БӨРІКТІГЕ ЖАРАСА МА БҰЛ ҚЫЛЫҚ?

– Құтты болсын!

– Кішкентайдың бауы берік болсын!

–Дүниеге келген сәби ғұмырлы болсын! – деп Анар құрбымыз бен Асан досымыздың шаңырағына кіре сала ақжарма тілегімізді жаудырып жатырмыз. Шынымен де, жанға жан қосылып жатса ата-ана үшін бұдан артық қуаныш бар ма?! Сондықтан Анардың перзентханадан шығуын біз де тағатсыздана күттік. Олардың қуанышына ортақтасу үшін бүгін, міне, асыға жеттік.

 

Емен-жарқын әңгіме арасында келіншектер Анарға жұмысқа асықпай, міндетті үш жылды сәбидің күтіміне арна деп ақылымызды айтып жатырмыз. “Декреттік демалысқа мен емес, Асан шықты ғой. Бұйырса, баламен әкесі отырады”. Анардың мына сөзіне алғашында тосылып қалдық. “Естімеген елде көп, ер адамға жарасымсыз екен”, – деп манадан бері біздің әңгімемізді үн-түнсіз тыңдап отырған Самат сөзге араласты. Құрбымыз да сасатын емес: “Бұған таңғалатын түк те жоқ, отбасында кімнің жалақысы аз, сол бала күтімін мойнына алады”, – деп әңгіменің нүктесін қойды.

Бұған дейін бала тәрбиесі, оның күтімі, басқа да үй шаруасы әйелдің бұлжымас міндетіне айналып келсе, бүгінгі күні “Ер-азамат – отбасының асыраушысы, оның үйде отырғанына көрші-қолаң, туған-туыс не дейді?” – деп сөзге қалудан ұялатындар саны азайған.

Иә, алғашқы жылдары атпалдай азаматтың әйел адамның міндетін мойнына алғанына таңырқай қарағандар аз болмады. Ал жылдан-жылға бұл жайтқа да бойымыз үйреніп барады. Өйткені, соңғы уақытта бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шыққан ер-азаматтар саны әлдеқайда арта түскен. “Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры” АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының деректеріне сүйенер болсақ, 2016 жылы 55 еркек бала күтіміне орай демалысқа өтініш жазса, 2017 жылы олардың саны екі еседен асып, яғни 126-ға жеткен. Ал биылғы тоғыз айдың ішінде 495 азамат декретке шығып, үй шаруасы мен бала күтімін өз мойнына алған. Ал еліміз бойынша 2016 жылы – 5326, 2017 жылы 23054 әке бала күтіміне байланысты жәрдемақы рәсімдепті.

Жас сәби дүниеге келгенде екі түрлі демалыс беріледі. Біріншісі – анасына, екіншісі – ата-ананың біріне берілетін декреттік демалыс. Жұмыс істейтін әйелдер 126 күн (босанғанға дейін 70 күнтізбелік күн және туғаннан кейін 56 күнтізбелік күн) демалады. Ал екіншісі – бала 3 жасқа толғанға дейін күтуге арналған демалыс. Бұл демалысты баланың анасы да, әкесі де ала алады. Еңбекақысы сақталмайды, бірақ бала бір жасқа келгенше жәрдемақы төленеді.

“Декреттік демалысты құп көретін ер-азаматтардың дені – әскери қызметшілер”, – дейді әлеуметтік сақтандыру қорының мамандары. Қазіргі таңда өмірлері кредитке байланған жас отбасылар аз емес. Сондықтан да олар өздерінің материалдық жағдайын жақсарту үшін де осындай қадамға баратын көрінеді. Ер-азаматтың жалақысы әйелінен әлдеқайда жоғары болса, онда міндетті әлеуметтік төлемді де көп алмақ.

Сондай-ақ, ер-азаматтардың декретке шығуына әйелінің жалақасының өзінікінен әлдеқайда көп болуы да себеп болып жатады екен. Мысалы, құрбым Анар беделді компанияда есепші болып қызмет атқарады. Оның табысы – 400 мың, ал жұбайы Асан мемлекеттік қызметші. Еңбекақысы – 170 мың теңге. Сондықтан олар отбасына ауыртпалық түсірмес үшін осындай шешім қабылдаған.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының мамандары екі жеп, биге шыққысы келетіндер де бар екенін жасырмайды. Ер-азамат декреттік демалыс алғаннан кейін бала күтімімен үйінде отыруға міндетті. Егер қадағалаушы органға оның жұмысын жалғастырып жатқаны мәлім болса, әлеуметтік сақтандыру қорынан алған төлемдерін мемлекет қайтарып алады. Арагідік мұндай фактілер де кездесіп жатады екен.

Солтүстік Қазақстан облыстық “Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры” АҚ филиалының мамандары биыл айласын асырғысы келген Петропавл қаласының К. есімді тұрғынының әрекетін әшкереледі. Декреттік төлемдерді қалтасына басқаннан кейін бұл пысықай қызметіне қайта оралыпты. “Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы” Заң талаптарын бұзғаны үшін оның бала күтіміне орай алатын жәрдемақысы тоқтатылды және декреттік төлемдерді мемлекетке қайтаруға мәжбүр болды.

Бала күтімімен отырған ер-азаматтар жаңа туған сәбиге анасындай қарап, мейірімін бере ала ма деген сауалға жауап іздеп көрген едік. Петропавл қалалық 3 емхананың педиаторы Ләззат Қажымұқанқызы әке ананың орнын алмастыра алмайтынына сенімді. “Жаңа туған сәбиге ерекше қамқорлық керек. Баланың дені сау болып өсуі үшін нәрестемен таза ауада қыдыру, тамақтандыру, ұйықтату секілді күтімінен бөлек, ананың жылы сөзі, мейірімі қажет”, – дейді балалар дәрігері.

Шетелде әкенің декретке шығуы – қалыпты жағдай. Мәселен, Ұлыбритания, Қытай, Бельгия, Финляндия, Австрия, Франция елдерінде кішкентайлы болған шаңырақ иелеріне демалыс беріледі. Ал Швецияда баланың әкесіне кемінде бір ай декреттік демалыс алу міндеттеледі. Финляндияда ер-азаматтардың 66 пайызы бала күтімі үшін уақытша жұмыстан босатылады. Испанияда да бала бағуға демалыс қарастырылған.

Әрине, әр ұлттың таным-түсінігі, өмір дағдысы басқаша. Сондықтан басқаларға не істесе де жарасады. Ал ереуіл атқа ер салмай, ел қорғаған батыр халықтың ұрпағына әйелін жұмысқа жіберіп, өзі жаялық жуып отыру жараса ма?! Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

 

Ермек Шалабаева,

ардагер ұстаз:

– Біз ежелден ер адамның қабағын бағып, құрметтеп үйренген халықпыз ғой. Бірақ тәуелсіздіктің елең-алаң шағында бөріктілер жұмыссыз қалып, отбасын асырауға дәрмені жетпей, абдырап қалды. Сол тұста әйелдеріміз жігіттердің алдына шығып кетті. Міне, содан бері әлі де көп азаматтар отбасында абырой-беделге ие бола алмай жүр. Сонымен қатар бүгінгі қоғамда жалғызбасты ананың тәрбиесін көрген жігіттер көп. Әйел адамның қамқорлығында өскен әлжуаз еркектер үйленіп, үй болған тұста да келіншегіне иек артып алады. Меніңше, декреттік демалысқа көп жағдайда осындай азаматтар шығады.

 

Арман Асқарұлы,

жұмысшы:

– Менің келіншегім екінші сәбиімізбен декреттік демалыста отыр. Ол – біздің өңіріміздегі беделді оқу орнының мұғалімі. Жалақысы да менің табысымнан әлдеқайда мол. Бірақ бала күтіміне байланысты демалыс алу мәселесі талқыға түскен жоқ. Мен жарыма тірек, балаларыма пана болуым керек. Ал егер жаялық жуып, тамақ әзірлеп, бала күтіп үйде отырсам, менің отбасымның, ағайын-туыстың, дос-жаранның алдында қандай беделім қалады. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді әдетке айналдырған босбелбеулер ғана осындай қадамға барады.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика