аяқ босату емес. Көпті көрген аналар ақыл-кеңесімен бөлісіп, ақжаулықты әжелер өсиет айтты.

Енемнің замандастары бертінге дейін сол қалжа тойды еске алып отырушы еді. Енді өзіміз де қартайып, ақжаулықты әже атандық. Ұлдарым үйленіп, келіндерім босанғанда мен де үлкендерден көргенімді істеуге тырыстым. Өзімнің келіндеріме де отбасында ұлттық құндылықтарды берік ұстану керек екенін айтып отырамын.

Бірақ қазір кейбір енелер осы қалжаның мәнін, маңызын түсінбейтін сияқты. Өйткені, қалжа жемеген әйелдiң баласы ынжық, болбыр, икемсiз болып өседi.

Қалжа беремін деп көп кісі шақырып, ұлан-асыр той жасау міндет емес. Қой сойылып, қазан көтерілсе, бастысы, келінге тиесілі қалжасы берілсе болды. Бұл да ұлттық құндылықтарды ұлықтап, отбасындағы сыйластықты сақтаудың бір жолы.

Жібек ҚҰРМАНҚЫЗЫ, зейнеткер. 

Айыртау ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика